Тәрбиеші баланың сұлулықты қабылдауынан бастап, оған эмоциялық жауап қату, оны түсіну, эстетикалық ұғым, эстетикалық пікір, эстетикалық баға беру қасиетін қалыптастыруға дейін жетелеп отыруы тиіс.
Мектеп жасына дейінгі балаларға тән ерекшелік- бұл шындықты соншалықты пәк, тікелей бейнелейтіндігінде, ғаламат шынайылығында, бейнелейтін заттың шындығына сенетіндігінде. Балалардың ойын әрекетінде қоршаған ортадан алған әсерін бейнелі түрде жеткізе білуіне тәрбиеші үнемі көмектесіп отыруы керек.
Сюжетті- рөлді ойындарға тақырыпты, мазмұнды таңдап алуда және белгілеуде ниет қана емес, шығармашылық ізденіс қажет.
Мектепке дейінгі балаларда шығармашылық нышандары байқала бастайды, ол ой құрау және оны жүзеге асыру қабілетінің дамуынан, өз білімін, ұғымын құрастыра білуінен өзінің ойын, сезімін, тебіренісін шынайы жеткізуінен көрінеді. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін оларға үнемі ақыл- кеңес беріп, дұрыс тәрбие үлгісін көрсеткен жөн. Тәрбие барысында олар өз ойларын сөз, ән, сурет, би, драматизация арқылы бейнелеп жеткізу тәсілдерін меңгереді. Тәрбие баланы әсемдікке баулиды, жағымды эмоция туғызады, қабілеттерін дамытады. Балалардың қабілетін дамытуда, педагогтың жеке басы, мәдениеті, білімі, өз ісін жете меңгеруі үлкен рөл атқарады.
Эстетикалық талғам балалардың өнерде, өмірде, тұрмыста шынайы әсемдіктен қанағат, рухани азық алуынан көрінеді.
Эстетикалық талғам — кең ұғым: ол өнердің терең мағынасын, тамаша шығармаларды түсінуді, одан ләззат алуы ғана емес, табиғаттың, еңбектің, тұрмыстың, киімнің сұлулығын түсінуді қамтиды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда үйрету үлкен рөл атқарады. Олар оқу үстінде балалар әдебиеті, музыкалық , сурет өнерінің классикалық шығармаларымен толық игеруді үйренеді.
Балалардың бойында эстетикалык талғамның негіздерін қалай отырып, біз оларды қоршаған ортаның әсемдігін көруге және сезінуге, оны аялауға баулимыз. Гүлдердің қауыз жарғанын көргенде оның жұртқа қуаныш сыйлауы үшін оны мәпелеп күту керек. Балалардың да көркемдік қабілеттерін, эстетикалық сезімдері мен ұғымдарын, әсемдікті бағалай білуін дамыта отырып, педагог рухани байлығы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеудің негіздерін қалай береді. [6. 29]
Сәндік-қолданбалы өнер саласындағы белгілі маман-ғалым А. Б. Салтыков: «Көркемдік талғам дегеніміз— әсемдікті ажыратар нағыз сұлулықты жалған сұлулықтан ажырата білу қабілеті»- деп тұжырымдайды.
Адамның эстетикалық сана-сезімінің дамуына әсер ететін, тәрбиелейтін құралдар аз емес, соның ішінде өнердің алатын орны ерекше. Өнер айналадағы болмысты көркем бейнелер арқылы қайта жаңғырта отырып, адамның танымдық сезіміне әсер етеді, жамандықтан жиреніп, әсемдікке еліктеуіне септігін тигізеді. Қызықты өмір болмысын, қайырымды да парасатты адам бейнесін өнер өзіне тән құралдар мен тәсілдер арқылы айшықты бейнелеп береді. Мұның бәрі айналып келгенде жеке адамды сұлулыққа, мәдениеттілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Қазіргі кезде киноның, теледидар мен радионың, өнер саласындағы әдебиеттер мен журналдардың арқасында әлемдік, Отандық өнер мен мәдениет жаңалықтары, жаңа бағыттар мен ағымдар туралы мағлұматтар халық бұқарасының арасына тез таралуына, ықпалына қарамастан, әрбір халықтың ұлттық ерекшелігімен біте қайнасқан әсемдік туралы өзіндік түсінігі, танымы әрқашан сақталып отырады.
Балалардың әсерлі эстетикалык ой-өрісін, көркемдік талғамын дамытуға зор ықпал жасайтын түрлі көркем шығармашылық іс-әрекеттердің дағдылар мен қабілеттіліктер мүмкіндіктерін ашып көрсеткен педагогикалық тәжірибелерге сүйене отырып, республика ғалымдары да эстетикалық тәрбие мәселесінің жалпы жағдайын анықтау, ғылыми әдістемелік негіздегі жүйесін жасауда елеулі жұмыстар атқарды (М. Балтабаев, С. Ұзақбаева, С. Қалиев, Н. Хмель, Е. Асылханов, В. Әлмұханбетов, Ә. Қамақов т. б.). Бірақ та бұл мәселенің аясында әлі де шешімін күтіп тұрған педагогикалық, психологиялық өзекті мәселелер мен міндеттер жеткілікті.
