Смекни!
smekni.com

Инструктивно-методическое (стр. 17 из 26)

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жүйесін жетілдіру туралы» 2009 жылдың 25 қарашадағы № 547 бұйрығына сәйкес өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің 5–11-сыныптарында қазақ тілін қазақ тілінде оқытатын мектептің оқу бағдарламалары бойынша оқытылады.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Білім туралы» Заңдары мен Қазақстанда тілдерді дамытудың «2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» белгіленген міндеттер еліміздің білім беру жүйесінде көптілді меңгерген дара тұлға қалыптастыру мақсатын жүзеге асырудың ұтымды жолдарын анықтауды талап етіп отыр.

10–11 сыныптардағы «Қазақ тілі» пәнінің мақсаты – ортадан жоғары деңгей бойынша қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан меңгерту; сөйлесім әрекетінің түрлеріне сай оқушыны тілдік білім негізінде әдеби тілде сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету арқылы дара тұлғаның тілдік қабілетін дамыту, бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптарды коммуникативтік тұрғыдан ұсына отырып, оқушыларға қазақша тілдік қатынасты игерту.

Оқу пәнінің міндеттері:

· жоғары сынып оқушыларының білімін тілдік, танымдық, лингвомәдениеттанымдық, ұлттық-әлеуметтік, өркениеттік-әлемдік тұрғыдан тереңдетіп, қазақ тілін ұтымды игерудің коммуникативтік бағытын жүзеге асыру;

· қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгерту: оқушының өз ойын, пікірін, көзқарасын еркін, дұрыс, нақты (ауызша және жазбаша) жеткізе білуін іске асыру;

· оқушылардың қазақша дұрыс, түсінікті сөйлеуі мен сауатты жазуын жүзеге асыру;

· жеке, қоғамдық-әлеуметтік, бағдарлы бағыттағы жағдаяттарды жан-жақты ескере отырып, қазақша тілдік қатынасты бағдарлы түрде жүзеге асыру.

Осы міндеттерді орындау пәнді оқытудың сапалы әдістемесі, мұғалімдердің кәсіби даярлықтары арқылы жүзеге асады.

Орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі» пәнінің базалық білім мазмұнын түрлі тілдік қарым-қатынастың ауқымында пайда болатын жағдаяттар, жағдаятқа қатысушылар, заттар, оқиғалар, іс-әрекеттер, мәтіндер анықтады.

«Қазақ тілі» пәнінің мазмұндық желісі үш аяға бөлініп ұсынылды:

· әлеуметтік-тұрмыстық ая;

· әлеуметтік-мәдени ая;

· оқу-еңбек аясы.

Әр аядағы лексикалық тақырыптар сыныптар бойынша күрделеніп, дамытылып отырады. Сол арқылы оқушылардың сөздік қорлары кеңейтіледі, білім, білік, дағдылары жетілдіріледі. Мемлекеттік тілді меңгерту іс-әрекеттік ұстанымға негізделеді. Әрбір аяда қамтылған тақырыптар мектептің негізгі және бағдарлы сатыларында бірізділікті сақтай отырып, бірте-бірте күрделенеді. Қазақ тілінің функционалдық-грамматикалық минимумдары осы лексикалық тақырыптарды меңгерудің құралы ретінде ұсынылады.

Тіл үйрету жұмысы – өте күрделі процесс. Сондықтан оқыту барысында жүргізілетін жұмыстардың барлығы бір-біріне байланысты, жеңілден ауырға қарай, сатылап жүргізілуі қажет. Оқушылар қазақ тілі сабағында тек тіл үйреніп қана қоймайды, олардың сабақ барысында қазақша ойлау дағдылары қалыптасып, өмірге өзіндік көзқарасы айқындалып, ұғым-түсінігі кеңейеді. Мұғалім сыныбындағы әр оқушының қабілетін, қазақ тіліне деген көзқарасын білуі қажет.

