Абай Құнанбаев.
(1845-1904)
Абай Құнанбаев (Ибраһим) 1845 жылы 10 тамызда бұрынғы Семей уезі,Шыңғыс болысында дүниеге келген. Абай Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірінен туған.Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руынан шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы. «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан үміт күтеді.
Абай әуелі ауылда Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша хат таниды.Абайды әкесі он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді.Ол бос уақытында Шығыстың ұлы ақындары Низами,Сағди,Қожа Хафиз,Навои,Физули,Фирдоуси шығармаларын өз бетімен оқып,ертегі,дастан,қисса сияқты әдеби мұралармен танысады.Қаладағы медреседе үш жыл діни оқу арқылы Абай араб,парсы,шағатай тілдерін жетік біліп алды. Қазақтық халықтық өлең-жырларын,ертегі,қисса,аңыз-әңгімелерін әжесі Зере бәйбішеден халық ақындары Шөже,Бәйкөкше,Балталардан естіп,жастай жадына сақтады.Әкесі Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.
Абай айналасындағылармен әзіл-қалжың түріндегі сөз қағыстыруларда оның тілінде тақпақ, ұйқасты оралымдар ұшыраса бастайды. Қазақ салтында бар бірер ауыз өлеңмен сөзге тарту, біреудің кемшілігін өлең қылу сияқты қылықтар да кездесіп қалып отырады. Бірақ, бұл оның ақындық жолға талпынысы емес еді. Өйткені, Құнанбай сияқты кісілер тұқымына ақын-әншілікті кәсіп қылу мін саналған. Тілді, тапқыр Құнанбайдың өзі де, оның әжелері мен аталары да бірер ауыз өлең шығара беретін болған. Ондай өлең сөздерінің ел есінде сақталып, біздің заманға жеткендері де жоқ емес. Бірақ олардың ешқайсысы да онысын ақындық санамаған. Әйтсе де кішкентай Абайдың үлкендерге еліктеп әзіл-оспақ ретінде шығарған шумақтарынан туа дарыған ақындық танылғандай. Болашақ данышпан ақынның 10 жасында шығарған сондай бір шумақ өлеңі сақталған. Оның шығармаларының толық жинақтары, әдетте, сол өлеңмен басталады.
Абай парсы,тәжік әдебиетінің кемеңгері Фирдоусидің,әзербайжан ақындары Низами мен Физулидің,парсы ақындары Сағди мен Шәмсидің, түрік ақыны Сейхалидің,өзбек классигі Навоидың көптеген шығармаларын,оның ішінде «Шаһнама»,«Ескендір-нама», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархат-Шырын» және арабтың «Мың бір түн» сияқты тамаша туындыларын сүйіп оқып,сол арқылы Шығыс елдерінің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен,әдет-ғұрпымен танысты.Олардың кейбіреулерін өз шығармасының сюжетіне арқау етті. Мысалы, Абай шығыс халқының «Масғұт» атты ертегісін өз поэмасының мазмұнына желі етеді.
Абай жылдың төрт мезгілін арнайы тақырып етіп,тамаша өлеңдер жазды.
Оның жылдың төрт мезгілі жайлы өлеңдері 1886-1890 жылдар арасында орыс, батыс классиктерін еркін оқып меңгергеннен кейін туған.
Абайдың «Қыс» деген өлеңі бүкіл елге танымал.
1860 жылдардың аяғында Абай өзінің білімінің таяздығын сезініп, Семей қаласындағы Гоголь кітапханасына келіп, Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын өз бетінше ізденіп оқи бастайды. Осы кітапханада Л.Н. Толстойдың шығармаларын оқып отырған Абай Петербург университеті студенттерінің саяси ереуіліне қатысқаны үшін жер ауып келген жаратылыстанушы ғалым Е.П. Михаэлиспен кездесіп,танысады,кейін олар айырылмас дос болып кетеді.
1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жазды.Бұл өлеңінде білім,ғылымның адамға пайдасы туралы айта келіп,әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы ғылым болуы керектігін түсіндіреді.
Жастайынан ел билеуші болыс,билердің,орыс шенеуніктердің еңбекші халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын,әділетсіздігін көріп өскен ұлы ақын Абай олардың озбырлығын мінеп-сынап бірнеше өлеңдер шығарды. Мысалы,«Қараша,желтоқсан мен сол бір,екі ай» деген өлеңінде бай мен кедейдің қарама-қарсы өмірін салыстыра суреттейді.
Абай 1889 жылы А.С.Пушкиннің атақты «Евгений Онегин» романын өлеңмен аударды.
Пушкин шығармаларын аудару, оны танып бағалай білу – Абай ұлылығының бір жарқын көрінісі. «Евгений Онегин» Абай көңіліне тіпті жақын келді.
Абай XIX ғасырдың 90-жылдары өзінің ой толғаныстарын қара сөздермен жазған.Өз шығармасын қара сөзбен жазудың публицистикалық түрінің негізін қалаушы Шоқан болса,көркем қара сөз қазақтың көркем жазба әдебиеті тарихында Ы.Алтынсариннен басталады.
Абай еңбектің адам баласының игілігі үшін аса қажетті іс-әрекет екенін айта келіп,оны жоғары адамгершілік қасиетпен байланыстыра қатыстырады.Мәселен,ол:«Өзің үшін еңбек қылсаң,өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың.Адамгершіліктің қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»,«Әкесінің баласы-адамның дұшпаны,адамның баласы бауырың»,-деп бүкіл адам баласын сүю, халыққа, көпке пайдасын тигізу сияқты ұлы гуманистік қасиеттерді дәріптейді.Абайдың қара сөздеріндегі еңбек, ғылым,адамгершілік,әділдік,т.б. туралы озат ой-пікірлер оның ағартушылық, демократиялық көзқарасын айқындай түседі. Абай Құнанбаевтің:
Пайда адамзатқа не керек:
Сүймек,сезбек,кейімек.
Харкет қылмақ,жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Адамның адамшылығы–ақыл,ғылым,жақсы ата,жақсы ана,жақсы құрбы, жақсы ұстаздан басталады.
Адам баласы адам баласынан ақыл,ғылым,ар,мінез деген нәрселермен озады.
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын,деген ұлы сөздері бар.
Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес,даналық сөздер. Онда ғылыми философиялық толғаныстар кең орын алған. Абай қара сөздерді жазуға зор дайындықпен келген. Ол бұл еңбектерін діни сопылық-теологиялық ғылымды да, жаратылыс заңдарын ашқан Галилей, Коперник, Спенсер, Ньютон, Пифагор, Дарвин еңбектерінде, ертедегі философ ғалымдар Сократ, Аристотель, Платон шығармаларында, Шығыстың ойшылдары – Фирдоуси, Шамси, Бабыр, т.б. еңбектерінде оқып, ақыл-парасаты әбден толықсыған шағында жазуға кіріскен. Ол қара сөздердегі келтірілген терминдік атаулар мен сілтемелерден немесе ой-пікір үндестігінен байқалады.
Абайдың қара сөздерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең, оқушыға ой саларлық, ғибрат беруді көздей құрылған. Көпшілік қара сөздерінде философиялық сұрау беріп, сол сұрауға өзі жауап беруге тырысады. Немесе өзімен-өзі кеңесу, ой-пікір білдіру үлгісінде құрылады. Бұл – Батыс, орыс ойшылдарының көп қолданған әдісі. Ғылым, көркемөнер, этика мәселелері туралы өз көзқарастарын білдіруде олар осы әдісті кеңінен пайдаланған. Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері. Абай туындыларындағы басты орын алып отырған мәселе – еңбек тәрбиесі. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына кәміл сенеді, ал еңбекпен, саналы оймен, ақылмен істелген істің ғана нәтижесі болады деп санайды. Осыған орай ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының (дара тұлғаның) басты құдіреті деп түсінеді. Сондықтан: