Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар үлесі 22% құрайды, ал шағын бизнестің елдің ЖІӨ үлесі 16% аспайды.
Мұндай салыстыру Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу Стратегиясын табысты іске асыру үшін кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бұған дейінгі атқарылған жұмыстар тәжірбиесін жүйелендіру арқылы экономикалық, құқықтық және институционалдық-құрылымдық реформаларды тереңдету қажеттілігі туындағанын көрсетіп отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлікті (одан әрі-ШОК) қолдау жөніндегі жаңа шаралар елдің дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламасының – Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы №6 қаулысымен бекітілген бірлескен іс-қимылдар Жоспарының ең негізгі бағытына айналды. Жоғарыда белгіленген бағдарламада қарастырылған негізгі шаралар осы сектордың тиімді дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды төмендете отырып, ШОК субъектілерін қаржылай қолдауды одан әрі жүзеге асырумен байланысты.
Алайда, осы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлік бастамашылығы бар халықтың және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру бағытында атқарылуға тиіс шаралар қарастырылмай қалған.
Мемлекет бюджетінің мүмкіндігі үнемі шектеулі болатын жағдайда қаржылай қолдау көрсету тәжірибесі ШОК субъектілерін тиісті көмекпен толықтай қамтуға мүмкіншілік бермейтінін де атап өту керек. Сонымен, соңғы он жыл ішінде мемлекет тарапынан бөлінген 200 миллиард теңгеден асатын едәуір қаржы ресурстары тек 1% немесе қазіргі уақытқа тіркелген 10 мың ШОК субъектілерін ғана қамтуға мүмкіншілік берді. Ал ақысыз тренингтер түрінде қаржылай емес қолдау көрсету, Бағдарламаны іске асыру жөніндегі бюджеттің алдын-ала есебі бойынша, 0,5 миллиардқа жуық теңгенің жұмсалуы 30 мыңнан астам ШОК субъектілерін және тіркелген ШОК субъектілерінің барлық жалпы санының 3% құрайтын әлеуетті кәсіпкерлерді қамтуға және халықтың басым көпшілігін кәсіпкерлік саласына тартуға мүмкіншілік береді.
Қазіргі уақытта ШОК-қа консалтингтік және ақпараттық- талдамалық қызмет көрсету деңгейінің төмен екендігі байқалады. Консалтингтік, оқыту және ақпараттық қызмет көрсету нарығы ірі қалалардың өзінде де толығымен дұрыс жолға қойылмаған, ал орталықтан шалғай аймақтарда – аудандық деңгейлерде тіптен жоқтың қасы.
Оған қоса, кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету инфрақұрылымының (ККО, бизнес-орталықтар, бизнес-инкубаторлар, бизнес-ассоциациялар және т.б.) жұмыс істеп жатқан субъектілері ұсынатын осы қызмет түрлері коммерциялық негізде жүзеге асырылады және оның құны көпшілік кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікті енді бастауға ниеттеніп отырған халықтың қалтасына едәуір салмақ түсіреді, оның үстіне қызмет түрлері де әрқилы және жарым-жартылай ғана сипатта болып келеді.
Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету инфрақұрылымының рөлінің өзі бизнесті жүргізуді жеңілдету үдерісімен қатар (қосымша қызмет көрсету арқылы-бухгалтерияны жүргізу, заңгерлік қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың сапасы мен тиімділігін арттыруда, сонымен қатар кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог құру үшін де маңызды.
Бүгінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырып жүрген тұрғындардың біліктілік деңгейін арттыру қажеттілігі айқын болып отыр. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша елімізде 1 млн. астам ШОБ субъектілері тіркелген, оның 60% ғана белсенді қызмет атқарып жүр.
Кәсіпкерлерде бизнес жүргізу дағдысының болмауы мен бұл саладағы тәжірибелерінің жеткіліксіздігі - қалыптасқан бүгінгі ахуалдың басты себептерінің бірі деуге негіз бар. Бұның соңы олардың банкротқа ұшырауына немесе қызметтерін мүлде тоқтатуларына әкеп соқтыруда.
Халықты жұмыспен қамту және олардың табысын молайту мәселесін шешу мақсатында тұрғындардың басым көпшілігін елдің орта табын құрауға негіз болатын салаға - кәсіпкерлік саласына жұмылдыру да қажет болып отыр.
Кәсіпкерлік бастамашылығы бар халықтың басым бөлігі және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, әсіресе аудандық деңгейдегілер, ШОК-дің мүдделерін қорғау және оларға қолдау көрсету саласындағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясат туралы қажетті ақпараттан толыққанды хабардар емес.
Одан бөлек, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті тұрғындардың көпшілігінің білімі мен ақпараты жеткіліксіз болғандықтан, өз ісін ашуға жүрексінеді немесе батылы бармайды.
Мұндай жағдайда, бизнесті жүргізудің қыр–сыры туралы, кәсіпкерлік бастамашылықты қолдау және ынталандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар жөнінде хабардар болудың деңгейін арттыру, біздің ойымызша, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі басқа шараларға қарағанда, маңыздылығы әлдеқайда басым міндет болып табылады.
Мұндай кезде, кәсіпкерлік ортаның бастамаларын іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды мәні бар. Қолайлы жағдай қалыптастыру аясында кәсіпкерлік бастамашылығы бар халықты және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерді бизнесті құру және оны тиімді жүргізу негіздеріне оқытатын оқыту-тренингтерін үнемі және кең ауқымды көлемде жүргізу айрықша мәнге ие болады. Сонымен қатар бұл шаралар жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің біліктілік деңгейін айтарлықтай арттырып, кәсіпкерлік бастамашылығы бар халықтың басым бөлігін бизнес саласына тартуға септігін тигізуі үшін іс жүзінде елдің барлық аудандарындағы мақсатты сегментті толығымен қамтуы қажет.
Бүгінде орта және ірі кәсіпорындардың экономикалық ахуалы төмендеуі себепті жұмысынан айрылған тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігі үшін өз ісін ашу және оны жүргізу бойынша тегін оқыту курстарын ашу оларға нақты көмек болатындықтан, елдегі жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында, ғаламдық дағдарыс зардаптарына төтеп беру жағдайында Бағдарламада қарастырылған шаралардың көкейтестілігін ерекше атап өту қажет.
Бұл Мемлекет басшысының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты 2009 жылғы 6 наурызда Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қойған мақсаттарына толықтай сәйкес келеді.
2. МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Бағдарламаның басты мақсаты елдегі ШОБ-ң сапалы дамуын Қазақстанның барлық аудандарындағы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамашылығы бар халыққа бизнесті ашу және оны тиімді жүргізу бойынша кешенді бірыңғай және қол жетімді білім беру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
«Даму» Қоры осы мақсатқа қол жеткізуді мынадай міндеттерді шешу есебінен жоспарлап отыр:
· жеке бизнес ашу және оны тиімді жүргізу жөнінде қолданбалы сипаттағы қол жетімді және бірегей экспресс-курстар әзірлеу;
· Қазақстаннық барлық облыстарындағы аудандарда кәсіпкерлік бастамашылығы бар халық үшін және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін өз бизнесін ашу және оны тиімді жүргізу бойынша жүйелі негізде оқыту- тренингтерін өткізетін кәсіби лекторлар-тренерлер тобын құру;