Сәндік-қолданбалы өнер саласындағы көркемдік жұмыстар, балалардың түрлі-түсті қағаздардан арнайы сюжетті құрастыруға қажетті элементтерін, ұлттық ою-өрнектердің қарапайым үлгілерін қию арқылы тұлға силуэтінің (сұлба) сұлулығы, ал оюлардың жазықтық бетінде желімдеп жапсыру кезінде жеке элементтердің өзара жарасымдылығын, оюлардың өрнек композициясындағы ырғақтылығын, фон мен өрнек бояуларының түстік үйлесімділігін пайымдай білуіне үлкен көмегін тигізеді. Қатты қағаз, мата қиындылары, фольга, т. б. табиғи заттардан көркем құрастыру жұмыстары балалардың кеңістік ойлау қабілетінің және пішін, көлем сұлулығын сезіну, түйсіну дағдыларының дамуына мүмкіндік туғызумен бірге, олардың еңбек ету іскерліктерінің қалыптасуына жол ашады.
Балабақша балаларын ұлттық сәндік өнерге тән - кесте тігу, қуыршақ киімін дайындау, түрлі-түсті жүндерді пайдаланып ши орату, ши тоқу, т. б. сияқты іс-әрекеттерге араластыру, қазақ халқының тұрмысында кең тараған, қазіргі кезге дейін қолданылып келе жатқан дәстүрлі сәндік бұйым үлгілерімен мақсатты түрде таныстыру, бұйымдардың әсемдік нақышы туралы балалардың өз ойын пайымдай білуге баулу, көркемдік талғам өрісін кеңейте түсудің бірден-бір сындарлы жолы. [7. 53]
Халқымыздың жалпы мәдениет деңгейін жоғары сатыға көтерудің және балалардың эстетикалық көзқарасы мен талғамын дамытудың бірден-бір тиімді жолы көркем өнер болып табылады.
Эстетикалық тәрбиеде көркем өнерге ерекше орын беріледі. Ол толғанта және қуанта отырып, балалар алдында өмір құбылыстарының мәнін ашады, оларды қоршаған дүниеге үңіле қарауға мәжбүр етеді. Әсемдіктің әсер ықпалын бастан кешіруге, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге тәрбиелейді.
Баланың көркемдік дамуы ойдағыдай болуы үшін тәрбиеші (мұғалім) оның жасына сәйкес, іс-әрекеттерінің түрлерін дұрыс пайдалана білуі қажет.
Көркемдік тәрбие әдістемесінің негізіне - бала мен педагогтың көркем құндылықты қабылдауда, өнімді іс-әрекетке деген шығармашылық қабілеттері, әлеуметтік, табиғи, заттық ортаға деген саналы қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі бірлескен іс-әрекеті жатады. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне-көп тәрбиеленушінің дара ерекшеліктерінің, қажетсінуі мен мүддесінің, жалпы даму деңгейінің қаншалықты мөлшерде ескерілетіндігімен анықталады.
Көркемдік тәрбие жөніндегі жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру үшін балалардың жас ерекшеліктеріне сай бейнелеу іс-әрекетін үйретудің әдістемесін және жалпы міндеттеріне сәйкес мазмұнын белгілеп, нақтылы қойылатын талаптарды анықтап алу қажет. Бұл көркемдік тәрбие құралдары мен әдістерін іріктеуде кездей-соқтыққа, жүйесіздікке, біржақтылыққа ұшырамауға мүмкіндік береді. Тәрбиешілерге бейнелеу өнеріне байланысты жұмыстарды жоспарлауға, материалды белгілі бір ізге түсіруге, онын түпкі мақсатына жетіп, нәтижесін көруге көмектеседі.
Балабақшадағы көркемдік тәрбие жөніндегі жұмыстар тәрбиелеу мен білім беру ісінің барлық жақтарымен тығыз байланысты, ұйымдастыру түрлері сан алуан және оның нәтижелері де іс- әрекеттің әр алуан түрінде көрініс табады. Бұл жұмыста төмендегідей мәселелер қарастырылады :
- тұрмыста, еңбекте, ойын барысында қоғамдық және табиғи құбылыстармен, заттармен таныстыру арқылы қоршаған болмысқа деген эстетикалық көзқарасты тәрбиелеу;
- өнер құралдары арқылы көркемдік тәрбие беру; (көркемдік талғамды қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, көркем өнер туындылары жайында қарапайым түсінік беру және әсер алу, сезінуге баулу, бейнелеу іс-әрекетіне сәйкес іскерлік- дағдыларды меңгерту, музыка, әдебиет арқылы, т.б.)
- өнер және өмірдегі әсемдікті, сұлулықты қабылдау, және оны түсінуге, сезінуге, қарапайым эстетикалық әсерлердің, көру мен есту түйсіктерін жинақтаудың ұзақ жолынан өткізу;
- эмоциялық және танымдық процестерді белгілі бір шамада дамыту;
Өмір құбылыстарын көркемдік тұрғысынан қабылдау әркашанда дара, әрі таңдамалы. Оның негізіне әсемдікке эмоция білдіру жатады. Бала әрқашанда табиғаттағы, заттық, дүниедегі, өнердегі әсемдікке, адамдардың мейірбан сезіміне үн қосады. Мұның өзінде сәбидің бастан кешірген қуанышының, талпынысының, толғанысының маңызы зор.