Қолда бар педагогикалық тұжырымдар мен іс-тәжірибелердің мазмұнын сын тұрғысынан талдай отырып, жас жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру міндеттерінің жүзеге асуы эстетикалық мағлұматтардың жиынтығын игертумен шектеліп, балалардың әсемдікті тану қабілеттіліктерін қалыптастыру көп жағдайда біржақты (ән айту, өлең үлгілерін жаттау, ою-өрнектер салу, т. б.) іс-әрекеттерге бейімделіп қана құрылғандығын көреміз. Сондықтан балалардың әр жас шағында игеруге тиіс көркемдік білім негіздерінің мазмұнын және оның көркемдік іс-әрекеттермен жүйелі бірлігін айқындау педагогикалық өзекті мәселелердің бірі. Атап айтқанда, қазіргі кезде жас-жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру жүйесінің мақсат-міндеттерін жүзеге асыратын арнайы пән не? Әлде ол балалармен жүргізілетін түрлі бағыттағы тәрбие жұмыстарының мазмұнын эстетикалық мәнге ие етуде пайдаланатын жалпы тәрбиенің бір бөлшегі ме? Немесе, көркемдік білім негіздерін «сұлулық заңдылығына» сәйкес игертуге бағытталған пәннің мазмұны қандай болуы керек? Әлде бұл құбылыс балалардың ойын, өзара қатынас, еңбек сиякты жетекші іс-әрекеттерінің аясында көмекші рөл атқара ма? — деген сұрақтарға жауап іздеу, нақты тәжірибелерге сүйеніп айқындау міндеттері тұр.
Бұл міндеттерді шешу төмендегідей мәселелерді:
1.Көркемдік талғамды қалыптастырудың басты құралы көркемдік білім беру жүйесінің өзіне тән мазмұнын, мақсаттары мен нақтылы міндеттерін саралауды;
2.Мектепке дейінгі жастағы көркемдік іс-әрекеттер барысында игеруге тиісті білім мен дағдылар көлемін белгілеуді;
3.Көркемдік іс- әрекеттер арқылы балалардың шығармашылык ой-өрісін дамытудың педагогикалық және психологиялық негіздерін айқындап алуды талап етеді.
Көркем өнер — көркемдік талғамды қалыптастырудың өзекті құралы ретінде баланы өз халқының эстетикалық мұраларын игеруіне, халық өнерінің айшықты туындыларынан ләззат алуға, рухани дамуына және халық талантын қастерлеуге, сүйе білуге баулиды. Көркемдік тәрбиенің басты құралдары — бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, музыка, көркем әдебиет, балалардың айналадағы табиғаттан, адамдар тірлігінің қызықты оқиғаларынан, ойын-сауық мерекелерінен, т. б. алған эстетикалық әсерлерінің шығармашылық іс-әрекеттері барысында терең бекуіне, олардың әсемдікті өз қолымен жасауға талпынысы нәтижесінде сапалы талғамның қалыптасуына мүмкіндік жасалады. Туғал ел табиғатының сұлулығы және табиғат құбылыстарының ерекше әсері де көркемдік талғамды қалыптастырудың басты құралы. Орман, су, жер, жазық дала, тау-тас, бау-бақша, жыл мезгілдернің ауысу құбылысы, құстардың үні, жануарлар дүниесінің қызығы, өсімдіктер әлемі бала сезімінде, түйсігінде әсерлі айшықталып, оны бұл құбылыстардың сиқырлы сырын білуге ынтықтырады. Балаларды көркемдікті игеруі мен оны өз қолымен жасауға бағытталған іс-әрекеттерінің аясында бейнелеу және сәндік қолданбалы өнердің мәнерлілігі, көрнекілігі әрі танымдық әсерінің күштілігі балалардың шығармашылық белсенділігіне, сол арқылы олардың талғам өрісінің дамуына зор ықпал жасайды.
Балалар өмір құбылыстарын сурет салу, сазбалшықтан немесе пластилиннен мүсіндеу, қиып жапсыру, табиғат материалдарын көркем өңдеу т. б. жұмыстар кезінде тереңірек танып, білуге мүмкіндік алады. Балабақшаның ересектер тобындағы балалары қоршаған ортадағы түрлі заттар мен құбылыстарды көркем бейнелеу тәсілін меңгеруге, заттың көлемі мен пішінін бояулар мен түстер арқылы бейнелей білуге жаттыға отырып, ол дағдыларды өз қиялымен сюжетті сурет композициясын құруда, көркем образ жасауда пайдаланады. Түрлі материалдардан (қағаз, картон, мата, пластилин, т. б.) әшекейлеудік тәсілдеріне машықтанады, бұйымдар үлгісін жасаудың жолдары мен оларды сәндеп әшекейлеудің амалын үйренеді. Ал, мүсіндеу арқылы заттардың, адамдардың, құстардың, хайуанаттардың пішінін бейнелеу тәсіліне машықтанады. Қолданатын сазбалшық немесе пластилин арқылы сомдайтын бейненің сыртқы кескінін, олардың қимыл-қозғалыс пластикасының ерекшеліктерін, күнделікті көргендерін еске түсіре отырып мүсіндей білуге, мүсіндеу барысында тұлғалардың дене құрылысы, бөлшектердің өзара жарасымды байланысы туралы алғашқы түсініктерді игеруге мүмкіндік алады.