Экономиканың конъюнктуралық ауытқуына байланысты бағалардың өсуін инфляцияға жатқызуға болмайды. Еңбек өнімділігі өскенде баға деңгейі төмендейді. Бірақ егер негізгі өндіріс салаларында еңбекақы деңгейі еңбек өнімділігінен тез өскен болса, онда ұлттық шаруашылықта «шығын инфляциясы» деп аталатын жағдай қалыптасып, бағалардың жалпы деңгейі өседі. /2, 288б./
Инфляция негізінен шаруашылықта қалыптасқан әртүрлі диспропорцияға байланысты болатынын ескере отырып, оның негізгі себептерін қарастырып көрелік.
Инфляцияның пайда болу себептері:
Біріншіден, бұл мемлекеттік шығындар мен табыстар арасында қалыптасқан диспропорция немесе тепе – теңдіктің бұзылуы. Бұл мемлекет бюджетінің тапшылығы түрінде көрінеді. Егер тапшылық Орталық банктің несиесі, яғни айналымға қосымша ақша шығару арқылы қаржыланған болса, онда бұл айналымдағы ақша массасын арттырады, сондықтан инфляцияны қалыптастыруы мүмкін.
Екіншіден, егер инвистицияларды қаржыландыру, жоғарыда айтылған әдіспен, яғни Орталық банктің несие беруімен жүргізілетін болса, онда бұл да инфляцияның себебіне айналуы мүмкін.
Үшіншіден, осы күнгі экономикалық теория бағалардың жалпы өсуін ХХ ғасырда нарық құрылымының өсуімен түсіндіреді. Бүгінгі нарық – көбіне олигополия түрінде қалыптасқан. Осы күнгі ірі фирмалар (тауар өндірушілер, ұсынушылар) белгілі бір деңгейде нарық бағасына ықпал жасап, өз өніміне бағаны өзі белгілей алады. Фирма – олигополия бағаның өсуін қолдамаса да оның деңгейін түсірмеуге ұмтылады, нарықта қалыптасқан баға деңгейінің тұрақты болуына мүдделі. Қалыптасқан өндіріс түріне жаңа фирмалардың келуіне шек қою арқылы олигополиялық фирмалар жалпы сұраным мен ұсыным арасындағы диспропорцияны мүмкін болғанша ұзақ ұстап қалуға ұмтылады.
Төртіншіден, ұлттық экономикалардың «ашыла» түсуіне, олардың дүниежүзілік шаруашылық қатынастары жүйесіне тартылуына байланысты инфляцияның бір елден екінші елге ауысуы қауіпі артады. «Импортталған инфляциямен» күресу мүмкіншіліктері де шектеулі келеді. Әрине, ұлттық валютаның бағасын арттырып импортты арзандатуға болады, бірақ бұл жағдайда экспорт қымбаттап, ұлттық өнімнің әлем нарығындағы өтімділігі кемиді. /4, 36б./
1.2 Инфляцияның түрлері және оның факторлары
Бұрын инфляция төтенше жағдайда ғана қалыптасатын. Мысалы, соғыс кезінде мемлекет өзінің әскери шығындарын қаржыландыру үшін өте көп мөлшерде қағаз ақша шығаратын. Соңғы екі-үш онжылдықта көптеген елдерде инфляция ұдайы өндіріс процесінің тұрақты факторына айналды. Экономика теориясында, жеке алғанда осы күнгі Кейнсті жақтаушы экономистер инфляцияның баяу түрін өндірістің дамуына қосымша онды әсер ететін фактор ретінде қарастырады. Баяу инфляцияның саясаты өндіріс пен нарық (сұраным) жағдайларының өзгеруіне сәйкес бағаларды реттеп отыруға мүмкіндік береді.
Баяу немесе жылжымалы инфляцияда бағаның өсуі 10% дейін болады. Бұл экономикаға қауіп туғызбайды.
Қарқынды инфляция (бағалардың жылына 10% - 200%-ке дейін өсу түрі) – экономика үшін едәуір қиын жағдай, бірақ іскерлік қатынастардың көбі қарқынды инфляцияны алдын ала ескеріп, оған икемделе береді.
Гиперинфляцияда бағалардың жалпы деңгейі мыңдаған процентке ( Кэган бойынша айына 50% ) артқан жағдаймен сипатталады. Гиперинфляция кезінде бағалардың өсу қарқыны айналымға шығарылған ақша көлемінің өсуінен көп есе артып кетеді. Гиперинфляцияда бағалардың өсу қарқыны соншалық, тіпті ақша шығаратын фабрикалар аптасына тоқтаусыз жұмыс істегенде де айналымға қажетті ақша көлемін шығару мүмкіндігі жетпей қалады екен.
Инфляция теңгермелі түрде болуы мүмкін, яғни бағалар бір қалыпты және баяу өседі. Бұл жағдайда бағалардың бір жылдық өсуіне сәйкес процент кесімі (ставкасы) да өседі. Нарықта тепе-теңдік (тұрақтылық) сақталады. Теңгермелі емес инфляция кезінде жеке тауар топтарына баға бірқалыпты емес, әртүрлі қарқынмен өседі. /11, 105б./
Сонымен, тосылған инфляцияны тосын инфляциядан айыра білген жөн. Тосылған инфляцияны алдын ала болжауға болады, немесе оны үкімет арнайы мақсатпен «жоспарлайды». Тосын инфляция бағалардың кенеттен және тез өсуінен көрінеді. Мұндай жағдай ақша айналымын және салық жүйесін бұзады. Тұрғындар бағаның өсуінен сескеніп, қолындағы қаражатын сақтап қалу мақсатында тауарларды жаппай сатып ала бастайды. Сондықтан бағалардың кенеттен, тосын түрде өсуі тұрғындарының «инфляциялық тосу психологиясын» туғызады. Егер тосын инфляция (бағаның кенеттен өсуі) экономикасы дамыған елде пайда болса, ол нарық жағдайына қатты әсер етпейді. Экономикасы тұрақты да қуатты елде тұрғындар бағаның уақытша ауытқуынан қорықпайды; және бағаның өсуі қаншама тез болса, соншама оның құлдырап түсіп кетуі әбден мүмкін болатынына сенеді; сондықтан олар бағаның түсуін күтіп табысын үнемдеу мақсатында сатып алуды күрт қысқартады. Нарықтық сұранымның қысқаруы баға денгейіне әсер етеді, бағалардың өсуі тоқтайды, олардың деңгейі құлдырап, бастапқы қалпына келеді.
Бұл жерде қалыпты қызмет атқаратын нарықтық шаруашылық жағдайында пайда болатын белгілі Италия экономисі есімімен аталатын «Пигу әсері», немесе «нақты кассалық қалдықтың әсері» деп аталатын құбылысты суреттедік. Айта кететін тағы бір ескертпе, «Пигу әсері» икемді бағалар мен икемді процент жағдайында және инфляциялық тосу болмағанда ғана қалыптасады екен. Біраз батыс экономистерінің пікірінше, «Пигу әсері» экономикада нақты болатын жағдайды емес, тек теориялық болжамды білдіреді. /11, 106б./
Монополияландырылған экономикада бұл механизм әрекет етпейді, өйткені өндіруші-кәсіпорынның шикізатты, материалдарды, шала фабрикаттарды, жинақтау бұйымдарын, жабдықты, саймандарды жеткізушілерді тандай алмайды. Ол жеткізушілер тарапынан белгіленген бағалармен келісуге мәжбүр болады және жоғарылатылған бағаларды өзінің тұтынушыларына, тұтынушылар өз кезегінде ары қарай технологиялық өзгертіп жасау бойынша түпкі тұтынушыға — халыққа аударып салады. Мұндай жағдайда бюджет шығыстары мен кредиттерді шектеу жөніндегі шаралар өндірістің құлдырауына жеткізеді. Батыс елдерінің экономистері жасаған теорияларда альтернативті (балама) консепция ретінде «сұраным инфляциясы» және «шығын инфляциясы» анықталады. Бұл консепцияларда инфляцияның қалыптасу себептері (механиз-моделі) қарастырылады.
«Сұраным инфляциясы» жалпы сұраным мен ұсыным арасындағы тепе-теңдіктің сұраным жағынан бұзылуын білдіреді. Бұл жерде мемлекет шығындарының артуы, өндіріс және еңбек ресурстарын толық іске қосылған жағдайында өндіріс құралдарына қосымша сұранымның қалыптасуы және тұрғындардың тұтынушылық мүмкіншіліктерінің артуы негізгі себеп болуы мүмкін. Осы жағдайларға байланысты айналымға артық ақша массасы шығып, жалпы баға денгейі өседі. Өндіріс саласында еңбекпен толық қамтылған жағдайда айналымдағы артық төлем ақша массасы шектеулі тауар ұсынымына тап болып, бағалардың инфляциялық өсуін қалыптастырады. Сұраным инфляциясын график түрінде 1 – суретте көрсетілген. /2, 98б./
Жоғарыда келтірілген себептерге байланысты ақша массасының өсуі жалпы сұраным сызығын солдан оңға қарай жылжытады (AD1 – AD2) және, экономика жалпы ұсыным қисығының аралық (2) немесе классикалық (3) үзіндісінде болса, бұл баға деңгейін арттырады (Р1 – Р2), яғни инфляция қалыптасады.
Шығындар инфляциясы график түрінде 2 - суретте көрсетілген:
Айтылған себептерге байланысты өндіріс шығындары өседі, жалпы ұсыным қисығы солға қарай жылжиды (AS2 - AS1), баға деңгейі өседі (Р1 –Р2) өндіріс көлемі қысқарады (Q2 – Q1), яғни ЖҰӨ-нің нақты көлемі қысқарады. Бағалардың өсуі тұрғындардың нақты табысын төмендетеді. Сондықтан кәсіподақтар еңбекақының номиналды деңгейін көтеру туралы талап қояды. Үкімет инфляция шығындарының орнын толтыру саясатын ұстануға мәжбүр болады. Табысты индексациялау бағдарламасы экономиканың әр түрлі салалары үшін бірдей болу мүмкін емес, басқаша айтқанда табысты индексациялау барлық топтар үшін бірдей болмайды. /2, 99б./ Инфляцияның әр түрін оның басқа түрінен ажырату өте қиын, олар өзара тығыз байланысты түрде қалыптасып дамиды. Мысалы, еңбеқақының өсуі табыс инфляциясының себебі ретінде көрінуі мүмкін.