Көркемдік тәрбие әдістері де алуан түрлі. Олар көп жағдайда: көркем ақпараттың көлемі мен сапасына, ұйымдастыру мен іс-әрекет түрлеріие, баланың жас ерекшелігіне бағынышты. Бұл жерде педагогтың даярлық деңгейі, шеберлігі мен қабілеттілігінің атқаратын рөлі аз емес.
Көркемдік тәрбие жайындағы ұғымдарды бала әлеуметтік ортадан, заттық дүниеден, табиғи құбылыстардан, көркем шығармалардан алады. Сондықтан да суреттердің, ертегінің мазмұнын, әуеннің сазын тұтастай қабылдау өте маңызды. Бұдан әрі педагог балаға дыбыстарды беріле тыңдауға, заттық бояуы мен пішініне зер сала қарауға көмектесу үшін оның назарын бөлшектерді қабылдауға, мақсатты бақылауға аударады.
Мысалы: ересек адам балаға теледидардан хабарды көруге, жеке кейіпкерлерге, олардың мінез-құлықтарына, әдеттеріне ерекше назар аударуды ұсынады.
Тәрбиеші балалардың көркемдік әсерді қалай қабылдайтындығына қарай өнер туындысымен, музыкалық әуен сазын, әнді, ертегіні тыңдай, суреттерді көре отырып, тікелей әңгімелеп, түсіндіріп, сұрақтар қою арқылы көркемдік тәрбиенің әдістері мен тәсілдерін көрнекі және ауызша деп бөлуіне болады. Оларға белгілі бір талаптар қойылады. Әдеби және музыкалық шығарманы орындау көркем мәнді, эмоциялы болуы тиіс, әйтпесе өнермен танысу кезігу әсерсіз болады. Сөйлесу барысында балалар суреттің, өлеңнің, әннің мазмұнын немесе тапсырманың мәнін ғана түсінбей, кейіпкерлердің көңіл күйлеріне сәйкес жайды бастарынан кешіру үшін де жарқын образдылыққа жетулері қажет.
Әдістер іс-әрекеттің ұйымдастырылу формасына байланысты өзгеріп отырады. Көркем өнер сабақтарында педагог дәл нұсқаулар береді, балаларға орындау тәсілдерін өздері табуын ұсынады, т.б. Мысалы: 1. Көркем жапсыру сабақтарында балалардың жеке бөлшектерден зат құрастыруға немесе тұтас материалдан (саз балшық, ермексаз) жеке бөлшектерді мүсіндей білуге мүмкіндік беретін әдіс- тәсілдер қолданылады. Демек, үйрету жеткілікті түрде тікелей өтеді. Баланың дербес іс-әрекет етуінде үлкендердің жетекілікті жанама ықпалымен шектеледі, ол тек іс-әрекетке итермелеп, еске түсіреді немесе қателерді түзетеді. 2. Өлең мен әндерді жаттап үйренуде де оларды үлкендердің алдында орындауын, шығарманың мазмұны мен күйін білдіретін көркемдік қасиеттері туралы әңгімелесуді, көрнекі құралдарды пайдалануды, балалардың мәтінді бірнеше рет қайталауын т.б. талап етеді.
Көркемдік тәрбие әдістерінің мәні балалардың жас ерекшелігіне де тәуелді. Сәбилерді әсемдік әлеміне тарта отырып, тәрбиеші оның назарын жапырақтардың күзде қандай болатындығына, бөлмеде реттілік, тазалық болудың қандай тамаша екендігіне аударады. Ересек топ балаларына үлкендердің көмегімен қоршаған дүниені белсенді "жасампаздықпен", бірақ олардың шама- шарқы жететіндей етіп өзгерту міндеті қойылады. Олар бақылап және бағалап қана қоймай, ойын бұрышын, дербес көркем өнер бұрышын безендіруге қатысып, гербарий және басқаларды жасай білулері тиіс. Сөйтіп, бақылағьштықты, дербес әрекет етуді, өз іс-ерекеттерін жоспарлауды және ойын жүзеге асыруды қалыптастыру әдістері тәжірибеде қолданылады.
Балалардың жас ерекшеліктеріне, даярлық деңгейіне, жеке ынтасы мен талаптарының артуына қарай әдістер күрделеніп отырады. Педагогикалық ғылым мен тәжірибе балалардың эстетикалық сезімдерінің қарым-қатынастарының, ой қорытындылауының, бағалауының тәжірибелік іс- әрекеттерінің қалыптасуына көмектесетін неғүрлым тиімді әдістерін анықтайды:
- эстетикалық қабылдауын, бағалауын, талғамының бастапқы көріністерін дамытуға бағытталған сендіру әдісі;