Осы баяндалғанды атай отырып, Конституциялық Кеңес, жылжымайтын мүлікті және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға негіз ретінде осындай құжаттарды берудің Заңның 9-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімін өткізіп алуды көздейтін «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 25-бабы 1-тармағы 6) тармақшасының нормасы Негізгі Заңның бірқатар нормаларына сәйкес емес деген ұйғарымға келіп, оны конституциялық емес деп таныды. Сонымен бір мезгілде Республика Үкіметіне, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысында баяндалған құқықтық позицияларға сәйкестендіру мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге бастама жасау туралы мәселені қарау ұсынылды.
Тиісті мемлекеттік органдардың Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын уақтылы орындауы және жыл сайынғы жолдауларын жүзеге асыруы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін бағалаудың маңызды элементі және оны қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады.
Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулысында тұжырымдалған құқықтық көзқарастарды ескере отырып, Парламент 2007 жылғы 6 шілдедегі № 279-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңымен Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қоюдың тәртібін нақтылап, егжейлейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Конституциялық Кеңестің әркімнің білікті заң көмегін алу, соның ішінде тегін алу құқығына берілетін конституциялық кепілдіктерді күшейту, сондай-ақ адвокаттардың құқыққорғаушылық функцияларын арттыру туралы бұдан бұрынғы Жолдауда баяндалған ұсыныстары, Үкіметтің ақпараты бойынша, ол тарапынан Парламент қарауына енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасында ескерілген. Одан тыс, Конституциялық Кеңестің жәбірленушілердің мүліктік құқықтары тиімді түрде жеткілікті қорғалмайды деген көзқарасы ескеріле отырып, аталған заң жобасына, сотталушының аса ауыр қылмыс жасау арқылы келтірген зиянның орнын толтыруға жететіндей мүлігі болмаған жағдайда, жәбірленушіге мемлекет есебінен ақшалай өтемақы алу құқығы берілетіндігі туралы норма енгізілді.
Қазіргі уақытта Үкімет қылмыстық іс жүргізуге қатысушыларға қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулыларына сотқа шағымдану құқығын беру (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысын орындау мақсатында), сондай-ақ айыпталушыға (сотталушыға) алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған кезде ғана емес, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде басты сот талқылауы тағайындалған кезеңге дейін де өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш жасауға мүмкіндік беру бөлігінде (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысын орындау мақсатында) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеуде.
Конституциялық Кеңестің бұдан бұрынғы бірқатар жолдауларындағы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында Үкімет, Конституцияны бұза отырып қазіргі уақытта қызметі заңға тәуелді актілермен реттелетін медициналық айықтырғыштарға, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарына, қабылдау-бөлу орындарына және кейбір өзге де мекемелерге орналастырылған азаматтарды ұстау тәртібін регламенттеуге бағытталған заң жобасын әзірлеуде.
Республика Үкіметінің ақпараты бойынша, Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы үйлесімге келтіру қажет делінген бөлігінде Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 қаулысын орындау мақсатында ол тарапынан шаралар қабылдануда.
Сондай-ақ Үкіметтің 2008 жылғы 16 сәуірдегі № 355 қаулысымен Қолданыстағы құқық жүйесін Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкестендіру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары бекітіліп, онда, атап айтқанда, Әділет министрлігіне нормативтік құқықтық актілер жобаларын және заңжобалық жұмыстар жоспарларын дайындаған кезде мемлекеттік органдардың Конституциялық Кеңестің шешімдерін ескеруі міндетті екендігі туралы ережені бекітетін үкімет қаулысының жобасын дайындау тапсырылды.
Конституциялық Кеңес, өзінің қорытынды шешімдері мен жыл сайынғы жолдауларында айтылатын ұсыныстарын орындау тиімділігі артуына осы мәселенің Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығында және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңесте қаралуы септігін тигізгенін атап көрсетеді.
Дегенмен, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жолдауларындағы заңнама арқылы шара қолдануды қажет ететін кейбір ұсыныстары жүзеге асырылмай отыр.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының кейбір халықаралық шарттарын, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға берудің нормативтік құқықтық базасын құрайтын келісімдерді Негізгі Заңға сәйкестендіру процесі аяқталған жоқ, бұл жөнінде Конституциялық Кеңес жолдауларында бірнеше рет көрсетілген болатын. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынан келіп шығатынындай, Қазақстан және Ресей Федерациясы Үкіметтері арасында 2006 жылғы 3 қазанда Құқық қорғау органдарының «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде өз ара іс-әрекеттесуі туралы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға, ал 2008 жылғы 20 ақпанда – «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. Алайда, «Байқоңыр» кешені аумағында Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарына кепілдік берілуіне қатысты қол жеткізілген уағдаластық әлі күнге дейін екіжақты міндетті ратификациялау рәсімінен өткен жоқ. Ал Конституцияның 4-бабының 1-тармағынан және 74-бабының 2-тармағынан, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы» Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 қаулысынан келіп шығатыны, Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелері Конституцияға қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт немесе оның тиісті ережелері орындалуға жатпайды.
Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабының 2-тармағын және 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы» 1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2 нормативтік қаулысында баянды етілген, мемлекеттік және жеке нысандағы меншікті қорғау және қалпына келтіру үшін мемлекеттің тең мүмкіндік жасауы қажеттігі туралы құқықтық позициясы жүзеге асырылған жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін оларды ұстауға арнап бекітілген смета шегінде шектейтін «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2535 Қазақстан Республикасының Заңы және өзге де кейбір нормативтік құқықтық актілер («Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 наурыздағы № 225 қаулысы) осы құқықтық позицияға сәйкестендірілмеген.