Смекни!
smekni.com

аза стан Республикасыны 2015 жыл а дейiнгi аума ты даму стратегиясы туралы (стр. 6 из 22)

3.2.1. Өсу полюстерiн қалыптастыру

Мiндеттер. Көшбасшы қалалар мен тiрек қалаларды, жаңа кластерлердi дамытуды iлгерiлететiн перспективалы индустриялық-инновациялық өңiрлердi басым дамыту арқылы өңiрлiк және әлемдiк нарықтарға кiрiктiрiлген өсу полюстерiн қалыптастыру.

3.2.1.1. Жалпыұлттық және Орталық Азия деңгейлерiндегi
көшбасшы қалалар мен өңiрлер қалыптастыру

Мiндеттер. Алматы және Астана қалаларының инновациялық дамуға көшуiн қамтамасыз ету, оларды ұлттық және Орталық Азиядағы өзара iс-қимылдың толыққанды орталықтарына: сауда-логистика және көлiк, қаржы және кадр орталықтарына, ақпарат пен технологияларды жеткiзушiлерге айналдыру.
Перспективалы көшбасшы қалаларды (өңiрлердi) қалыптастыру.
Әлемдiк шаруашылықты дамытудың осы заманғы үрдiстерi ұлттық экономикалардың өсу полюстерi дәстүрлi индустриялық өндiрiстер шоғырланған өңiрлер емес, өңiрлiк немесе әлемдiк нарықтардағы ағынды басқаратын аса маңызды орталықтар (мысалы, әлемдiк даму орталықтары: Нью-Йорк, Лондон, Токио, Шанхай, Сингапур қалалары және басқалары) болатынын көрсеттi.
Қазiргi жағдайда Қазақстанда ел дамуының негiзгi осьтерiнiң қиылысында орналасқан және iрі инновациялық әрi басқару орталықтары болып табылатын Астана және Алматы қалалары өзiне елдегi экономикалық белсендiлiктi шоғырландыратын әрi елдiң өңiрлiк және жаһандық нарықтарға кiрiгу аймағы болу мүмкiндiгi бар перспективалы өсу полюстерi болып табылады.
Бұл қалалар капиталдың неғұрлым құнды түрi - адами капиталдың ағынын ынталандыратын сауда-қаржы, инновациялық-бiлiм беру, көлiк-логистика және рекреация орталықтарына - бұрынғы индустриалдық "орта аймақтар" деп аталатындарға, айналуға тиiс.
Республикада жалпыұлттық деңгейдегi көшбасшы басқа қалаларды (өңiрлердi) қалыптастыру перспективалары серпiндi дамушы индустриялық облыстардың орталықтары болып табылатын және кейiннен өзiнiң ғана емес, аралас өңiрлердiң де экономикалық белсендiлiгiн шоғырландыруға мүмкiндiгi бар өңiрлiк және әлемдiк экономикаға кiрiктiрушi ретiндегi тiрек қалалардың әлеуетiн одан әрi дамыту арқылы айқындалатын болады.
Бұл процестер өңiрлердiң өзiн-өзi ұйымдастыруы және iшкi ресурстарды жұмылдыруы негiзiнде дамудың өңiрлiк идеологияларының бәсекелесуi арқылы ынталандырылатын болады.
Болашақтағы перспективада Каспий маңы және Орал өңiрлерiнiң iрi тiрек қалаларының бiрi (Атырау, Ақтау, Ақтөбе) осындай өңiрлiк өзара iс-қимыл орталығы бола алады. Сонымен бiрге, қазiргi жағдайда көрсетiлген қалалардың әрқайсысының рөлi мен маңызы оларды Батыс Қазақстандағы толыққанды көшбасшы ретiнде саралауға мүмкiндiк бермейдi.
Өсу аймағы ретiнде Каспий маңы өңiрi әзiрге мұнай-газ өндiру секторын дамытуды қамтамасыз етудiң ортақ инфрақұрылымымен өзара байланысты, ал кейiннен елдiң батысында сауда-логистика және көлiк-коммуникация торабын кешендi түрде құратын жергiлiктi "өcу нүктелерiнiң" желiлiк кешенi ретiнде қаралатын болады ("Батысқа терезе").

