Қазақстандағы витраж өнерін айрықша айқын, ерекше етуге үлкен талаптар бар, әсіресе еліміз бен шетелдерде сұранысын көбейту маңызды.
Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақстанның ХХ ғ.соңы – ХХІ ғ. басындағы витраж өнері.
Зерттеу жұмысының пәні. Қазақстандық интерьер дизайнындағы витраж өнерінің дамуының негізгі тенденциялары мен композиция-технологиялық ерекшеліктері.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар ширегіндегі бейнелеу өнерінің дамуының жалпы көрінісіндегі витраж өнерінің маңызы мен рөлін анықтау.
Осы мақсатты ашу барысында зерттеу жұмысында төмендегідей міндеттер қойылады:
· Витраж өнерінің тарихы мен библиографиялық дереккөздерді зерттеу.
· Қазақстанның заманауи дизайнындағы ұлттық мәдениет пен дәстүр контексіндегі витраж өнерін қолданудың негізгі көзқарастары мен ұстанымдарын айқындау.
· Қазақстандағы витраж өнерінің көркем мәнерлеу құралы кешенінің негізгі нақыштарын анықтау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы автор алғаш Қазақстан Республикасының витраж өнерін зерттеу мәселесіне назар аударып отыр.
Зерттелу деңгейі. Магистерлік диссертация көлемінде витраж өнерінің даму тарихы, қазіргі заман тәжірибесінің сәулет өнеріндегі витраж өнерінің қолданылуы мен витраж өнерінің өндірісінің технологиялық үрдістері қарастырылады. Автор витраж өнерінің композициялық және декоративтік мүмкіндіктері жеткіліксіз түрде зерттелген деп атап өтеді. Мұның өзі біздің көзқарасымыз бойынша ең алдымен біртұтас аналитикалық жүйенің болмауымен түсіндіріледі. Монументалды витраж өнерінің декоративтік және композициялық ерекшеліктері жайлы жиналған мағлұматтардың жекелеген, бытыраңқы сипаты оның сәулеттік кеңістікпен синтезделу үрдісін кешенді түрде ұғынуға қиындық туғызады.
Көптеген дереккөздер тарихи-хронологиялық сипатқа бағытталған витраж өнері, өнердегі белгілі бір стильдер контексі аясында зерттелінеді.
Сәулет және кескіндеме өнері салаларында жұмыс істейтін мамандарға мұндай зерттеулерде теориялық еңбектер мен жүйелі аналитикалық қорытындылар жетіспейді. Сондықтан бұл мәселенің шешімі витраж ісінің дамуы мен заманауи өнердің жеке дербес түрі ретіндегі өзектілігін анықтайды. Андри де Моран «История декоративно-прикладного искусства» атты кітабында археологтардың ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі ашқан жаңалықтарын барынша ескеріп, мамандардың еңбектерін қолдана отырып, біздің ежелгі өркениеттер жайлы мәліметтер мен витраж өнері бойынша библиография көлемін байыта түседі. [4]
Кеңес заманы кезеңіндегі витраж өнерінің үлгісінде, сол сияқты каталогтар, репродукциялар негізінде автор осы өнер түрінің көркемдік ерекшеліктерін ашады және сонымен қатар әртүрлі заманауи витраж цехтарының каталогы үлгісінде заманауи витраж өнерінің дамуы мен негізгі бағытын көрсетеді.
Витраж өнерінің зерттелуінің негізгі деңгейі шетел ғылыми әдебиеттерінде зерттелінген. Германия мен Франция елдерінде ойлап табудың біріншілігі мәселесі қазіргі кезге дейін даулы мәселе. Диссертацияда бірқатар шетел басылымдары материалдары қолданылған.
