Смекни!
smekni.com

Государственные внебюджетные фонды Казахстана (стр. 2 из 14)

Балабақша, мектеп сахнасына арналған Ә. Табылдиев, А. Меңжановалардың «Әр қашан күн сөнбесін» (1977), «Әдеби музыкалық кеш ұйымдастыру тәжірибесінен» (1967) атты еңбектерінде балаларға табиғат құбылыстары, өсімдік - жануарларға арналған өлең - тақпақ , жұмбақтар берілген.

Жас бала өмірінің образы табиғат аясында (серуен, саяхат, еңбек негізінде) өтеді. Бала табиғатпен еріксіз тілдесіп, оның сырларын ұғынады. Ол бала үшін зор таным, дүниетанудың тұңғыш баспалдағы деп қарайды тәлімгер. Баланың тілін ұстартып, ақыл-ойын, адамгершілік талғамын дамытуда әсіресе жұмбақтарды пайдаланудың мәні ерекше. Жұмбақ - ой гимнастикасы дейді педагог.

Шакура Майғаранованың «Алты жастағы оқушыларды ұзартылған күн тобында тәрбиелеу методикасы» (1988 ж.) кітабында тәрбиешілер мен ата-аналарға кеңестер, балаларды табиғатпен таныстыру жоспарлары, ойын, еңбек, әңгіме үлгілері берілген. Мысалы «Тиын мен кірпі», «Кемпірқосақ», «Жауын», «Араның ұясы», т. б. Тіл дамыту, еңбек, ән, бейнелеу өнері сабақтары ашық аспан аясында, табиғатпен таныстыру сабағымен тығыз байланыста болуы керек. Алты жастағы баланы табиғат сырымен (жұпар иісі аңқыған гүл, жасыл желек жамылған ағаш, қалықтап ұшкан құс) таныстыру арқылы олардың бойында туған жерінің табиғатына деген сүйіспеншілік сезімін оятады. Табиғаттың сан алуан сырларын түсіндіру арқылы бала сұлулықты көріп-біліп оған қуанады, адамгершілік, мейірбандылық сезімдері қалыпасады. Сондықтан да табиғат құбылыстарына бақылауды жүйелі түрде серуен, саяхат, сабақ кезінде жиі ұйымдастырып тұру қажет.

1964 жылы Ресей бағдарламасының негізінде, республика көлемінде тұңғыш рет балабақша бағдарламасы қазақ тілінде жарық көрді, бағдарлама қосымша өзгерістер мен жаңалықтар да енгізілді. Мысалы: «Балаларды айналамен және табиғатпен таныстыру» бөлімінде жергілікті табиғат ерекшелігіне сай, республика көлемінде өсетін өімдіктер мен мекендейтін жануарлар, жыл мезгілдерінің ауысуына байланысты адамдар еңбегі мен өмір тіршілігінің өзгеріп отыруының енгізілгенін баяндайды.

Халық педагогика ғылымының мәселелерімен шұғылданушы педагогика ғылымының докторы, ғалым Серғазы Қалиевтың халық дәстүрлерін оқу-тәрбие ісінде қолдануға арналған ғылыми мәні зор еңбектері бар. Ғалым табиғатты қорғаудағы біздің ата-бабаларымыздың бай тәжірибесі мен ой-сезімі жайында түсінік береді. Ертеден - ақ, сауатсыз кездің өзінде қазақ халқы табиғатты аялай білген. Қазақ халқының табиғатқа сүйіспеншілігін, олардың аңыз-ертегілерінен, мақал-мәтелден, ою - өрнектерінен байқауға болады. Мысалы, түс киіз бен сырмаққа, текеметке түсірілген өрнектер даланың хош иісті гүл бәйшешегін, бұлақ суларын, тау жоталарын немесе арқар мүйізді, құс тұмсығын, қарлығаштың қанатын елестетуі тегіннен тегін емес. Сондай - ақ халық емшілері жануарлардың емдік қасиеттерін байқап тәжірибеде кеңінен қолданған. Мысалы, күйкентайдың ұясын, борсықтың терісі мен майын өкпе ауруларына, иттің жүнін құлақ ауруларына немесе жылан, құрбақамен қорқытып, шошытып емдеу, т. б. Халық арасынада хайуанаттар мен жәндіктерді сақтау жөнінде ежелден қалыптасқан әртүрлі ырымдар бар. Ата-бабаларымыз қарлығаштың ұясын бұзсаң үйің өртенеді, құмырсқаның илеуін бассаң аяғың сынады, аққуды, тырнаны атуға болмайды, шөпті жұлма, көктей соласың деген сияқты әртүрлі тыйым-ырымдарын баланы табиғатты қорғау мақсатында пайдаланған. Табиғатта басы артық нәрсе жоқ. Бір жәндікті құрту басқа бірнеше жәндіктің тіршілігіне хауіп төндіруі сол арқылы адам баласының күн көрісіне нұқсан келтіру деген сөз. Адамның қиялына қанат бітірген тек табиғат қана.Ұрпаққа экологиялық білім берудің негізгі тәрбие орны — мектеп. Онда жас ұрпақ өзін қоршаған табиғаттың сыр - сипатын оқып, біліп қана қоймай, табиғатты қорғау жолына үйрететін экологиялык тәлім - тәрбие де алуы керек.Туған жерінің табиғатына деген сүйіспеншілік сезімін ерте ояту үшін құрғақ насихаттан гөрі табиғат байлығы жайында мақал-мәтел, өлең - жырлар жаттау айналаны көгалдандыру, құстарға ұя жасау, алтын күз, құстар күні деген сияқты балалармен әңгіме өткізу, саяхатқа, серуенге шығарып тұруды ұсынады.

Сондай-ақ ғалым «Қазақ тәлім-тәрбиесі» атты еңбегінде табиғатқа сыр мен сымбат тәрбиесі ретінде қарайды. Мәселен, « Бала тілі шыға бастаған кезден-ақ өзін қоршаған ортаның ішкі сырларын отбасының үлкендерінен сұрап-білгісі келеді. Айталық балаға қыс пен жаздың, қар мен жаңбырдың т. б. табиғат құбылыстарының пайда болуы жұмбақ. Осыны үлкендерден сұрап-білгісі келген бала: «Күн қайдан пайда болады?», «Жаңбыр мен қар неге жауады?» деген сияқты толып жатқан сұрақтар қояды. Табиғат сырын ғылыми тұрғыда ұрпақтарға өресі жетпеген ата-аналар «Оны құдай жаратты» немесе «Ол саған неге керек. Жоқтан өзгені сұрайсың» — деп жазғырады. Білмегенді білуге деген құмарлық болса бойына туа біткен қасиет. Осы қасиетті жетілдіріп, жетектеп пісіріп отыру үлкендердің парызы — дейді.

С. Қалиев пен Б. Баймұратованың мектеп жасына дейінгі балалар үшін құрастырған «Өзіміз оқып үйренеміз» (1991 ж.) кітабында балаларға жыл мезгілдері, өсімдіктер мен жануарлар жайында жұмбақ, өлең-тақпақтар, әңгімелер берілген.

Табиғат адам баласының өмір сүріп, тіршілік ететін ортасы ғана емес, көркемдік сұлулықтың әлемі, молшылық, байлык көзі, таным негізі. Табиғаттың сан алуан жұмбақ сырларын адам баласы әлі де зерттеп біткен емес. Сонау Әл-Фараби өмір сүрген X ғасырдан бастап бүгінге дейін қаншама жүздеген жылдар өтті. Ғылымның, техниканың дамығандығы соншалық қоғамға әр түрлі жаңалықтар мен өзгерістер еніп жатыр, оның бәрінің бұлағы табиғат болып отыр. [1. 50]

Табиғатты қорғау және оның сан алуан баға жетпес байлықтарын дұрыс пайдалану адамзат алдындағы тұрған өзекті мәселе.

Экологиялық тәрбиенің негізін балабақшадан бастаудың өзі олардың қоршаған ортаны танып – түсінуге негіз жасайды. Табиғатты қорғау адам өмірінің қажеттілігі үшін ғана емес, жеріміздегі тіршіліктің жалғаса беруі үшін де қажет екенін түсіндіру шарт. Белгілі ғалым – педагогтар Н. В. Скалон, Ф. А. Веретникова, Б. Г. Иоганзен, тағы басқалар табиғат қорғаудың балалар үшін қажетті шарттарын атап өтіп, оларды отаншылдық, эстетикалық , адамгершілік тәрбие негіздеріне жатқызады. Балабақшаның тәрбиелік жоспарында табиғатты аялап, оны қамқорлыққа алып, күту жеке дара анықталып көрсетілген, еліміздің барлық балабақша осы бағдарламаның негізінде жұмыс істейді. Оның мынандай екі мақсаты бар:

а) балаларды туған табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, оның әсемдігін терең сезінуге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қамқорлыққа алуға тәрбиелеу;

б) балабақшада табиғат жөнінде қарапайым білім беріп, осының негізінде тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде нақты жалпылама түсініктерді қалыптастыру.

Балабақшадағы табиғат қорғау жұмысын кең жолға қоюды Морковскаяның «Балабақшадағы табиғат бұрышы», Веретникованың «Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру» еңбектерінде, балалар барлық уақытта табиғатпен қандай да болсын белгілі бір қарым – қатынаста болады, жасыл орман, әдемі гүлдер, аң – құстар, жапалақтап жауған қар осының бәрі балалардың көңілін аударып қуантады, осылайша табиғатқа, өз Отанына деген сүйіспеншілігі пайда болады. Балаларды табиғатпен таныстырубарысында адамгершілік, еңбек, деен және эстетикалық тәрбие беруді жүзеге асыру қажет. Бұл күндері Қазақстанда білім беру саласы мен Қазақ табиғат қорғау қоғамы жасаған бірқатар әдістемелік құралдардың негізінде табиғатты қорғауды насихаттау белгілі жүйеге келтірілді. «Қазақстан» баспасынан шыққан С. Ысқақовтың «Табиғат және адам», С. Қаженбаев пен С. Мажмухатовтың авторлығымен шыққан «Табиғат қорғау кітабы», «Қайнар» баспасынан профессор Е. Мәмбетқазиев пен Қ. Сыбанбековтың бірлесіп шығарған «Табиғат қорғау» кітабы құнды еңбек болып отыр.

Абай 38-қара сөзінде табиғат байлықтарының өзара бір-бірімен байланысын өте шебер бере білген және табиғатқа рақымшылықпен қарауды, табиғат туындыларына қиянат жасауға болмайтындығын ескерте келіп, "қиянатшыл адам – мұсылман емес" дейді.