3.3.3. Аумақтық дамуды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету
Мiндеттер. Экономикалық белсендiлiктiң өсуi мен әлемдiк шаруашылық жүйесiне үйлесiмдi кiрiктiрiлген бiрыңғай iшкi экономикалық кеңiстiк құру үшiн жағдайлар жасау.
Халықтың қолайлы тыныс-тiршiлiк ортасын жасау.
Өндiрiстiк, энергетикалық, инженерлiк, көлiктiк, телекоммуникациялық, су шаруашылығы, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымды үйлестiре дамытуды қамтамасыз ету.
Кластерлiк дамуды қамтамасыз ету инфрақұрылымын қалыптастыру. Мемлекеттiк-жеке меншiк серiктестiк тетiктерi арқылы инфрақұрылым объектiлерiн салуға және пайдалануға жеке меншiк капитал тарту.
3.3.3.1. Инновациялық инфрақұрылым
Мiндеттер. Ұлттық инновациялық жүйенiң ҰИЖ) орнықты жұмыс iстеуiн және оны дамытуды қамтамасыз ететiн көп деңгейлi инновациялық инфрақұрылым қалыптастыру, экономика мен экспортқа бағдарланған өндiрiстердiң жаңа жоғары технологиялық секторларын құру.
Инновациялардың ролi мен оларды орнықты генерациялауды қамтамасыз ететiн жүйе бiлiмге негiзделген, қоғамдық әл-ауқаттың iргетасы болуға қабiлеттi бәсекеге қабiлеттi экономика құру үшiн аса маңызды.
Елдi ұстанымдаудың жаңа мiндеттерiн шешу тұрғысында:
адам ресурстарын капиталдандыруға;
қоғамдық капиталдың өнiмдiлiгiн өсiруге;
зияткерлiктi қажетсiнетiн қызмет салаларында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдау қажеттiлiгi туындайды.
Осы мәселелердi шешу мақсатында Қазақстанда:
жоғары оқу орындарынан, ҒЗИ-лардан, ғылыми орталықтардан, бiлiктi жұмыс күшiн даярлауға және жаңа идеялар мен әзiрлемелердi генерациялауға бағдарланған консалтингiлiк және бiлiм беретiн компаниялардан тұратын, өзара iс-қимыл желiсiн танытатын бiлiм беру-инновациялық кешендер мен аймақтарды;
технологиялық парктер мен технологиялық бизнес-инкубаторларды қамтитын, ғылыми идеялар мен әзiрлемелердi коммерцияландыруға және тауарларға материалдандыруға бағдарланған бизнес-технологиялық кешендердi;
инновациялық қызметтi қолдауға бағдарланған және қаржыландыру, маркетинг, жарнама-көрме қызметi, патенттеу-лицензиялау жұмысы мен зияткерлiк меншiктi қорғау мәселелерiмен айналысатын құрылымдарды қамтитын қолдау кешендерiн қамтитын көп деңгейлi инновациялық инфрақұрылым2 қалыптастыру көзделедi.
_________________________________________________________
2Инновациялық инфрақұрылым - инновациялық қызметтi iске асыру үшiн жағдайды қамтамасыз ететiн өзара байланысты өндiрiстiк, консалтингiлiк, білім беру және ақпараттық құрылымдар кешенi.
Инновациялық инфрақұрылым қалыптастырудың мiндеттi шарты жоғарыда аталған кешендердiң бәрiнiң болуы және жиынтығында өңiрлiк инновациялық жүйенi құрайтын олардың бiр-бiрiмен тығыз өзара iс-қимылы болып табылады.
Бiлiм беру-инновациялық, бизнес-технологиялық және қолдау кешендерi бiлiктi адам ресурстарын (оның iшiнде шетелдiк) дамыту және тарту, сондай-ақ технологиялар трансфертiн қамтамасыз ету саясаты жүргiзiлетiн макроөңірлерде жаңа экономика инфрақұрылымын өрiстету мiндетiн шешуге бағытталуға тиiс.
