Смекни!
smekni.com

Каза стан Республикасыны Конституциялы Ке есіні ы ты м ртебесі (стр. 18 из 22)

2007 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің бұдан бұрынғы жолдауы оқылған күннен бері Конституциялық Кеңес Республика Парламенті депутаттарының және соттарының өтініштері бойынша басқа да, солардың ішінде, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-III Қазақстан Республикасының Заңы қабылдануына байланысты, нормативтік қаулылар қабылдады

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі, Парламент пен оның Палаталарының жаңа өкілеттіктеріне, оларды құру тәртібіне, сондай-ақ жаңа конституциялық талаптарды ескере отырып басқа да бірқатар мәселелерге қатысты конституциялық нормалардың қолданысқа енгізілу тәртібін айқындайтын Конституция ережелерін түсіндіру мақсатында үшінші сайланған Парламент Мәжілісі бір топ депутаттарының Конституциялық Кеңеске жүгінуіне негіз болды.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы» 2007 жылғы 18 маусымдағы № 7 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Парламенттің және оның Палаталарының жаңа конституциялық өкілеттіктері үшінші сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталған сәттен бастап қолданысқа енгізіледі, Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталған кезде де, Республика Президенті оны таратып жіберген жағдайда өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде де осылай істеу мүмкін болады, деп атап көрсетті.

Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Парламентте қарау барысында депутаттарда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою тәртібіне қатысты сұрақтар туындап, соған байланысты бір топ Парламент депутаттары Негізгі Заңның тиісті нормаларын түсіндіруді сұрап Конституциялық Кеңеске жүгінді.

Осы өтініш бойынша қабылданған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағын және 39-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, мүліктің мемлекет меншігіне өтуі қажет болған кезде немесе мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық-маңызды мақсаттарды көздейтін мемлекеттік мүдделерді қанағаттандыру үшін ғана мемлекет мұқтажы үшін күштеп алып қою орын алуы мүмкін деп түсіндірді. Бұл ретте Конституциялық Кеңес, мүлікті күштеп алып қою жағдайларының ерекшелігі, осындай мұқтаждықты қанағаттандырудың өзге тәсілі болмауын көздейді, деп атап көрсетті. Мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың баламалы тәсілі, соның ішінде, құрылыс объектілерін орналастырудың басқа варианттары болған кезде заң мүлікті күштеп алып қою мүмкіндігіне жол бермеуге тиіс. Құрылысы көзделіп отырған объектінің елді мекеннің бас жоспарына енгізілу фактісінің өзі, Конституциялық Кеңестің пікірінше, осыдан келіп туындайтын құқықтық салдармен қоса алғанда, автоматты түрде ерекше жағдай деп таныла алмайды. Конституциялық Кеңестің қаулысынан келіп шығатынындай, елді мекендердің бас жоспарларын орындау, мемлекет мұқтажына орай қажеттігі туындаған объектілер құрылғанда, объектілерді орналастырудың басқа, мүлікті күштеп алып қоюмен байланысты емес варианттары болмағанда және олардың құрылысы тізбесі заңмен белгіленетін ерекшелік белгісіне сай келетін жағдайда ғана мемлекеттің жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті күштеп алып қоюы үшін негіз бола алады.

Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердегі адамдар тобының осы мекемелердің қалыпты қызмет тәртібін тұрақсыздандыру не мекемелер қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі жасау мақсатында дене мүшелерін зақымдағаны үшін қылмыстық жауаптылығы көзделген 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерінің конституциялылығын тексерді.

2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, дене мүшелерін зақымдау пікір (қарсылық) білдірудің нысаны болып табылуы және бас бостандығынан айрылған адамдардың өз құқықтарын қорғауының тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін деп атап көрсетті. Мұндай жағдайларда дене мүшелерін зақымдағаны үшін жауаптылыққа тартуды Негізгі Заңның 20-бабымен кепілдік берілген сөз еркіндігінің құрамдас бөлігі болып табылатын пікірін еркін білдіру құқығын шектеу деп бағалаған жөн. Сондай-ақ, бас бостандығынан айыруға сотталғандарды және қамаудағы өзге де адамдарды ұстау жағдайлары адамдық қадір-қасиет қорлануын болдырмайтын заңнама талаптарына әр кезде де сәйкес келе бермейтінін, ал қамаудағы адамның өзіне өзі зиян келтіріп, өзге адамдарға қатысты күш қолданбайтынын не өзге де заңсыз әрекеттер жасамайтынын ескере отырып, Конституциялық Кеңес оны қарсылық білдірудің соңғы нысаны ретінде қоғамнан оқшауланған адамдардың өз қадір-қасиетін қорғауының тәсілі болуы мүмкін деген ұйғарымға келді.

Осыған байланысты, дене мүшелерін зақымдауға қылмыстық сипат беру арқылы, бас бостандығынан айрылғандардың өз құқықтары мен бостандықтарына деген құқығын қорғау мүмкіншілігін шектеуге, мейлі заңмен болсын, Негізгі Заңның 39-бабы 1-тармағының талаптары бұлжытпай сақталғанда жол беріледі. Бұл, заң шығарушы қылмыстық жауаптылық белгілеген кезде, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және конституциялық анықталған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулер енгізбей, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негіз етіп алуға тиіс екенін білдіреді.

Өтініш нысанына қатысты қолданыста Конституциялық Кеңес, Конституцияның 39-бабы 1-тармағының ережелері, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына жауап берсе, тепе-тең, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін демократиялық мемлекетте қажет болып табылса, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге себеп бола алатынын білдіреді, деп түсіндірді. Бұл ретте, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң мейлінше анық тұжырымдалып, оны көп мағынада түсіндіру мүмкіншілігіне жол бермей отырып, құқық бұзушылық белгілерін де, қорғау мақсатында өзі қабылданған конституциялық мақсаттарды да дәл көрсетуге тиіс.Соның нәтижесінде, Конституциялық Кеңес, қаралып отырған қылмыстық заңның нормалары оның мазмұнын орынсыз кең пайымдауға, демек негізсіз қылмыстық қудалауға жол беретінін, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңмен шектеудің өлшемдеріне, сондай-ақ Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағында баяндалған конституциялық мақсаттарға жауап бермейтінін өзінің қорытынды шешімінде атап көрсетіп, Қылмыстық Кодекстің 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерін конституциялық емес деп таныды.

Қостанай қаласының № 2 сотының өтініші бойынша Конституциялық Кеңес «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкестігі тұрғысында тексерді. 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеудің міндетті сипаты, құжаттарды тіркеуге берудің заңмен белгіленген мерзімін бұзу айыпты тұлғалардың жауаптылығы (әкімшілік жауаптылығы) нысанындағы құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екендігін, бірақ құжаттар қабылдаудан және құқықты тіркеудің өзінен бас тарту үшін негіз болуға тиіс еместігін білдіреді, деп түсіндірді. Конституциялық Кеңестің құқықтық көзқарасынан келіп шығатыны, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін өткізіп алу азаматтардың және заңды тұлғалардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге тиіс, өйткені, соның негізінде мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту салдарынан әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына (Негізгі Заңның 13-бабының 1-тармағы), Қазақстан азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алуына құқықтары, меншікке заңмен кепілдік берілуі (Конституцияның 26-бабының 1 және 2-тармақтары) шектеледі, сондай-ақ салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетін атқаруына кедергі жасалады (Конституцияның 35-бабы). Бұл орайда, Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағына сай Конституцияның 13-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.