Смекни!
smekni.com

М.Ма аев (стр. 1 из 3)

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

(1931-1976)

Мұқағали Мақатаев Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Өзінің шынайы таланты, сырға толы тұнық та мөлдір жырлары арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапқан Мұқағали мұрасы бүгінде туған халқының қажетіне жарап, рухани азығына айналып отыр.

«Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» ақын поэзиясы адамның ішкі жан тереңін, нәзік сезімдерін шынайы да әсем бейнелейді.

Оның «Автограф» деген ойлы да тебіреністі өлеңін оқып көрелікші.

Көрер едің,

Шаламын ба, отпын ба,

Білер едің

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

Түсінер ең

Езбін бе, әлде ермін бе,

Байқар едің,

Артықпын ба, кеммін бе?..

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенің өзін Цезарь болып көрдің бе?

Сырым да – осы,

Жырым да – осы

Алдыңда.

Байқашы бір:

Бықсыдым ба, жандым ба?

Мақаңдар жоқ,

Мақаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Өлеңнен Махамбеттің өршіл рухына тәнті, өзі де сол кейіптес өр мінезді ақынды көреміз.

Енді бірде:

Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

Айтарын ашып айтқан, абайламай

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай!!! –

деп, ұлы Абайға, ер жүрек ерен талант Махамбетке табына, оларды үлгі тұта отырып, өз намысын қайрап, ширыға түседі. Абай мен Махамбеттің асыл сөздерінен куат алып, өнерге, өлеңге деген, өзіне қоятын талап пен талғамы биіктей береді.

Мұқағали поэзия құдіретін адамдык асыл сезіммен байланыстыра кабылдайды. Өмірдегі жақсылық, махаббат атаулының негізі де осы аяулы сезім күшінде жатыр деп түсінеді, сезіне біледі.

Міне, сондықтан да оның ұғымында ақын мен поэзия біртұтас бейнеге айналады.

Поэзия!

Менімен егіз бе едін?

Мен сені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім...

немесе:

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,

Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.

Қуаныштан, түршігу – күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттардан іздедім, сағаттан да,

Сені іздедім

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

Ақын халықтың жүрегіне жол табатын өлең тудыру оңай емес екенін жақсы түсініп, сезіне біледі. Сондықтан ол:

Өлең деген тумайды жайшылықта, –

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа.

Айшылық жол...

Шөлдейсің, зарығасың, ...

Даламенен жүресің, тау асасың,

Сезесің биігін де аласасын.

Кенезең кепкенде бір, лай суға

Кез келген мақұлықпен таласасың...

немесе:

Міне, осылай өлеңнің кілті деген,

Құйттай жүйкең қалмайды сілкілмеген.

Аттанам деп алысқа, айдалада

Адаспаса болғай-ды шіркін өлең... –

деп жырлай келе, нағыз ақын болудың керемет қуанышты да азапты екенін жеріне жеткізе ашып айтады.

...Ақындық – бір жазылмайтын дерт екен,

Ақындық – бір ауру екен, соны ұқтым...

...Ақын деген лапылдаған өрт екен,

Ақындардың жанып өту – серті екен.

Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,

Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем.

Жанып өтем, жанбай қайтіп тірі өлем,

Жаумай қайтіп, жаумай қайтіп түнерем.

Тіл тыйылмай, жүрек тынбай тынбайтын,

Өміріммен өтер болды бұл өлең...

Бұл өлең жолдары «ақын болуды», «ақын боп қалуды», азаматтық асыл мұрат еткен талант табиғатын танытады.

Ал өзінің күнделік жазбасында ақындық табиғаты жөнінде:

...«Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде», – деп түйіндейді.

Ұлы Абай өлеңдерінен нәр алған, бүкіл болмысымен терең түсіне білген ақын қазіргі қазақ поэзиясындағы Абай салған сара жолдың тарихи, шапағатты мәнін тебірене сипаттайды.

...Талай жылдар өтсе де, талай заман,

Қалам тартар қазақта ақын туса,

Аруағына Абайдың қарайлаған.

Абай болу, әрине, оңай емес,

Ақын болмай қалсақ ғой...

Қалай жаман!

Абай үніне үн қосып, Абай өнегесін үлгі тұту өз жанының аңсары, қалауы екенін білдіреді.

...Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,

Ермек үшін, немесе өлмеу үшін.

Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын.

Жаралы жүректерді емдеу үшін.

немесе:

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден,.. –

деген жыр жолдарынан, Мұқағалидың өзі айтқандай, «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» жанын салған ақын бейнесі танылады.

Поэзияда негізінен Абай салған дәстүр – адам сезімін табиғаттағы бейкүнә тіршілік иелерінің жанды бейнесі арқылы көрсету дәстүрі Мұқағали поэзиясынан заңды жалғасын тапты. Мысалы:

...Көзің қайда көшеден мені іздеген,

Сөзің қайда жанымыз егіз деген?

...Терезеннің алдына келіп тұрмын,

Көгершіндей,

Қысты күн... жем іздеген...

Осы үзіндінің адамға әсері керемет. Қыстыгүні жем іздеп терезе алдына келіп тұрған момақан құстың жалынышты бейнесі оқырман жүрегін шымырлатып, ерекше күйге түсіреді. Автор махаббат күйінішін тың суреттер арқылы қарапайым сөзбен өте әсерлі жеткізген.

Ақын поэзиясының нұрлы өзегі – ар мен жан мөлдірлігі, риясыз тазалығы.

Ақиқаттың, «шындықтың ауылын іздеуде» (С.Торайғыров) ақын ауыр жол, азапты күрес сынынан өтіп ширыға түседі:

...Жол қайда ақиқатқа апаратын?

Ел қайда Ақиқат деп аталатын.

Айлакер, арамзалар, алаяқтар,

Аяғы көктен келіп, маталатын.

Жауабы қиын сан сұрақтар ақын жанын мазалайды, ол соларға тынымсыз жауап іздеп, шыңдықты жырға қосып, болашаққа үлкен сеніммен қарайды. Мәтінге жүгінейік:

Шындық көзге шұқиды қашаннан да,

Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба?

Ар-ақиқат үкімі жасалғанда,

Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да...

немесе:

Адалдық ақиқаттан сомдап соққан

Тасқа салсам мұқалмас қаруым бар, –

деп қайсарлық танытады.

Ақиқаттың алдында бүгежектеп,

Тағасыз байталдайын сырғанама,.. –

деген жолдардан зілді де қатаң талап үнін естіп, бойыңды жинап аласың.

Мұқағали өмірге құштар, ғашық. Адам үшін өмірдің соншама қымбаттығын Мұқағалидан артық жеткізіп айту қиын сияқты. Оған мына жолдарды оқу арқылы көзімізді жеткіземіз:

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер қой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,

Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!..

Тіршілікте өмір ағымында кездесетін келеңсіз жайлар, неше алуан пендешілік күйлер ақын жанын күйзелтпей қоймайды. Бірақ ол ешқашан өмірден. түңілмейді, қайта өмірге деген құштарлық сезімі өрши түседі. Өз жырларымен төгіле отырып, өнерінің мәңгілік өміршеңдігіне кәміл сенеді, оқушысын да сендіреді. Келешекке зор үміт артқан ақын:

... Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,