Смекни!
smekni.com

М.Ма аев (стр. 2 из 3)

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, –

деп, өз өмірінің жалғасы өлеңінде екеніне сенеді.

Жарық дүние-ай,

жаным-ай менің,

Ғажапсың!

Ғажапсың шіркін!

Амал не, тезсің,

аз-ақсың...

Қадірін нұрдың

сезбеген жанға

азапсың!

Ғажабын-ай,

көрмеген жанның

көзі ақсын!

Бұл өлең жолдарын өмір гимні деуге болады. Мұндағы өмірге деген құштарлық адам рухын жаңғыртып, сезімін сілкіп оятатындай күшті де тегеурінді.

Мұқағали суреттеген табиғаттан ерекше сыр мен сымбат, түр мен түс көргендей, даланың жұпарын сезгендей күй кешеміз. Бірде:

...Бозқараған...

Көрдің бе бозқараған?

Жұпар исі аңқиды боз даладан... –

десе, тағы басқа бір өлеңінде бұл ғажап сарын:

...Жадырап жұтайыншы тау самалын,

Осы еді ғой сағынып, аңсағаным.

Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,

Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын, –

болып жалғасады, оқушысын ақынмен бірге еріксіз ән салуға жетелеп, жүрегіңді бір қуаныш сезімі билейді. Өмірге құштар ыстық махаббаттың лебі еседі.

Мұқағали өзінің «Толғау» атты өлеңінде бүкіл жан-дүниесімен: «Кел, ақын керемет бір жыр жазайық», – деп, ақынмен ақтарыла сырласады. Нені жазу керек екеніне ақындық, азаматтық тұрғыдан өзі толық жауап береді.

...Жеткіз жұртқа бүгінін, өткендерін,

Қысын, күзін, жазы мен көктемдерін.

Жадында тұтсын ұрпақ, жасырмай айт,

Ақтабан шұбырынды өткелдерін,

Аруды арам жандар өпкендерін,

Боз інген ботасы өлген бой жаза алмай,

«Елім-ай»

Аруана шөккен жерін.

Өлшесін бүгіні мен өткендерін!

Көре алмай Жерұйықтың көк белдерін,

Көрсет Асан запыран төккен жерін.

Түсінсін де тұшынсын бақытты ұрпақ,

Бабалары не жапа шеккендерін!

Бұл өлең, жолдарынан бүгінгі ұрпақтың кешегінің мән-мағынасына зерделеп, үңілмей, ұғып-түсінбей бүгінгінің қадірін біле алмайтынын ашып көрсетеді. Ақын жырынан туған еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі айқын көрінеді.

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер! –

деп, қазақ жеріне деген зор құрмет пен сүйіспеншіліктің әсерінен шабыттан шыққан ақын үні таныла түседі. Мұнда даланың кеңдігі, жомарттығы, дарқандығы, кешегі қайғысы, бүгінгі шаттығы – барлығы оқушының көз алдынан өтеді.

Кімнің болса да жанына жақын, жүрегіне ыстық туған жерге, елге деген ерекше сезімі ақын өлеңінде ұлттық сипат ала отырып жырланған.

Кемел ойлы ақынның қай туындысы болмасын, өз еліне, жеріне деген шексіз махаббаттан туған дүниелер.

«Райымбек! Райымбек!» поэмасы

Мұқағали лирикалық өлеңдерімен бірге бірнеше поэмалар жазды. Терең оймен, ыстық ықылас сезіммен, халқын сүйген жүрекпен жазылған шығармаларының бірі – «Райымбек! Райымбек!» поэмасы.

Қазақ халқының тарихындағы өте бір ауыр кезең «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» оқиғасы қазақтың ауыз әдебиетінде де тарихи әдебиетінде де кең жырланған. Поэмасы сол кездегі ел басына туған қиын халді көрсететін халықтың азалы әні «Қаратаудың басынан көш келеді” өлеңінің ырғағымен басталуы көп жайды аңғартады.

Есімі Албанның ұранына айналған, жоңғар басшылығына қарсы күрескен Райымбек сынды қазақ батырының өмір жолы өз халқының тағдырымен бірге, бірлікте алынып суреттеледі.