Iс-қимыл стратегиясы

Еуразиялық тауар, қаржы, технология, ғылыми және мәдени алмасулар жүйесiндегi аса маңызды тораптар ретiнде оларды қалыптастыруға назар аудара отырып, Астана қаласын орнықты дамытудың 2030 жылға дейiнгi стратегиялық жоспарын әзiрлеу және Алматы қаласы мен Алматы өңiрiнiң ұстанымдануының ұзақ мерзiмдi тұжырымдамасын әзiрлеу. Оларды жүзеге асырудың бастапқы кезеңдерi ретiнде:
Астана қаласын дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған;
Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк нысаналы бағдарламаларын дайындау және iске асыру.
Көрсетiлген бағдарламалық құжаттарда осы қалалардың жаңа рөлде қалыптасуының аса маңызды шарты ретiнде олардағы жоғары ұйымдастырылған урбанистiк өмiр сүру ортасын және олар қалыптастыратын агломерацияларды дамыту (қамсыздандырушы инфрақұрылымды дамыту және басқалары) жөнiндегi шаралармен қатар, мыналар көзделетiн болады:
1. Алматы және Астана қалалары мен оларға жақын Алматы және Ақмола облыстарының аумақтарында:
жалпыұлттық және перспективада Орталық Азиядағы дистрибуцияның (сауда және қызметтер);
перспективада Орталық Азияда аса iрi сауда-логистика орталықтарын (Сингапур, Гонконг үлгiсiмен), авиатранзит орталықтарын ("хабтарды") қалыптастыра отырып, көлiктiк-логистикалық және логистикалық-процессингiлiк қызметтердiң;
технологиялық трансферттiң: бұқаралық стандарттық технологиялар импорты, iшкi және сыртқы нарықтарға бағдарланған озық шетелдiк компаниялардың процессингiлiк орталықтарын (филиалдар, БК) өрiстету;
инновациялық дамудың (Ақпараттық технологиялар паркi үлгiсiнде);
туристiк-рекреациялық маманданудың - Алматы және Ақмола облыстарына жақын орналасқан аумақтардың рекреациялық ресурстарының iрi шоғырлану базасында, сондай-ақ ойын-сауық индустриясының (мысалы, Қапшағай қаласында, Щучинск - Бурабай аймағында ойын бизнесi орталықтарын құру);
азық-түлiктiк маманданудың (азық-түлiк белдеуi) көп функциялы аймақтарын қалыптастыру.
2. Алматы қаласында халықаралық қаржы орталығын қалыптастыру.
3. Алматы және Астана қалаларында бiлiм беру-инновациялық, бизнес-технологиялық және қолдаушы кешендердi бiрiктiретiн өңiрлiк инновациялық жүйе (ӨИЖ) орталықтарын құру (3.3.3.1-бөлiм).
4. Алматы және Астана қалаларында - ұлттық, ал кейiннен өңiрлiк деңгейдегi медицина және бiлiм беру орталықтарын қалыптастыру.
5. Алматы және Астана қалаларына халықаралық өңiрлiк ұйымдардың, халықаралық қаржы ұйымдарының өңiрлiк кеңселерiнiң, аса iрi трансұлттық компаниялар филиалдарының, әскери туризмнiң көшуiн ынталандыру.
6. Алматы қаласын Спорттың қысқы түрлерiнiң және спорттық туризмнiң халықаралық орталығына айналдыру.
7. Әлемдiк бизнес үшiн қалалардың тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында олардың кәсiпкерлiк ахуалын жақсартудың және беделiн жаңартудың мақсатты саясатын жүргiзу (Дублин қаласының (Ирландия) үлгiсiнде).
Бiлiктi жұмыс күшiнiң болуы, товарлар мен қызмет көрсетулер нарықтарының, тұтынушылардың немесе клиенттердiң жоғары қолжетiмдiлiгi, өңiрдiң және әлемнiң аса iрi қалаларымен дамыған көлiк байланысы мен телекоммуникация, қалалар iшiнде жүрiп-тұрудың жеңiлдiгi, қолайлы кәсiпкерлiк ахуал, өмiр сүрудiң жоғары сапасы және қоршаған ортаның тазалығы, тiлдiк қолжетiмдiлiк Астана және Алматы қалаларында бизнес жүргiзудiң тартымдылығын айқындайтын факторларға айналады.
Астана және Алматы қалаларын дамытуды қолдау экономикалық белсендiлiк пен инвестициялық тартымдылықты ынталандырудың түрлi тетiктерi арқылы, оның iшiнде қамсыздандырушы инфрақұрылымды дамытуға берiлетiн мемлекеттiк инвестициялар есебiнен жүзеге асырылатын болады (3.5.1-бөлiм).
Белгiленген iс-шаралардың көпшiлiгiн iске асыру басқа әкiмшiлiк аумақтық бiрлiктердiң аумақтарын қамтуды көздейдi, бұл бiр жағынан оларды дамыту үшiн түрткi болады, ал екiншi жағынан шараларды iске асыруды үйлестiру (өңiрүстi реттеу), аралас өңiрлерде бiрлескен iс-шаралар жүргiзу (кооперациялық жобалар) қажеттiгiн негiздейдi.
Астана қаласын өсу полюсi ретiнде дамыту перспективада оған Қарағанды агломерациясы мен Щучинск - Бурабай курорттық аймағының қалаларын тарта отырып, желiлiк өсу аймағын қалыптастыруға алмасуға тиiс.