Өйткені еңбек құралдары өндірісте ұзақ мерзім бойы пайдаланылады, олардың құны шығарылатын тауар құнына біртіндеп, бөлік-бөлік қосылады. Осындай жолмен негізгі капиталдың құны қайта қалпына келтіріледі. Бұл қор өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға, одан артылған, кәсіпорынның өз есеп шотында қалған ақша қаражаты басқа қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Несие алушы жеке азаматтар да, кәсіпорындар да өзінің кезек күттірмейтін шаруасын жедел шешу мақсатында несие мүмкіндігіне жүгінеді. Мысалы, қазір нарыққа көшкен Қазақстан жағдайында да несие алу арқылы жеке меншік шағын кәсіпорындар, тамақтандыру, тігін, тағы басқа орындар ашып, пайда табушылар қатары арта түсуде. Осы тұрғыдан алғанда да несие экономикалық қажеттіліктен туындаған құбылыс әрі экономиканың қайсы саласында да, меншік түрінің қайсы түрінде де болсын аса тиімді қаражат қоры болып отыр.
Ақша түріндегі капиталдар нарығында ұзақ мерзімдік құрылыс несиелері, банктердің коммерциялық займдары, тұтушынылық займдар, фермерлік және сауда займдары айналымда болады.
Құнды қағаздардың маңызы неде ?
Құнды қағаздардың мәні мен мазмұнын құнды қағаздар нарығының қызмет атқару механизмінен шығарып анықтауға болады.Өз кезегінде, құнды қағаздар нарығының мәні мен мазмұны, экономикадағы орны жалпы қаржы-қаражат жүйесінен анықталады. Құнды қағаздар нарығы қаржы-қаражат (капитал) нарығының қүрамдас бөлігі болып, ұзақ мерзімдік қарыздар айналымына жатады (қайтарым мерзімі бір жылдан артық)
Құнды қағаздар дегеніміз – мемлекет немесе корпорациялар шығаратын коммерциялық ақшалай құжат. Құнды қағаздар, біріншіден, капиталдың нендей бір түріне деген меншіктік иелік құқығын куәландырады, екіншіден, құнды қағаздар арқылы оның иелері келтіреді.
Құнды қағаздар тұңғыш рет сауда және өсімқорлық саладағы алыс-беріс қызметіне байланысты өмірге келген. Алғаш құнды қағаздар вексель, коносамент түрінде пайда болды. Кейін мемлекеттік эмиссиялық қызмет пен акционерлік қоғамдар өріс алуына қарай құнды қығаздар жөніндегі қажеттілік құлаш жайды. Сөйтіп, капиталды құнды қағаздарға инвестицияландыру ХІХ ғасырдың орта шенінде кеңінен тарала бастады. Өйткені ақша қаражаттарын құнды қағаздарға айналдыру мақсаты – көбірек кіріс-пайда табу, капиталдың тұрақтығын сақтау, капиталдың өсімін күшейту еді.
Жалпы құнды қағаздар екі топқа бөлінген. Олар негізгі және туынды деп аталады. Негізгі топқа жататын құнды қағаздар – акциялар, облигациялар, вексельдер, мемлекеттік қазналық міндеттемелер. Ал туынды деп аталатын құнды қағаздарға – ең алдымен опциондар, фьючерстер жатады.
Сонымен бірге, құнды қағаздар нарықтық және нарықтық емес деген топтарға бөлінеді. Нарыққа қатысты құнды қағаздарды айналысқа қатыстырылатын құнды қағаздар тобы құрайды. Ал нарықтық емес құнды қағаздар тобын әлеуметтік-нарықтық шаруашылықтың дамуы жағдайында өиірге келген әрі өзіндік ерекшелігі бар қағаздардан тұрады. Ондай қағаздар қатарында сақтық облигациялар, зейнеткерлік қорлардың облигациялары, депозиттік облигациялар бар. Бұл қағаздар өз иелеріне капиталға деген иелік құқығын қамтамасыз етеді.
Нарыққа қатыса алатын құнды қағаздар сауда-саттық айналысына қатыса алады. Дәлірек айтқанда, оларды сатуға, сатып алуға, иелік құқығын ауыстыруға болады.
Қорыта келгенде, құнды қағаздар өз иеленушісіне кіріс әкеледі, капиталды сақтау, капитал өсімін қамтамасыз ету еді, қаржыға деген тапшылықты азайту ретіндегі әрекеті арқылы экономикалық даму процесінде елеулі рөл атқарады.
Акцияның мәні және оның түрлері қандай ?
Акция – акционерлік қоғам шығаратын құнды қағаздардың бір түрі. Акция – акционерлік қоғамның немесе кәсіпорынның өндірістік дамуы мақсатында көздеген, оған өзінің өз қаржысы есебінен үлес қосқанын куәландыратын құнды қағаз. Акционерлік қоғамға немесе кәсіпорынға қаржы қосқан жеке тұлға сол ұйымдардың пайдасы есебінен өзі қосқан қаржысы үшін дивиденд түрінде кіріс алуына құқылы екенін акция куәландырады. Сол сияқты акция қоғамның, кәсіпорынның акционер алдындағы қарыздарлық міндетін де айқындайды.
Акцияның иесі аталған және ұсынушыға арналған деген түрлері бар. Иесі атап көрсетілген акцияға оны алушының тегі, әкесінің, өзінің аты-жөні жазылады. Мұндай акция басқа біреуге берілмейді, егер бұл талаптар көрсетілмесе акция, өз күшін жойған деп саналады. Ондай акцияға пайдадан үлес берілмейді.
Ұсынушыға арналған акцияны корпорация, кәсіпорын тіркемейді. Өйткені ондай акциялардың иесі кім екені белгісіз болады. Оларды иелену заңдық негізде ғана жүзеге асырылады.
Сол сияқты акцияға байланысты тағы бір ерекшелік: акциялар кәдімгі және артықшылықты болып бөлінеді.
Кәдімгі акцияны иеленген тұлға акционерлік қоғамды, корпорацияны басқаруға, пайданы бөлуге, түрлі шешімдер қабылдауға қатысуға құқығы болады. Ал артықшылықты акцияны иеленуші басқару ісіне қатыса алмайды, бірақ пайдадан үлесті бірінші кезекте алуға құқығы бар.
Акцияның құны бірнеше түрлі болады. Олар – номиналдық, эмиссиялық және нарықтық деген тұрлері бар.
Акцияның номиналдық құны акцияның балансына жазылады, бұл құнның өлшемі жарғылық капитал сомасын жалпы шығарылған акциялар санына бөлу арқылы анықталады. Ал эмитент акцияны инвесторға сатқан жағдайдағы баға – акцияның эмиссиялық құны болады. Қаржы биржасын биржадан тыс нарықта сатқан акциясының бағасы – нарықтық құн болып табылады. Нарықтық құн сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасына байланысты.
Акция сертификаты дегеніміз белгілі тұлғаның өз қолында қанша акция барын анықтау жөніндегі куәлік, бұл сертификат та құнды қағаз деп саналады.
Вексельдің мәні және оның түрлері қандай ?
Вексель дегеніміз – белгілі бір ақшалай кіріс алуға арналған құқықты куәландыратын айрықша құнды қағаз.
Вексельдер коммерциялық және қаржылық деп аталатын топтарға бөлінеді. Коммерциялық вексель нақтылы тауарлық келісім-шартты білдіреді. Ал қаржылық вексель – қарыз қаржы алғаны туралы өзіндік сенімхат. Коммерциялық вексель сатушының сатып алушыға өз тауарын бергені және қызмет көрсеткенін дәлелдейтін бір жолғы құрал ретінде қаржылық жүйеде кеңінен қолданылады. Вексель өзіне несиелік және есеп айырысу сияқты функцияларды шоғырландырады.
Вексельдердің қарапайым және аударма деп аталатын түрлері бар. Қарапайым вексельді сатып алушының өзінің тауарларды сатушыға оның төлемін кейінге қалдыруға еркі барын сендіретін құқығы бар. Аударма вексель – көмегі арқылы қарызгер өзінің жеке борыштарынан құтылады, есеп айырысады.
Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы вексель айналысы туралы” Заңында вексельді пайдаланудың тәртібі және вексельдің түрлері, индоссамент, аваль туралы заңдық тұрғыдағы міндеттер нақты баяндалған.
Қазақстанда вексель айгалысы жай және аударым коммерциялық вексельдерін шығаруды, ол бойынша талап ету құқығын беруді қамтиды.
Индоссамент – ол вексельдің сыртқы бетіндегі табыстау жазбасы, бұл жазба осы вексельді иелену құқығынығ басқа тұлғаға берілгенін куәландыратын ұғымды білдіреді.
Аваль дегеніміз – вексель кепілдігі. Аваль беруші тұлға вексель жөніндегі міндеттемені басқа тұлғалардың осы аталған міндеттемелерді орындауы үшін жауапты болады. Ал вексель төлеміне берілетін жазбаша келісімді – акцепт деп атайды. Төлем төлеуші акцепт арқылы аударым векселін мерзімінде төлеуге өзіне тиісінше міндеттеме қабылдай алады.