Смекни!
smekni.com

Инструктивно-методическое (стр. 7 из 26)

Оқыту орыс, ұйғыр тілдерінде жүргізілетін мектептерге арналған «Қазақ тілі» оқу пәні

Оқыту орыс, ұйғыр тілдерінде жүргізілетін мектептердің 5-9 сыныптарында «Қазақ тілі» пәнін оқыту ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш, негізгі, жалпы орта білім беру стандарты (МЖБС 2.003-2010) негізінде дайындалған бастауыш білім берудің типтік оқу бағдарламалары, ҚР Білім және ғылым министрінің «Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған ағылшын тілі оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тізбесін бекіту туралы» 2010 жылғы 26 қаңтардағы №20 бұйрығы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «2010-2011 оқу жылында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынған оқулық басылымдарының тізбесін бекіту туралы» 2010 жылдың 5 сәуіріндегі № 152 бұйрығы (толықтыру енгізу туралы 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 160 бұйрығы, 2010 жылғы 1 маусымдағы № 268 бұйрығы) арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жүйесін жетілдіру туралы» 2009 жылдың 25 қарашадағы № 547 бұйрығына сәйкес өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің 5–11-сыныптарында қазақ тілін қазақ тілінде оқытатын мектептің оқу бағдарламалары бойынша оқытылады.

Қазақ тілінен басқа тілдерде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі» пәні – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес «Тіл және әдебиет» білім беру саласына енгізілген міндетті түрде оқытылатын пән. Жалпы орта білім жүйесінде «Қазақ тілі» пәні гуманитарлық цикл пәндерінің ішінде алдыңғы орынды алады.

«Қазақ тілі» пәнінің маңыздылығы қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесімен дәйектеледі. Сондықтан қазақ тілін оқыту барысында өзге тілде білім алатын оқушылардың қазақ тіліндегі сөйлесім әрекетін мәдениетаралық қатысым құралы ретінде меңгерту көзделеді. Тілді білу оқушылардың интеллектуалдық, эмоционалдық және адамгершілік жағынан дамуы үшін жағдай тудырады, барлық пәндер бойынша білімдерді меңгеруіне мүмкіндік береді, олардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін арттырады, ғылыми көзқарастарын қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептердің 1–11 сыныптарына арналған қазақ тілін үйретудің 5 деңгейлі құрылымы бойынша әзірленген жаңа оқу бағдарламасы – орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгеруді қамтамасыз ететін; қазақша сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім) бастапқы деңгейде іс жүзіне асыратын; оқушының түсінікті сөйлеу дағдысы мен сауатты жазу дағдысын қалыптастыратын білім мазмұнын, көлемін, мөлшерін, оқу жүктемесін қамтитын; білім, білік дағды деңгейлеріне байланысты тақырыптық аяларды, дидактикалық ұстанымдарды; оқушылардың білімі мен білігіне қойылатын талаптарды анықтайтын нормативтік құжат.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Білім туралы» Заңдары мен Қазақстанда тілдерді дамытудың «2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» белгіленген міндеттер еліміздің білім беру жүйесінде көптілді меңгерген дара тұлға қалыптастыру мақсатын жүзеге асырудың ұтымды жолдарын анықтауды талап етіп отыр. Республиканың әдіскер-ғалымдарының қатысуымен тілді меңгерту бойынша өркениетті елдердің тәжірибесі мен отандық озық дәстүрлер үйлестіріле отырып, тілдері оқытудың жаңа бағыттары белгіленді.

Қазақстан Республикасының көпұлтты сипаты мен қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын жалпы білім беретін орта мектептерінде тілдерді оқыту мен үйретудің өзіндік ерекшелігі ескерілді және тілдерді деңгейлік меңгерудің Еуропалық жүйесі сарапталды. Соған орай, біріншіден, Европалық жүйеге сәйкестелген тілдік деңгейлер жалпы білім беретін орта мектептің 5–9 сыныптары бойынша сараланды. Екіншіден, негізгі және орта деңгейлердің сатылары айқындалды. Үшіншіден, негізгі және орта тілдік деңгейлер түйінді құзыреттіліктерге негізделді. Төртіншіден, негізгі және орта деңгейлердегі базалық білім мазмұны тілдік деңгейлер бойынша түзілді. Бесіншіден, оқушының білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар негізгі және орта деңгейлердің талаптарын ескере отырып сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша айқындалды. Алтыншыдан, әр сыныптағы бағдарлама материалдары тілдік бөлім, қатысымдық-сөйлесімдік бөлім және мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі бойынша сараланып ұсынылды.

Әлемдік білім кеңістігінде орныққан «Шетел тілдерін деңгейлеп меңгертудің еуропалық жүйесінде» белгіленген тілді игерудің 6 деңгейі мен олардың сипаттарының негізінде, Қазақстан Республикасының өзге тілді жалпы білім беретін орта мектебінің 1–11 сыныптарында қазақ тілін үйретудің 5 деңгейлі құрылымы айқындалды. Оқушының білім, білік, дағдылары орта мектеп жүйесінде тілді меңгертудің 5 деңгейінің ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, жіктелді. Атап айтқанда 5-7 сыныптардағы негізгі деңгейдегі талаптар үш сатыны қамтиды: 5-сынып негізгі деңгей - А2 2.1 - Қалыптасу қарсаңындағы игерім); 6-сынып негізгі деңгей - А2 2.1.1 - Қалыптасу қарсаңындағы ілгері игерім); 7-сынып негізгі деңгей - А2 2.1.2. – Қалыптасу қарсаңындағы толық игерім); Ал 8-9-сыныптар орта деңгей - А2; А2+ болып аталады да, ол іштей екі сатыға жіктеледі: (8-сынып А2.2; - Қалыптасқан игерім; 9-сынып А2+ - Ілгерілей қалыптасқан игерім).

5-9 сыныптарда «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – негізгі және орта деңгейлер бойынша қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан меңгерту; оқушыны өз ойын айқын, түсінікті жеткізуге үйрету, тілдік қабілеті дамыған дара тұлғаның дамуына мүмкіндік жасау.

Оқу пәнінің міндеттері:

· оқушыларды сөйлесім әрекетінің түрлерін әлеуметтік ортада қолдана білуге үйрету;

· оқушылардың тілдік дағдысы мен ойлау қабілетін дамыту;

· қарым-қатынас әдебінің нормаларын меңгерту:

· күнделікті өмір жағдаяттарында қазақ тілін орынды қолдана білуге дағдыландыру;

· оқушыны қазақ халқының мәдениетімен, әдебиетімен, ұлттық салт-дәстүрімен таныстырып, мәдени ортада пайдалануға баулу;

· оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, іскерлік дағдыларын жетілдіру;

· оқушылардың қазақ тіліне қызығушылығын дамыту, қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.

Оқу бағдарламасының жаңалығы – негізгі мектепте меңгерілетін тілдік біліктердің 2 деңгейге жіктеліп берілуінде. Білім деңгейлерін ішкі кезеңдерге бөлу білім беруді дара тұлғаға бағдарлау ұстанымына сай іске асады. Бір деңгейдің алғашқы сатысында білім мазмұнын игере алмаған оқушы бейімдеу, дамыту, психологиялық үйлесімділік ұстанымдары негізінде келесі сатыда тиісті мазмұнды меңгеруге мүмкіндік алады.

Тіл үйретуде оқушылардың дара ерекшелігін ескеру негізгі рөл атқарады. Мұғалім сыныбындағы әр оқушының қабілетін, қазақ тіліне деген көзқарасын білуі қажет. Шығармашылық қабілеті жоғары дамыған оқушыларға әртүрлі тақырыптарда шығарма, әңгіме, реферат жазып келуді жиірек берген жөн. Ізденімпаз, қызығушылығы жоғары оқушыға ақпарат құралдарынан материал жинап, пресс-конференция сабағын өткізуді тапсыру оң нәтижесін береді. Оқытудағы тиімді ідістің бірі қатысым әдісінің негізгі мақсаты – оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетіне баулу, тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру, сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету.

Пәндік, пәнаралық сипаттағы дидактикалық және сюжеттік, рөлдік ойындар оқушыға өзін танытуға, жолдастарының пікірімен санасуға, шешен сөйлеу қабілетін үйренуге, жан-жақты білімін көрсетуге мүмкіндік береді. Ойын тілдік жағдаяттарда оқушыға қарым-қатынас мәдениетіне төселдіреді.

Білім мазмұнын толық игерген оқушының білімдерін жетілдіру мақсатында немесе үлгерімі төмен оқушыға қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін факультативтік сабақтар ұйымдастыруға болады. Мысалы, «Тіл дамыту», «Қазақша сөйлейміз», «Қызықты грамматика» және т.б.тақырыптарды таңдауға болады.