Алдын ала зерттеулер жоғары шоғырланған ғылыми әлеуетi бар аумақтар: Астана және Алматы қалалары, өнеркәсiптiк дамыған өңiрлердiң жекелеген облыc орталықтары өңiрлiк инновациялық жүйелер орталықтарын құру үшiн перспективалық өңiрлер болып табылатындығын көрсеттi. Өңiрлiк инновациялық жүйелер (ӨИЖ) бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкпен ғана шектелiп қалмайды. ӨИЖ-нiң жекелеген кешендерi көршiлес қалалардың, аудандардың және облыстардың аумақтарында болады.
Ұлттық инновациялық жүйе қалыптастыру экономиканың мемлекеттiк және жеке меншiк секторларының күш-жiгерiн бiрiктiру негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
Инновациялық инфрақұрылым қалыптастыру идеологиясы оның қаржы инфрақұрылымымен (венчурлiк инвестициялау, гранттар, инновациялық тәуекелдердi сақтандыру) түйiсу, ақпараттық қамтамасыз ету (виртуалды технопарк) және (уәкiлеттi органдардың инновациялық қызметтi, ғылымды және ғылыми-техникалық қызметтi, сертификаттау мен стандарттауды, техникалық реттеудi дамыту, барлық мүдделi тараптармен аумақтық даму жөнiндегi бiрлескен жұмыс) институционалдық шеңберлер мәселелерiн қамтуға тиiс.
Инновациялық инфрақұрылымның жоғарыда аталған элементтерi толыққанды өңiрлiк кластерлер құру мен осы базада елдi желiлiк кеңiстiкте ұйымдастыруды кеңiнен жаю процесiне ықпал етуге арналған.
Iс-қимыл стратегиясы
Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесiн қалыптастыру және дамыту жөнiндегi 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламаны iске асыру шеңберiнде мынадай шараларды жүзеге асыру көзделедi:
инновациялық инфрақұрылымның қазiргi бар базалық элементтерiн: ғылыми және бiлiм беру мекемелерiн дамытуды қолдау;
перспективалы өңiрлерде және мыналардан тұратын орталықтары бар пилоттық өңiрлiк инновациялық жүйелер (ӨИЖ) құру:
ұзақ мерзiмдi перспективада елдi ұстанымдау тұрғысынан Қазақстан үшiн өзектi тақырыптар бойынша бiлiм беру-инновациялық кешендерi мен аймақтардан: (өнеркәсiптiк әзiрлемелерден, минералдық шикiзатты кешендi пайдалану мен қайта өңдеу технологиясынан; ауыл шаруашылығы саласындағы әзiрлемелерден; химиялық және биологиялық технологиялардан; экология мен баламалы энергия көздерi саласындағы әзiрлемелерден; медициналық әзiрлемелерден; ядролық технологиялардан; ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардан; ғарыштық зерттеулерден; әскери-өнеркәсiптiк технологиялардан; тұрмыста пайдалануға арналған әзiрлемелерден);
бизнес-технологиялық кешендерден: олардың ұлттық немесе өңiрлiк мәртебесiн айқындау өлшемдерiн әзiрлей отырып, технологиялық парктерден, бизнес-инкубаторлардан және өңiрлiк технологиялар трансфертi орталықтарынан;
инновациялық қызметтi қолдау кешендерiнен;
ӨИЖ iшiнде жоғарыда аталған кешендер арасындағы тиiмдi өзара iс-қимылды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар;
оны құруды және дамытуды ынталандыратын шаралар мен тетiктердi пысықтау есебiнен бәсекелi инновациялық бизнес орта құру; құрылған және өзiн оң жағынан танытқан инновациялық инфрақұрылым объектiлерiн басқа өңiрлерде тарату ғылыми-техникалық секторда алынатын өнiмдердi нарықтарға жылжытуды қамтамасыз ететiн тұтас жүйенi қалыптастыра отырып, жетiспейтiн буындар құру және дамыту.
Инновациялық инфрақұрылымды аумақтық ұйымдастыруды:
инновациялық қызметтiң қаржы инфрақұрылымын дамытумен (венчурлiк инвестициялау, мемлекеттiк гранттар, инновациялық тәуекелдердi сақтандыру және т.c.c.);
инновациялық қызметтiң ақпараттық инфрақұрылымын дамытумен ("Виртуалдық технопарк" бiрыңғай ақпараттық жүйесi);
түрлi институттардың инновациялық қызмет саласындағы тиiмдi өзара iс-қимыл жасауымен (инновациялық қызметтi, ғылым мен ғылыми-техникалық қызметтi, сертификаттау мен стандарттауды дамыту өңiрлiк дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органдар, "Ұлттық инновациялық қор" АҚ, "Инжиниринг және технологиялар трансфертi орталығы" АҚ, Үкiмет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, жоғары оқу орындары, ҒЗИ, мүдделi мемлекеттiк органдар, халықаралық ұйымдар және бизнес-серiктестер мен басқалар);
ел өңiрлерiнiң өңiрлiк инновациялық жүйелердiң жекелеген кешендерi мен аймақтарын ұйымдастыру жөнiндегi өздерiнiң бәсекеге қабiлеттi мүмкiндiктерiн (жобаларын) айқындауымен және iске асыруымен өзара байланыстыру мәселелерiн пысықтау.
3.3.3.2. Көлiк-коммуникациялық инфрақұрылым
Мiндеттер. Экономиканың көлiк қызмет көрсетулерiне деген қажеттiлiктерi мен елдi өңiрлiк және әлемдiк экономикалық жүйеге кiрiктiрудi қамтамасыз ететiн толыққанды ұлттық көлiк-коммуникациялық инфрақұрылым қалыптастыру.
Көлiк-коммуникациялық инфрақұрылымның рөлi елдi және оның өңiрлерiн әлемдiк шаруашылық жүйесiнде ұстанымдаудың жаңа мiндеттерiн iске асыру, экономикалық кеңiстiктiң және елдiң халқын таратып орналастыру жүйесiнiң қаңқасын қалыптастыру үшiн аса маңызды.
Көлiк-коммуникациялық жүйенi одан әрi дамыту - елдiң iргелес әлемдiк экономикалық топтармен (Еуропалық Одақ, ТМД, Оңтүстiк-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерi) өзара тиiмдi кiрiгуiн қамтамасыз етуге, ел өңiрлерiнде кластерлер құру мен оларды дамыту жөнiндегi жалпыұлттық жобаларды iске асыруға ықпал етуге және мынадай негiзгi мiндеттердi шешу тұрғысынан қаралуға тиiс:
отандық өндiрушiлер өнiмiнiң сыртқы және iшкi нарықтарға, экономика шығындарының құрылымындағы көлiктiк құрамдас бөлiктi қысқарта отырып, қысқа мерзiмде және орнықты шығуын қамтамасыз ету;
аумақтар мен олардың халқының әлеуметтiк-экономикалық өсу көздерiне қол жеткiзуiне жол ашатын елдiң байланыстылығын, оның iшкi кiрiгуiн қамтамасыз ету;
елдiң және оның өңiрлерiнiң сыртқы нарықтарға кiрiгуiн қамтамасыз ету мәселелелерiн шеше отырып, көлiк әлеуетiн барынша тиiмдi пайдалану;
елдiң маңызды көлiк тораптарын бүкiл Орталық Азия өңiрiне қызмет көрсететiн сауда-логистикалық орталықтарға айналдыру.
Жоғарыда көрсетiлген барлық мiндеттерге сәйкес келетiн инфрақұрылымдық жобалар бiрiншi кезекте iске асырылуға тиiс.
Республиканың көлiк-коммуникациялық кешенiндегi жай-күйдi жүйелi талдау қазiргi бар проблемаларды шешу үшiн оны дамытуды реттеудiң шоғырландырылған жүйесiн әзiрлеу және iске асыру қажет екендiгін көрсеттi, бұл:
қазiргi бар институционалдық және ұйымдастырушылық құрылым шеңберiнде өзара байланыс және келiсiм арқылы шешудi талап ететiн, қаралатын мәселелердiң ведомствоаралық және салааралық сипатына;
экономикалық субъектiлердiң көлiк қызмет көрсетулерiне деген мүдделерiн жан-жақты есепке алу және оны дамытуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру қажеттiлiгiне негiзделген.
Мемлекеттiк реттеудiң тұтас объектiсi ретiнде қаралатын, ұлттық көлiк-коммуникациялық инфрақұрылымның түрлi магистралдық және тораптық элементтерiнiң тұжырымдамалық әрi технологиялық жағынан өзара байланысты жүйе ретiнде оны қалыптастыру мен перспективалық дамытудың жаңа идеологиясын әзiрлеу қажет.
Осы идеологияның мазмұнында көлiк-коммуникациялық кешендi одан әрi дамытудың басымдығы (әсiресе жаңа бағыттарды жоспарлау кезiнде) коммуникациялық дәлiздер мен тораптық сауда-логистикалық орталықтар қалыптастыру (нығайту) болуға тиiс.
Коммуникациялық дәлiз ұғымы онда:
магистралдық темiр жолдың;
автомобиль жолының (кемiнде II техникалық санаттың);
талшықты-оптикалық байланыс желiсiнiң (ТОБЖ);
транзиттiк электр беру желiсiнiң (ЭБЖ);
магистралдық газ және мұнай құбырларының (экономикалық орындылығы кезiнде);
қызмет көрсететiн персоналы жалпы әлеуметтiк инфрақұрылымы бар арнайы құрылатын елдi мекендерге көшiрiлетiн сервис орталықтарының (масштабты үнемдеу) болуын көздейдi.
Коммуникациялық дәлiздердiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастыру мен жүзеге асыру процесiнде көлiк түрлерi арасында технологиялық өзара iс-қимылды қамтамасыз ететiн көлiк тораптары қалыптастырылатын болады, ал жаңа коммуникациялар салу - оларды пайдалануға беру мен одан әрi ұстау жөнiндегi жиынтық шығындарды оңтайландыру мақсатында өзара үйлестiрiледi.
Өңiраралық көлiк ағындарын жүйелендiру және өңiрлердiң экономикалық белсендiлiгiн өсiрудi ынталандыру үшiн көлiк-логистикалық тораптар (КЛТ) құрылатын болады, олар мыналарды қамтиды:
көлiк торабы;
жүктердi өңдеу, оларды шоғырландыру және партияларға бөлу жөнiндегi орталық;
жүктердiң сапасын бағалау жөнiндегi орталық.
КЛТ негiзгi жүк ағындарының қиылысу пункттерiнде орналасуға тиiс.
Iрi көлiк-логистикалық тораптар ұлттық деңгейдегi сауда-логистикалық орталықтарды (СЛО) қалыптастыруға негiз болады.
Қазiргi бар және қалыптастырылатын коммуникациялық дәлiздер ел дамуының стратегиялық ocьтepi шеңберiнде қалыптастырылатын Солтүстiк Қазақстан, Орталық (тiректiк) және Оңтүстiк Қазақстан сауда-экономикалық дәлiздерiнiң негiзгi, инфрақұрылымдық құрамдас бөлiгiн құрауға, елдiң өңiрлiк және жаһандық нарықтарға (транзит әлеуетiн сатуды қоса алғанда) кiрiгуiне де, экономикалық белсендiлiктiң тиiмдi дамитын аймақтарын қалыптастыру базасы ретiнде сауда-логистикалық орталықтардың ел кеңiстiгiнде өрiстету процесiне де жәрдем етуге тиiс.
Сауда-экономикалық дәлiздер шеңберiнде коммуникациялық дәлiздердi қалыптастырудың ұзақ мерзiмдi перспективалары Елдi кеңiстiктiк дамыту және таратып орналастырудың болжамдық схемасында және осыған ұқсас өңiрлiк (өңiраралық) перспективалық схемаларда көрсетiлетiн болады, мұнда оларды дамытумен қатар қамтамасыз етушi инфрақұрылымның басқа да түрлерiн қалыптастыру үйлестiрiледi.
Мемлекеттiк органдардың, көлiк ұйымдарының, тауар өндiрушiлердiң өнiм мен қызмет көрсетулердi өткiзу нарықтарына жылжытудың тиiмдi схемаларын қалыптастырудағы күш-жiгерiн үйлестiру үшiн көлiк-логистикалық кластер құрылатын болады.
Бюджеттiк қаржыландырумен қатар, инфрақұрылымдық жобалардың капиталды көп қажетсiнуiне қарай көлiк және коммуникация саласындағы iрi инвестициялық жобаларды iске асыру нысандарының бiрi мемлекеттiк-жеке меншiк серiктестiк (МЖС) болады. Бұл ретте iске асырылуын мемлекеттiк-жеке меншiк серiктестiк арқылы жүзеге асыру орынды болатын стратегиялық мәнi бар басым инфрақұрылымдық жобалардың тiзбесi анықталатын болады.