Кейінгі жылдары аударма басылымдардың шығуы, витраж өнеріне қатысты жалпы көзқарас пен мағлұматтар шеңберін кеңейте түсті. Соның ішіндегі біздің пікірімізше американдық зерттеушілердің Э. Уили мен Ш.Чиктің ««Искусство цветного и декоративного стекла» атты еңбек ең маңызды болып табылады. [5]
Витраж өнерінің тарихына үңілсек қызықты, бірақ қысқаша эпизодтық түрдегі готика немесе модерн дәуірлеріне арналған әдебиеттерде орын алады. Бұндай зерттеулер: Е.И. Ротенберг, [3,4] О.Е. Лесковский, [19] К.М. Муратов, [35] Д.В. Сарабьянов [37] еңбектерінде кездеседі. Кейбір жекелеген отандық витраж өнері тарихының кезеңдері жайлы Н.Н. Качалов [5] және Н.Т. Яглова [25] еңбектері, сонымен қатар Е.И. Батанов, [11] Н.В. Воронова, [18] және т.б мақалалары осы төңірегіндегі мағлұматтар аясын кеңейте түсті. Бірақ, олардың алдында тарихи контекстте витраж өнерінің табиғатын түсіну мақсаты тұрмады. Ең бірінші көлемді жалпыландырылған тарихи материал Е. Минухиннің «Витражи» атты зерттеу жұмысында ұсынылған, алайда, бұл басылым жарты ғасыр бұрын шығарылған болатын. [10]
ХХ ғасырдың екінші бөлігіндегі витраж өнерінің қалыптасу үрдісін түсінудегі Кеңестік Ресей монументалды өнерін зерттеушілердің еңбектері үлкен ықпал-әсерін тигізді. Олар: И.Н. Воейкова, [13] С.С. Валериус, [15] сынды авторлар және сонымен бірге 90-шы жылдардың басына дейінгі «Советское монументальное искусство», «Советское художественное стекло» жинақтары мен «Архитектура СССР», «Советский художник», «Искусство», «Декоративноое искусство СССР», «Нева» сынды журналдарда басылған жекелеген мақалалар витраж өнерінің мәселелерін көтеріп отырды. Дегенмен, осы 90-шы жылдардың басына дейінгі В. Лебедеваның іргелі еңбектерінде немесе кезеңдіік басылымдардағы мақалаларда (Н.В.Воронов, В.П. Статун, [20] С.М. Жукаускас [22]) – витраж өнері монументалды өнердің тәжірибесімен байланыста қарастыру басымырақ болды.
2009 жылы Т. Жүргенов атындағы өнер Академиясында ашылған алғаш витраж цехы осы өнерге қызығушулық танытқан елеулі оқиға болды. Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның витраж цехында орындалған студенттердің аса қызықты шығармашылық жұмыстары көптеген көркемөнер көрмелері мен вернисаждарға қатысқаны белгілі.
Витраж өнері саласын зерттеуде қалыптасқан жалпы көрініс, диссертанттың материалды зерттеуге өзіндік көзқарас қалыптастыру қажеттілігін туындатты, ол зерттеу жұмысына қатысты, жекелеп айтқанда, дереккөз аясын кеңейту, витраж өнеріндегі зерттеулерді және сонымен қатар, тарихи-мәдени, мәдениеттанулық бағыттағы жалпы еңбектерді қосу болып табылады.
Диссертантпен көркем шыны дайындау және витраж шынысын дайындау технологиялары тарихын зерттеу жұмыстары қолданылды. Ол А.А. Карбоннер, А.Г. Ланцетти, М.Л. Нестеренко, Е.В. Попова, М.А. Цейтлин, В.В. Шмидт [16] сынды зерттеушілер еңбектері. Сол сияқты көркем шыныны зерттеудің түрлі аспектілеріне арналған Л.В. Казакова, Н.Н. Качалов, Е.А. левинсон, Т.А. Малинник, Ю.П. Сергеев, Б.А. Смирнов, Б.А. Шелковников, [17] Ф.С. Энтелис [23] еңбектері маңызды орын алады.
Декоративтік өнердің табиғаты мен оның сәулет өнерімен синтезін түсінудегі тікелей болмаса да, жанама ықпалын тигізген зерттеулерде өзінің үлкен септігін тигізгені анық. Ол А.В. Иконников, [24] С.Б. Базальянц, [26] Г.П. Степанов, [27] Ю.Я. Герчук, [28] Е.Б. Мурина [41] тәрізді зерттеушілерлдің еңбектері.
Терминологиялық әр түрлі оқылу мәселесінің белгілі бір көлемде шешімін табуға В.А. Аронов, [29] М.С. Каган, М.А. Коськова, В.Г. Власов [33] еңбектері септігін тигізді.
Ұсынылған магистерлік диссертацияда витраж өнерінің бүгінгі күндегі тәжірибесіне басты назар аударуы маңызды аспект болып табылады.
Қазіргі таңдағы витраж өнерімен айналысатын шеберлердің, фирмалар мен бірлестіктердің шығармашылық қызметін зерттеу, ұсынылған магистерлік диссертациялық жұмыстың негізі болды. Мұндай материал жүйелеуге бейімделіп және заманауи өнертану ғылымы айналымына ұсынуға мүмкіндік туғызады.
«ЖиС» факультеті витраж цехында орындалған көркем және декоративтік көркем туындылары студенттердің жеке коллекцияларындағы жұмыстары және заманауи интерьерлерде орналасқан витраждар, диссертант үшін маңызды көркемдік және зерттеу материалдар болды. Суретшілермен көптген жеке кездесулер мен сұхбаттасу, шеберханаларына барып витраж жасаудың технологиялық үрдістерін қарап, үйрену осы өнер түрінің қыр-сырын тануға, сондай-ақ жалпы ғасыр ширегіндегі көркем тәжірибесін түсінуге мүмкіндік берді.