Смекни!
smekni.com

Р ылмысты ат ару ы ыны т сінігі, п ні ж не курс ж йесі (стр. 27 из 33)

2.Қоғамдық жұмыстар деп сотталғанның негізгі жұмысынан немесе оқуынан бос уақытында қоғамдық пайдалы жұмысты тегін орындауын айтады. Оның түрлерін жергілікті атқару органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары белгілейді.

Қоғамдық жұмыстар алпыстан екі жүз қырық сағат мерзімге белгіленеді және күніне төрт сағатқа дейін өтеледі. Егер де қоғамдық жұмыстан қасақана жалтарса, онда ол Қазақстан Республикасы ҚК-нің, 45, 46-баптарында көрсетілген тиісті мерзімге бас бостандығынан шектеумен немесе қамаумен ауыстырылады. Мұнымен бірге, сотталғанның қоғамдық жұмыстарды өтеген мерзімі бір күн бас бостандығынан шектеу немесе қамау уақыты сегіз сағат қоғамдық жұмыстарға есептеледі.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталғанның тұрақты тұратын жерінде қылмыстық-атқару инспекциясының келісімімен жергілікті атқару органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары белгілейтін объектілерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқартады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза жөніндегі сот үкімі соттың тиісті қарарының (ұйғарымнын, қаулының) көшірмесімен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келіп түскен күннен бастап он күн мерзімнен кешіктірілмей атқарылады.

Қылмыстық-атқару инспекциясы: сотталғандардың есебін жүргізеді; оларға жазаны өтеудің тәртібі мен ережелерін түсіндіреді; жергілікті атқарушы органдармен немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қоғамдық жұмыстардың объектілерін белгілейді; сотталғандардың мінез-құлқын бақылайды; жазаны өтеуден жалтарған сотталғандарды ұстау туралы шешім қабылдайды; олардың атқарған уақытының жалпы санын жүргізеді және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшін қаржының тиісті бюджетке уақытында түсуін бақылайды.

Сотталғандар жазаны өтеудің белгіленген тәртібі мен ережелерін сақтауға, еңбекке адал қарауға; өздеріне бөлінген объектілерде жұмыс істеуге және сот белгілеген қоғамдық жұмыстардың мерзімін атқаруға, тұрған жерінің өзгергені туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға міндетті.

Сотталушыға негізгі жұмыс орны бойынша кезекті демалыстың берілуі қоғамдық жұмыстардың орындалуын тоқтатпайды.

Сотталған бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылғанда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жазасын одан әрі өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел аяғы ауыр болған жағдайда оның жазасын өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның мерзімі сотталғанның қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттарымен есептеледі.

Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндері мен сотталған негізгі жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндері - төрт сағаттан; жұмыс күндері - жұмыс әлде оқу аяқталған соң екі сағаттан, ал сотталғанның келісімімен - төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар ұзақтығы апта ішінде, әдетте он екі сағаттан кем болмауы керек. Дәлелді себептері болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталғанға апта ішінде жұмыс сағатын азырақ істеуге рұқсат ете алады.

Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкімшілігіне сотталғандардың жүктелген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына істелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтарғаны туралы хабарлау жүктеледі.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға сотталғандардың еңбегін пайдаланушы ұйымдардың әкімшілігі сотталғандардың істеген жұмысы үшін бюджетке ай сайын қаржы аударып отырады. Сотталғандардың жасаған жұмысының құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша айқындалады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден сотталғанның қасақана жалтарғанына мыналар кіреді: қоғамдық жұмыстарға дәлелді себептерсіз бір айдың ішінде екі реттен астам шықпаса; еңбек тәртібін бір айдың ішінде екі реттен артық бұзса; жазаны өтеуден жалтару мақсатынан жасырынғаны.

Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеудің тәртібі мен ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық зандарына сәйкес жауапты болатынын ескертеді.

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнінде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы қылмыстық Кодексінің 42-бабының екінші тармағына сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерімен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.

Қоғамдық жұмыстарға тарту әскери адамдарға, елу бес жастан асқан әйел адамдарға, алпыс жастан асқан ер адамдарға, аяғы ауыр әйелдерге, сегіз жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, I, II топтағы мүгедектерге белгіленбейді.

3.Айыппұл Қазақстан Республикасы ҚК-нің 40-бабында негізгі немесе қосымша жаза түрінде көрсетілген.

Айыппұл деп заң белгілеген жағдайлары мен мөлшерінде соттың шешімімен салынып ақшалай өндіріліп алынуын айтады.

Айыппұл мөлшері жасаған қылмыстың сыр-сипаты мен ауырлығына байланысты және жауапкердің мүлік жағдайын ескеріп белгіленеді.

Айыппұл Қазақстан Республикасы зандарынан белгіленген жиырма бестен жиырма мың айлық көрсеткіш есебімен немесе сотталғанның екі жетіден бір жылға дейінгі басқа кірісінен тағайындалады.

Айыппұл қосымша жаза ретінде заңда көрсетілген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін. Шартты соттау кезінде негізгі немесе қосымша жаза ретінде айыппұл түріндегі жазаны өтеуді тұрған жеріндегі немесе жұмыс істейтін орнындағы немесе мүлігінің тұрған жеріндегі аудандық (қалалық) халық сотының жанындағы сот орындаушылары жүргізеді. Бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретіндегі айыппұл түріндегі жазаны өтеуді сотталғанның негізгі жазаны атқарып жүрген жеріндегі аудандық (қалалық) халық соттарының жанындағы сот орындаушылары жүргізеді.

Сот үкімін жариялағаннан кейін сотталғанға өз еркімен Мемлекеттік -жинақ банкісіне бір ай мерзімде айыппұл сомасын төлеуді міндеттейді, ал төлемеген жағдайда оған оны төлеуге мәжбүр етілетінін ескертеді.

Егер сотталғанның айыппұлды тез төлеуге жағдайы келмесе, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес айыппұлды төлеу ұзартылады немесе алты ай мерзімге дейін кейін қалдырылады.

Айыппұлды төлеуді ұзарту немесе кейінге қалдыру сотталғанның, оның қорғаушысының, сондай-ақ жақын туысқандарының сұрауы бойынша орын алуы мүмкін. Сот мұндай сұраудың себебін анықтауы тиіс: ауыр материалдық жағдайы, кішкентай балалар барлығы, сұрапыл апатқа ұшырауы т.б. сияқты. Сотталғанның дәлелдерін сот тексеруі тиіс. Сот орындаушысы өз бетімен үкімді орындауды ұзарта немесе кейінге қалдыра алмайды.

Егер айыппұл көрсетілген мерзімде өз бетімен төленбесе, онда айыппұл түріндегі жазаны орындау азаматтық сот жүргізу тәртібімен, сотталғанға берілген орындау парағы негізінде мәжбүр етіледі.

Айыппұл сотталушының жеке мүлігінен немесе жалпы меншіктегі оның үлесінен өндіріліп алынады.

Сот орындаушысы тиісті өндіріп алынатын айыппұл сомасының мөлшерінде мүліктің тізімін жасайды.

Сотталғанның мүлігі жоқ болса, сондай-ақ мүлігі айыппұлына түгелдей өндіріп алуға жатпаса ғана оның еңбек ақысынан немесе басқа табысынан зейнетақысының немесе стипендиясынан ұстап қалынады.

Егер де төлеу мөлшері сотталғанның айлық еңбек ақысының немесе табысының, зейнетақы немесе стипендиясының 20% аспаса, онда мүлігінен ұстап қалынбайды. Айыппұл төлеу түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны үшін Заңмен жауапкершілік көрсетілген.