Смекни!
smekni.com

Роль семьи в обществе 3 (стр. 3 из 4)

Ал менің қосарым: Қайыр ата мен Мерует ананы талай көріп, әңгімелерін тыңдағаным еді. Кешегі бес жылға созылған соғыс менің тұрғыластарымды тым ерте есейтті. Қиыншылық адамды қаталдығымен тәрбиелейді. Қазіргі Киров селолық округінің орталығы Дәшін (Дархан) ауылында «Жаңа талап» деген колхоз болды. 1944-1947 жылдарда Хиуаздың анасы Мерует Доспанова осы шаруашылықта партия ұйымының хатшысы болды. Бастауыш мектепте оқысақ та, ол кісінің талай әңгімелерін тыңдадық, қолында бүктеулі қағазы болды, арасынан «Правда» газетін алып, қызының майданда жасаған ерлігі жайлы жазылған мақаланы оқиды, «соңғы кезде Хиуаздан хабар болмай кетті» деп біздің анамызға көңіл босатып отыратынын да көрдік. Әттең, сол газеттерді жинап алу ойымызға келмегені қандай өкінішті дерсіз. Қазақтың қыран қызының ұшқыш киімімен түскен суреті, немістің өртеніп жатқан самолетінің суреті басылған еді аталған газетте. Енді алпыс бес жыл өткенде ол газеттерді қайдан табармыз. Мерует ана 1949 жылы «Хиуаз шақыртып жатыр» деп Алматыға кетіп қалды.

Енді Доспан баласы Қайыр ата жөнінде білетінімізді қосайық. Ол кісі 1884 жылы Бөкей Ордасының Екінші Примор округінде (қазіргі Құрманғазы ауданы) Сельнай деген аралда туған. 1952 жылы Ганюшкинде қайтыс болып, осындағы Красиловка қорымына жерленген. Екінші анамыз Әсима әже әлі ортамызда бар, сол Красиловка ауылында балаларымен бірге тұрады. Бұл кісіден туған Қобыланды, Тарғын Қайырұлдары да енді алпыс жасты алқымдаған азаматтар.

Қайыр Доспанов белгілі қоғам қайраткері деңгейінде қызмет жасаған адам екенін құжаттар дәлелдеп отыр. Кезінде Ганюшкинде Нұғыман Манаевпен жұмыстас болғанын атадық. Ақыры ол кісінің қозғауымен Қайыр Доспанов 1925 жылы Орал облысының құқық қорғау органдарына қызметке кетіп, содан еліміздің әр өңірінде түрлі-түрлі жауапты қызметтерде болып, 1949 жылы туған жерге оралды. Бұл кезде ол кісі 65 жаста болатын. Ұлы Отан соғысына да жасы ұлғайды деп алмаған еді. Қайрекеңді елге келген соң қарап отырғызбай аудандағы Телячье ауылдық кеңесіне төрағалыққа жібереді. Соғыстан кейінгі жағдай білікті, тәжірибелі кадрлардың өте тапшы кезі. Шашылып қалған шаруашылықтарды қайтадан қалпына келтіру керек. Сондықтан денсаулығының ойдағыдай еместігіне, жасының ұлғайғанына қарамастан Қайыр Доспановты «Жаңа талап» колхозына төраға етті. Дәшін ауылы – осы мақала авторының да туып-өскен жері. Әкеміз сонда мал шаруашылығында ұзақ жыл жұмыс жасады. Қайыр ақсақал колхозға келгенімен, үйін көшіріп әкелмеді. Жирен төбел жорға атымен шаруашылық аралайды, арасында түскі шайға әкемізбен бірге біздің үйге келеді. Менің естияр болып қалған кезім. Жазғы каникулда пішеншілерге қосыламын, атқа мініп, шөмелей тасыдық, бір жылы аткосылкамен пішен де шаптым. Қайрекең марқұмның талай әңгімесін тыңдадық. Олардың барлығы бір мақалаға сыймайды. Мен Хиуаз апа жайында «Жауына жасын ойнатқан» деген кітап жазу ойындамын. Мүмкін сонда бәрін де кеңірек баяндауға болар. 1952 жылы мен Ганюшкиндегі Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірдім. Сол жылы мамыр айында марқұм Қайыр Доспанұлы дүние салды. Ол кісіні сол Красиловка қорымына жерлегенде «бір уыс топырақ салған» баланың бірі едім.