2. Бас бостандығынан айыру түріндегі жаза режимің тиімді өткеруді (атқару) қамтамасыз ету дегеніміз - оның әрбір талабын уақытында және тиісті орындауды айтамыз. Түзеу мекемесінде қылмыстық-атқару құқық қатынастарына барлық қатысушылардың мінез-құлқы жазаны атқартатын режимді реттеуші құқық нормаларына сәйкес келуі тиіс. Режимнің талаптарын қатаң орындамай, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға түзеу шаралары жүйесінің тиімді әсер етуі мүмкін емес. Бұдан басқа түзеу мекемесіндегі режим сотталғандарға бақылау жүргізіп, оларды күзету арқылы, оларға мадақтау мен жазалау шараларын қолдану арқылы, ал төтенше жағдайда қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз етіледі.
Режимді қамтамасыз ету тәсілдері қылмыстық-атқару зандарындағы белгіленген негізгі талаптарын сақтауға бағытталған, сонымен бірге түзеу мекемесінде құқық тәртібін қолдауға бағытталған. Басқаша айтқанда, олардың мақсаты - режим талаптарын бұзуды алдын ала болдырмау шараларын қолдану, қылмыстық-атқару құқық қатынастарының субъектілері жағынан жіберілген құқыққа қарсы қимылдарды тоқтату, жіберген қатесі үшін жазалау шараларын қолдану.
Жазаны өтеудің режимі мен оны қамтамасыз ететін әдістердің жалпылама және түрліше ерекшеліктері бар. Олардың бірлігі мынада: 1) қылмыс жасау оларды қолданудың бастапқы себебі болады, ал оның құқықтық негізі - ол заңды күшіне енген және орындауға жіберілген сот үкімі болады; 2) сот үкімімен белгіленген жазаны өтеу мерзімі кезінде қолданылады; 3) сотталғандарды жекелей және жалпылай ескертудің, түзеудің, яғни тәрбиелеудің жалпылама міндеттерін атқару көзделеді. Ұстау режимі мен оны қамтамасыз ету әдістерінің арасындағы ен маңызды айырмашылық-ол режим жазалауды білдіреді, ал режимді қамтамасыз ететін әдістер жазаның міндетті элементтері ретінде қаралмайды, себебі олар қауіп төнбесе немесе режим бұзылмаса тіпті қолданылмайды. Сонымен, жазаны өтеу режимі мен оны қамтамасыз ету әдістері, түрліше құқықтық табиғаты бар, біршама жеке құқықтық құбылыстар. Режимді қамтамасыз ету амалдары оның маңызына кірмейді, ол сотталғандардың және басқалардың режимді бұзуынан қорғау үшін қызмет етеді. Бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеу кезінде, түзеу мекемелерінің барлық лауазымды адамдары сотталғандардың мінез-құлқын белгілейтін қылмыстық-атқару заңдарын сақтаулары, қызметтерінде өз міндеттерін бұлжытпай атқарулары тиіс.
Режимді қамтамасыз ету мақсатында сотталғандардың түзеу мекемесіндегі өндірісте маман ретінде өз еркімен жұмыс істеп жүрген азаматтармен қатысуына барынша шек қойылады. Түзеу мекемелерінің өндіріс объектілеріне жіберілгендер белгіленген тәртіп ережесімен міндетті түрде таныстырылып және олар қолхат беруі керек.
Сотталғандарға қандай да болмасын зат, тағам, ақша, әсіресе түзеу мекемелерінде ұстауға рұқсат етілмейтін заттарды беруге болмайды. Осы мақсатта өндіріс объектілерін оған кіретін, одан шығатын адамдардың киімін, заттарын тексеру белгіленген. Мекеме және күзетші әскери бөлімше қызметкерлері жоспарға байланысты түзеу мекемесінің тұрмыстық зонасын қарайды, сотталғандар түзеу мекемесіне кіргенде, одан шыққанда және олардың жеке заттарын, жататын орындарын тінтеді.
Түзеу мекемесінде режимді қамтамасыз ететін манызды амалдары жоғарыда айтылғандай - ол бас бостандығынан айыруға сотталғандарды күзету мен оларды бақылау, бұлардың көмегімен жазаны өтеу (өткеру) тәртібі, сотталғандар жағынан жаңадан қылмыс және басқа да қоғамға қарсы қылықтар жасамауды ескерту арқылы болады.
8-дәріс. Сотталғандардың еңбегін құқықтық реттеу.
1. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың негізгі қағидалары.
2. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың түрлері.
1.Сотталғандардың еңбек проблемасы көп аспектілі, сондықтан мұны қараудың белгілі бір өзіндік қиындығы бар. Бұл туралы ТМД елдерінде сотталғандардың еңбегін пайдаланудың орындылығы жөнінде әрдайым айтыс, талас пікірлер болып жүр. Айтысушылардың дәлелдерін қарастыра отырып, сотталғандардың еңбек проблемасы жөнінде өз көзқарасымызды белгілеп көрейік.
Сотталғандардың еңбегін пайдалануда қарсылары төмендегідей негізгі дәлелдерді келтіреді:
а) бұрынғы КСРО елдерінде сотталғандардың еңбегі қалыптан тыс ұлғайтылып көрсетілген. Егер де ол занда ресми түрде мәлімденіп және сотталғандарды түзеудің негізгі амалы ретінде қаралған болса, ал тәжірибеде еңбекпен түзеу колонияларының барлық әрекеті шын мәнісінде өндірістік тапсырмаларды орындауға бағынған болатын. Еңбекпен түзеу мекемелері өндірістік кәсіпорын ретінде жұмыс жасап, жоспар орындап және пайда әкелуге міндетті болған. Бірінші орында қалай да болса өндіріс жоспарын орындау міндеті қойылған, ал түзеу мақсаты екінші орынға ысырылған;
ә) сотталғандар істейтін кәсіпорындары шығарған өнімдердің сапасы көбінесе төмен болды. Сондықтан нарықтық экономикалық қарым-қатынасқа көшкенде онын көбі талап етілмей қалды, кәсіпорын өнім көлемін кенеттен төмендетіп алды. Электр, жылу, сумен жабдықтау шығындарын төлеуге мұндай өнім көлемінің шамасы келмеді. Түзеу мекемесі кәсіпорнының қуаттылығы тек 50% пайдаланыла бастады. Кәсіпорын бәсекелес өнім шығаруға аудару үшін қосымша қаржы талап етеді, ал оны табу қиын. Тіпті қылмыстық-атқару жүйесін ағымдағы қаржылаудың өзі қанағаттанарлық емес.
Сонымен, түзеу мекемелерінің кәсіпорнын жаңартуға қаржы жоқ және оны тапқан кезде шығаратын өнімнің сапасы қамтамасыз етілетініне кепілдік жоқ; бас бостандықтан айыру орындарындағы адамдар өне бойы өзгеріп тұрады, олардың көбінің тиісті мамандығы жоқ. Мамандық деңгейінің төмендігі, кадрлардың өзгеріп тұруы, адамгершілік еңбекке немқұрайлы қараушылық және басқа көптеген қиындықтар технологияны сақтау, яғни жоғары мәдениетті (өндірісті) қамтамасыз ету өнім сапасының кепілдігі мен бәсекелестігі болады;
б) барлық уақытта еңбек, қылмыс істеген адамдарды түзеудің амалы бола алмайды. Мысалы, өткен кездерде сотталғандар қылмысының сазайын тарттыру үшін азап шегуге (каторга) алысқа, өте ауыр жұмысқа айдалған болатын. Ендеше, еңбек пен еңбектің арасында айырмашылығы бар және оның тәрбиелеу мүмкіндігі де әр түрлі. Әрбір адамға кез келген еңбек жағымды әсер ете алмайды. Мысалы, бас бостандығынан айыруға музыкант, яғни скрипкашы сотталды дейік. Оны колонияда темір пісіруші, токарь немесе фрезеровшы т.б. болуды таңдап алуға мәжбүр етуі мүмкін. Ол, біріншіден, музыканттың қолын бүлдіреді, ал ең бастысы міндетті түрде еңбекке тарту арқылы түзегісі келген әрекеті қарсы нәтиже беруі ғажап емес.
Жоғарыда келтірілген жағдайдың пайда болмауы үшін құкық нормаларында сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың негізгі принциптері бекітілуі және оның рөлі терең анықталуы тиіс.
Сотталғандардың соның ішінде бас бостандығынан айырылғандар еңбегінің рөлі тәрбиелеу маңызымен аяқталмайды. Оны қолданудың экономикалық, тәртіптендіру, сауықтыру маңызы бар.
Экономикадағы қолайсыз жағдай, өндірістің құлдырауы сотталғандарды жұмысқа орналастыруды қиындатып жіберді. Қазіргі уақытта Республикада пайдалы еңбекпен орта тізіммен есептегенде сотталғандардың 27% ғана жұмыс істейді. Ал қол бостық мұндай криминогенді ортада теріс ықпалын көрсетеді, көбінесе ыдыратушылық әсер етеді, әр түрлі құқық бұзушылыққа, соның ішінде қылмыс істеуге мүмкіндік береді. Сотталғандардың еңбегі еркіндігінен айыру орындарында жөнге салу мен тәртіп сақтаудың маңызды амалы болып есептеледі. Қылмыстық-атқару жүйесін ағымдық қаржыландырғанда баға мен төлемнің (тариф, азық-түлікке және электр куатына) өсуін еске алмайды. Жыл бойында жоспарланған бюджеттік қаржының тек жартысы бөлінеді, ал ол сотталғандардың мөлшерлі тамағына жетпейді. Дәрі-дәрмек, киім-кешек алуға бюджеттен ақша бөлінбейді деуге болады. Сондықтан, сотталғандар еңбегінің экономикалық маңызы - оның экономикалық дағдарыс жағдайында түзеу мекемелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіуіне мүмкіндік беру және сотталғандардың тағам мен бірінші кезектегі керекті тауарлар алуын қанағаттандыру, ол босатылғаннан кейінгі айларда отбасына керекті қаражат жинауға көмектеседі.