Қазақ тілін қатысымдық бағытта оқытуда оқушылардың психологиялық, әлеуметтік күйін ескере отырып, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын меңгерген дара тұлғаны қалыптастыратын танымдық, репродуктивтік, шығармашылық кезеңдерге лайықталған оқу-әдістемелік ұстанымдар басшылыққа алынады. Оқушылардың әр сабақта алған теориялық білімдерін күнделікті қарым-қатынаста орынды да тиімді қолдана алулары көзделеді.

Сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу мұғалімнің сабақтағы негізгі міндеті болып табылады. Айтылым мен тыңдалым сөйлесім әрекетінің ауызша түрін, ал жазылым мен оқылым – жазбаша түрін құрайды. Тілдік қатынастың ауызша және жазбаша түрі өзара тығыз байланысты және үнемі бір- бірімен әрекеттес болады.

Оқушылар таңдалып алынған мәтіндерді тек мәнерлеп, нақышына келтіріп оқумен шектелмей, мәтін бойынша әртүрлі мақсаттағы тапсырмаларды орындауға жаттығулары қажет. Мәтінді мәнерлеп оқу, мәтіннен қажетті қатысымдық тұлғаларды табу, олардың мәні мен мағынасын айқындау, мәтін бойынша жоспар құру, мәтіннің негізгі мазмұнын баяндау, мәтін мазмұнын көршісімен әңгімелеу, мәтін бойынша сұрақтар дайындау, дайындаған сұрақтарын ұжымға немесе көршісіне қою арқылы жауап алу, мәтінге ат қою т.б көптеген жұмыс түрлерін қамтуға болады.

Бағдарлы оқыту түрі негізгі мәселеге ойтүрткі болуы көзделіп, оқушылардың жеке көзқарастары, бейімділіктері мен қабілеттері ескеріле отырып ұйымдастырылуы тиіс. Оқушының танымдық және кәсіби көзқарастарын дұрыс дамытуды ұйымдастыру басты нысанаға алынып, болашақ мамандығына байланысты қарым-қатынас лексикасын меңгеру қажеттілігі алға шығады. Мектеп бітірушінің мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынысқа түсуді меңгеруімен қатар, сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін арттырып, жеке тұлға ретінде дамуына тірек болатын маңызды шараларға бағытталуы көзделеді.

Білім мазмұнын толық игерген оқушының білімдерін жетілдіру мақсатында немесе үлгерімі төмен оқушыға қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін факультативтік сабақтар ұйымдастыруға болады. Мысалы, «Әдеби тілде сөйлейміз», «Сөз бен мағына», «Тіл ұстарту» және т.б.тақырыптарды таңдауға болады.

Оқыту орыс, ұйғыр тілдерінде жүргізілетін мектептерге арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәні

Оқыту орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жүргізілетін мектептердің 10–11 сыныптарында «Қазақ әдебиетi» пәнін оқыту ҚР МЖБС 2.3.4.01–2010 негізінде дайындалған бастауыш білім берудің типтік оқу бағдарламалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010ж. № 367 бұйрығы), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған ағылшын тілі оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тізбесін бекіту туралы» 2010 жылғы 26 қаңтардағы № 20 бұйрығы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2010–2011 оқу жылында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынған оқулық басылымдарының тізбесін бекіту туралы» 2010 жылдың 5 сәуіріндегі № 152 бұйрығы (толықтыру енгізу туралы 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 160 бұйрығы, 2010 жылғы 1 маусымдағы № 268 бұйрығы) арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы, ҚР-ның «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2001–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы негізінде ҚР-ның орыс, ұйғыр, өзбек тілді мектептерінде қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде екінші тіл ретінде меңгерту міндеттерінен туындайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беру Тұжырымдамасында белгіленгендей, еліміздің әрбір оқушысы еліміздің саяси-әлеуметтік тұрақтылығына, келісім мен ынтымақтың нығаюына ұйытқы болып, тарихи құзыретін атқарып отырған қазақ халқының тілі, әдебиеті, ділі бойынша неғұрлым мол сусындап, оны тану және құрметтеу деңгейіне жетуіне оңтайлы жағдай тудыру қызметін орындаудан өріс алатын қағидаттар осы қазақ әдебиеті пәні бойынша өзге тілді мектептер үшін білім берудің негіздерін құрайды.