...Иә, «Қара таудың басынан көш келеді»...

«Қара таудың басынан көш келеді»,

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Осы шумақтағы қара тау, қара жорға, қара күн, қара түн, қара қайғы, қара жау тіркестерінің өзі-ақ ел басына түскен аса ауыр халық қайғысын, ауыртпалықты айқындай түседі.

...Көш келеді, боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе салған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады.

Әр қазақтың естіліп боздағаны...

Қайда барып, қалжырап жатар екен?!

Қандай сордың сортаңын татар екен?!

Көр болса да болса екен қазақ жері,

Қазақ жері болғасын – Атамекен.

Поэма үш бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде ақын қазақ елінің басына түскен ауыртпалықты, елінен, жерінен айырылған халықтың мұңы мен зарын, ауыр тағдырын қабырғасы қайыса отырып жырлайды.

Екінші бөлімде айтқанынан қайтпайтын өжет, қайсар, жасынан елінің: қамын жеген Райымбек тұлғасы әр қырынан жан-жақты танылып, баяндалады.

Үшінші бөлімде – Албанның жас батыры ретінде Райымбектің танылуы. Ел тағдыры, бүтіндігі, жұрт болуы бірлігіне, ынтымағына байланысты екенін жақсы түсінген Райымбектің іргесі сөгілген елдің басын қосуға талпынуы, қолбасшылыққа қол жеткізуі жырланады.

Поэмада халықтың ащы зары мен мұңы ақынның құлағына жеткендей болады. Ақын өзімен бірге оқырманды да күйзелтіп, күңіренте түседі. Мысалы:

Таяқ та жоқ тігерге – дым қалмаған,

Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,

Сырлар бар-ау қойныңда, туған далам,

Ақтарылған қанынан қазағыңның,

Құзғыны да Құдайдың құр қалмаған.

Сенде ме?..

Сенде сұмдық сыр бар, далам...

Қан сасыған далаңа қарайды да,

Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау... –

деп, поэма жалғаса береді. Иә, ақын өзі жырлап танытқандай елінен, жерінен бір сәт те бөлінбейді, үнемі бірге тұтасып отырады. Елін жау шауып, жерін жау қаптап, талап жатқанда, халық арасынан қарсы келіп күресер батыры шықпаса одан өткен қайғы жоқ екенін жақсы түсінген: ақын оқиғаны ерекше ыза, намыспен суреттейді. Оның себебін іздеп, өзінше жырлап, өлең жолдары арқылы жауап береді. Мысалы:

Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой,

Қанатымыз қайырылып, топшысынан сынды ғой.

Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ,

Алауыз боп өзді-өзі, Құдай бізді ұрды ғой.

Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым,

Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың?

Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ

Білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын.

Суырдайын күн кешіп, әркім ойлап өз басын,

Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын,

Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ,

Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын, –

деген Қабай жыраудың аузынан айтылған жыр жолдарынан ақынның ел бүтіндігінің, беріктігінің негізі бірлік-берекеде екенін, алауыздықтың ақыры ел басына үлкен қайғы әкелетінін анық таныта түседі. Өткен тарихымызға үңілдіре отырып, ақын шынайы шындықты арқау етіп, бүгінгілердің намысын қайрап, жігерлендіріп, қайраттандыра түседі. Бейбіт өмірге, тәуелсіздікке жетудің оңай емес екенін ұғындырады.

Бұл – поэманың өзегі мен негізгі идеясы. Бірақ ақын ел болып қалу үмітін жоғалтпайды. Мысалы:

Айтса тілін алдырған.

Алмастан оғын жондырған.

Ата қазақ баласын

Алақанға қондырған.

Бар қазақтан – бір қазақ,

Табар ма екем, әулие?.. –

деп, үлкен үмітпен жырлайды.

Өз елінің ішінен жауға қарсы «елім деп еңіреп шыққан» ешкімнің болмауы поэмадағы ақын кейіпкері Райымбектей өрім жастың намысын қамшы тигендей ширықтыра түседі.

Бала Қабай жыраумен кездеседі.

– Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,

Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.

Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар

Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.

Тартпаған соң, олар да әуреленіп жатпады,

Алды дағы аларын, белімізден аттады.

Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде,