Смекни!
smekni.com

Инфляцияны леуметтік зардаптары (стр. 5 из 11)

Бағалар мен еңбекақының тұрақталуы инфляцияның төмендеуіне, яғни бағалар өсімінің орташа қарқынының қысқаруына алып келеді, бірақ бұл жағдайда бағалар ресурстарды тиімді таратуда белсенді рөл ойнаудан тысқары қалады. Қысқа мерзімде шығындар шамалы ғана болуы мүмкін, алайда егер еңбекақы мен бағалар ұзақ уақытқа белгіленсе, онда еңбек ресурстары мен жекелеген тауарлар тапшылығы пайда болады.

Диссертациялық жұмыста экономикалық өсімнің тұрақты қарқынына ұзақ мерзімді факторларды тарту жолымен қол жеткізілетіні атап өтіледі, ол факторлар бағалар төмендеуінің, нақты еңбекақы деңгейін арттыру және халықтың өмірін жақсартудың алғы шарты болып табылатын еңбек өнімділігінің ұдайы өсірілуін қамтамасыз етеді. Төмен еңбек өнімділігі – аз деңгейлі еңбекақының басты себебі. Бүгінгі таңда уақыт бірлігі ішінде Ресейдегі жұмыскер Германия мен Жапониядағы өз әріптесіне қарағанда 5-6 есе аз өнім шығарады.

Субсидия беру жүйесі кәсіпорындардың белгілі бір топтарын нарықтық механизм қысымынан қорғауға бағытталған. Субсидиялар кәсіпорындардың кей шығындарға назар аудармауына және нарықтық жағдайдың өзгерістеріне көңіл бөлмеуіне мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан өнеркәсіптік саясат мемлекеттік корпорацияларды немесе тіпті тұтас салаларды да ресми қаржыландыруды көздейді, олар стратегиялық немесе саяси тұрғыдан қажет деп танылады. Осы салалардың (металлургия, энергетика, әуе және кеме жасау) көпшілігінде көлемнен үнемдеу бар болғандықтан, үкімет фирмаларды ірілендіруге қол жеткізеді. Өнеркәсіп саясаты субсидия, мемлекеттік тапсырыстар, сауда саясаты сияқты түрлер қабылдауы мүмкін.

Сауда саясаты импорттық квоталар мен тарифтерді, сатып алу саясатын, экспорттық несиелерді анықтайды. Ресей мен Қазақстанның алдағы ДСҰ-на кіруіне байланысты отандық кәсіпорындарға өз өнімдерін осы халықаралық ұйымның талаптарына сәйкестендіруіне көмек көрсету қажет.

Диссертациялық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қаржылық тұрақтылыққа және соған сәйкес елдегі инфляциялық үдерістердің дамуына сыртқы факторлар елеулі әсерін тигізеді.

Дамушы нарықтарға үздіксіз келу үстіндегі капитал ағыны үшін негізгі тәуекелдер мыналар болып есептеледі: АҚШ-тағы пайыз мөлшерлемесінің күтілген деңгейден асып кету мүмкіндігі, валюталардың айырбас бағамының деструктивті тербелістері, тәуекелді инвестицияларға кедергі келтіруі мүмкін жаһандық қаржылық дисбаланстарға қатысты алаңдаушылық, геосаяси тәуекелдер, сол сияқты әлемдік нарықтағы мұнай ұсыныстарында орын алуы мүмкін секірістер. Бұл қалыптасу үстіндегі нарықтардағы активтер бағасы әлі де болса сыртқы әсерлерге тәуелді екендігін дәлелдейді. Сондықтан әрбір жекелеген елде инфляцияны реттеу негіздері оның тарихи даму ерекшеліктерінен, сонымен қатар экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайының өзгешелігінен туындауы тиіс. Алайда бар айырмашылықтарды ескергеннің өзінде де инфляцияны реттеу көп елдерде ортақ сипатқа ие. Ол радикалдығы, мерзімі және өткізілу бір ізділігі бойынша ғана ажыратылады. Жалпы мемлекеттің үдеу үстіндегі инфляцияға жауабы екі түрлі болуы мүмкін:

– халық оған неғұрлым зиянсыз бейімделетіндей жағдай қалыптастыру;

– оған қарсы тұруға қабілетті шаралар жүйесін жасау.

Инфляция тауар мен қаржы нарықтарында жиынтық сұраныстың жиынтық ұсыныстан тұрақты түрде артуына алып келетін деформациялармен байланысты болу себепті антиинфляциялық реттеу шарасы міндетті түрде үш блоктан, яғни жиынтық сұранысты реттеу, жиынтық ұсынысты реттеу және валюталық реттеуден тұрады.

Макроэкономикалық аспект ақша-несие, бюджет-салық және валюталық саясаттың тауар, ақша және валюта нарықтарына әсер ету мәселелерін қамтиды. Антиинфляциялық саясаттың қандай да бір құралын қабылдау нақты экономикалық жағдайдың ерекшеліктерін сипаттайтын шарттардың неғұрлым үлкен көлемін бағалау нәтижесі болып табылады. Антиинфляциялық саясат әлемдік тәжірибеде әр түрлі бюджет-салық, ақша-несие іс-шараларын, тұрақтандыру бағдарламалары мен ресурстарды реттеу және бөлу бойынша іс-қимылдардың бай ассортиментіне ие деп саналады. Сұраныс инфляциясы туындағанда, оны бақылау үшін шектеуші немесе тойтарушы бюджет-салық саясаты қажет. Бұл жағдайда үкімет мемлекеттік шығындарды азайта және салықтарды көтере алады.

Валюталық реттеу – валюталық саясатты іске асыру құралдарының бірі. Валюталық саясаттың келесідей негізгі нысандары қолданылады: дисконттық, девиз саясаты және оның бір түрі – валюталық интервенция, валюталық қорларды әртараптандыру, валюталық шектеулер, валютаның айырбасталу дәрежесін реттеу, айырбас бағамының режимі, девальвация, ревальвация.

Валюталық саясат нысандарының бірі ретінде валюталық шектеулер оқтын-оқтын пайдаланылады. Олар валюталық бақылаудың құрамдас бөлігі болып табылады, оған мемлекеттің көрсетілген операцияларды қадағалау, тіркеу, статистикалық есепке алу бойынша шаралары кіреді.

Антиинфляциялық, әрі тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыруда инфляцияны реттеудің ортодоксалды және гетеродоксалды әдістеріне баса назар аударылады.

Ортодоксалды әдісте мемлекеттік бюджет тапшылығын мемлекеттік шығындарды (басқару, қорғаныс салалары, әлеуметтік мақсаттар, мемлекеттік секторды қолдау, мемлекеттік субсидиялар мен күрделі қаржы, т.б.) азайту ғана емес, сондай-ақ салықтық ауыртпалықты күшейту есебінен қысқартуға ерекше көңіл бөлінеді. Қатаң бюджет-салық саясаты ақша-несие саясатын күшейту жолымен қабаттаса жүреді, бұл «қымбат ақшалар» саясатында, яғни ақша эмиссиясын шектеу, ОБ несиелерін қысқарту, пайыздың есептік мөлшерлемесін арттыру, резервтік талаптар нормасын ұлғайту, мемлекеттік бағалы қағаздарды қор нарығында сату, т.б. іске асады.

Ортодоксалды әдістің экономикалық тұрақтандырушыны («зәкір» деп аталынатын стабилизаторды) таңдауымен байланысты екі негізгі түрі бар. Бірінші жағдайда ақша зәкірі таңдалады, яғни негізіне қалқымалы айырбас бағамына ие қатаң бюджет-салық және ақша-несие саясатына негізделген монетарлық әдістер қаланады, бұндайда антиинфляциялық шаралар ретінде жиынтық сұраныстың қысқаруы мен ақша массасының шектелуі алға шығады. Екінші жағдайда валюталық зәкір таңдап алынады, онда басты назар басқарылатын девальвация, валюталық дәліз орнату, белгіленген бағам жолымен айырбас бағамын тұрақтандыруға аударылады; көрсетілген шара инфляциялық күтілімді төмендетуге, экономикалық субъектілер іс-әрекетін алдын ала болжау дәрежесін арттыруға мүмкіндік береді, ішкі бағаларды жария етілген бағамға байлап тастайды, сөйтіп антиинфляциялық салдар иеленеді.

Гетеродоксалды әдісте бағалар мен табыстарға қатысты қолданылатын тұрақтылық саясатына баса назар аударылады, дегенмен бұл кезде ортодоксалды әдістің екі зәкірін де, басқаша айтқанда, монетарлық саясат пен айырбас бағамын тұрақтандыруды өз ішіне тартуы мүмкін. Әңгіме бағалар мен табыстардың шын мәнісіндегі (көбінесе, уақытша) тұрақталуы жайында қозғалып отыр, бұл қаржылық тұрақтылықтың үшінші «зәкірінің» пайда болуын білдіреді.

Инфляцияның өсуі өндіріс көлемін қысқартады. Жоғары инфляцияның экономикаға ұзақ мерзімді әсері жағымсыз болмақ. Елдердің көп бөлігін қамту жолымен жүргізілген зерттеулер жоғары инфляцияның он жылдық кезеңге, әсіресе жылына 10–20%-дан асатын түріне есептелуі экономикалық өсімнің үдеуімен емес, қайта тежелуімен байланысты. Бұрын орталықтандырылған жоспарлы экономика иеленген елдердің көбінде инфляцияны салыстырмалы түрдегі төмен деңгейде тұрақтандырғаннан кейін ғана жағымды экономикалық өсімді қайтадан қамтамаыз ету мүмкін болды.

Талдау керсеткендей, инфляция деңгейін төмендетуге көмектесетін механизмдерді (тетіктерді) таңдау әр елде қатаң, әрі жеке-жеке іске асырылды. Инфляцияның әр елдегі өз себептері де, сол сияқты өсу қарқыны да әр түрлі. Олар уақыт жөнінен де бір-бірінен алшақ. Егер Латын Америкасы елдерінде инфляцияның өсу қарқыны 70–80 жылдарда 300%-ға жетсе, Жапонияда олар нөлге тең дерлік болды. Сонда да инфляция қарқыны көрінуінің ең шеткі көрсеткіштеріне көңіл бөлсек, онда соғыстан кейінгі кезеңге тоқтаусыз да біркелкі инфляция тән болған.