Смекни!
smekni.com

аза стан Республикасыны 2015 жыл а дейiнгi аума ты даму стратегиясы туралы (стр. 17 из 22)

Газбен жабдықтау

Мiндеттер. Магистралдық газ құбырларының орналасуын шыға отырып, табиғи газды тасымалдаудың жергiлiктi желiлерiн дамыту есебiнен өңiрлердi газбен қамтамасыз ету, сұйытылған газ өндiру мен оны сенiмдi жеткiзудi өрiстету.

Іс-қимыл стратегиясы

Қазақстанда 2004-2010 жылдарға арналған газ саласын дамыту бағдарламасы шеңберiнде мынадай iс-шараларды iске асыру көзделген:
мұнай кен орындарында газды кәдеге жарату есебiнен оны өңдеу жөнiндегi жаңа қуаттар салу мен қазiргi барларын кеңейту арқылы табиғи және сұйытылған газ өндiрiсi үшiн базаны дамыту жөнiнде шаралар кешенiн жүргiзу;
сұйытылған көмiрсутектi газды тасымалдау үшiн темiр жол цистерналары паркiн кеңейту;
газ саласының барлық субъектiлерi мен жергiлiктi атқарушы органдардың тарапынан экономикалық, ұйымдық және құқықтық жағдайлар жасау негiзiнде табиғи және сұйытылған газ нарығын дамыту;
салу ұйғарылып отырған магистралдық газ құбырлары бойындағы жаңа аумақтарды газдандырудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
Батыс Қазақстанның кен орындарынан Солтүстiк, Орталық және Шығыс Қазақстанға газ тасымалдаудың экономикалық жағынан орынсыздығына байланысты осы өңiрлерге газ жеткiзудiң неғұрлым арзан нұсқасы ретiнде көмiр қойнауқаттарынан шығатын метанды пайдалану технологиясын енгiзу.

Мұнай өнiмдерiмен және көмiрмен қамтамасыз ету

Негiзгi мiндеттер. Қазақстан экономикасының салаларын, оның iшiңде электр энергиясы мен жылу өндiретiн кәсiпорындарды, коммуналдық-тұрмыстық шаруашылықты және халықты отынмен қамтамасыз ету.

Iс-қимыл стратегиясы

Жаңа көлiк-коммуникациялық дәлiздердi дамытуды ескере отырып, көмiр мен мұнай өнiмдерiн өңiраралық жеткiзу схемаларын жетiлдiру.
Мұнай өнiмдерi мен көмiрдiң қажеттi көлемiн сенiмдi жеткiзудi қамтамасыз ету мақсатында - станциялардағы қоймалар мен алаңқайларға, аудан орталықтары мен шалғай аумақтардағы ауылдарға темiржол және автомобиль жолдарының, құбыржолдардың кешендi жүйесiмен өзара байланысқан кiреберiс жолдар салу.
Өндiру немесе негiзгi тұтыну аудандарында шағын қуатты жаңа мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ), аз тонналық мұнай өңдейтiн қондырғылар салу.

3.3.3.4. Су шаруашылығы инфрақұрылымы

Мiндеттер. Су шаруашылығы инфрақұрылымын және оны басқару жүйесiн жетiлдiру есебiнен экономика мен халықтың шаруашылық және ауыз суға қажеттiлiгiн қамтамасыз ету.
Осы салаға мемлекеттік инвестицияларды неғұрлым тиiмдi салу мақсатында су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту аумақтың сумен қамтамасыз етiлу дәрежесi, нақты өңiрлердi кеңiстiктiк дамыту мен олардың тұрғындарын таратып орналастырудың перспективалы схемалары, шаруашылық және ауыз судың баламалы көздерiн пайдалану мүмкiндiктерi ескерiле отырып жүзеге асырылатын болады.
Су шаруашылығы инфрақұрылымын және оны басқару жүйесiн жетiлдiру есебiнен су үнемдеушi технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерiн жаппай енгiзу, су шаруашылығы жүйелерiн суды өлшеу мен суды реттеудiң қазiргi заманғы құралдарымен жарақтандыру жолымен қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану қамтамасыз етiлетiн болады.

Iс-қимыл стратегиясы

Су ресурстарын ұтымды пайдаланудың және қорғаудың (оңалтудың) 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған бағдарламасы шеңберiнде мынадай шараларды көздеу ұйғарылып отыр.
Елдiң барлық су шаруашылығы құрылыстарын толық түгендеу мен паспорттандыру және олардың техникалық жай-күйiн бағалауды жүргiзу негiзiнде:
гидромелиоративтiк жүйелердi қайта жаңғырту;
iрi су тораптарын күрделi жөндеу;
қазiргi бар су қоймалары мен су арналарын тазарту;
ауыз судың баламалы көздерi жоқ өңiрлерде (Солтүстiк Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары) сумен жабдықтаудың топтық жүйелерiн қайта жаңғырту және салу;
Сырдария мен басқа да өзендердiң ағыстарын реттейтiн гидротехникалық құрылыстар салу, бөгеттердi, дамбаларды нығайту;
су жинау құрылыстарын алдын ала жөндеу жөнiндегi iс-шараларды инвестициялау басымдықтары мен кезеңдерiн айқындау.
Жергiлiктi сумен жабдықтау көздерi болған кезде жекелеген тармақтарды (сегменттердi) ағытып тастап және оларды жергiлiктi (жекелеген елдi мекендер үшiн) немесе шағын топтық (жақын орналасқан елдi мекендер үшiн) жүйелермен алмастыра отырып, топтық су құбырлары арқылы су беру схемасын қайта қарау қажет.
Мемлекеттiк және өңiраралық маңызы бар объектiлер болып табылмайтын (мысалы, бiр облыстың аумағы арқылы өтетiн) сумен жабдықтаудың топтық жүйелерiн орталықсыздандыру.
Су ресурстары жөнiндегi уәкiлеттi органның қарамағындағы су шаруашылығы объектiлерiн пайдалану жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың базасында су ресурстары жөнiндегi уәкiлеттi органға ведомстволық бағынысты облыстарда еншiлес кәсiпорындары бар бiртұтас республикалық мемлекеттiк кәсiпорын құру есебiнен су шаруашылығын басқару құрылымын қайта ұйымдастыруды жүргiзу.

3.3.3.5. Әлеуметтiк инфрақұрылым

Мiндеттер. Әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң желiсiн ұтымды дамыту арқылы мемлекет кепiлдiк берген әлеуметтiк қызмет көрсетулердiң жалпыға қолжетiмдiлiгi мен сапасын қамтамасыз ету.
Қазiргi уақытта әлеуметтiк қызмет көрсетулердiң қолжетiмдiлiгi бiлiм беру ұйымдары желiсiнiң мемлекеттiк нормативiмен және ауылдық денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттiк стандартымен ғана реттеледi. Әлеуметтiк қамсыздандыру мен мамандандырылған қызмет көрсетулер секторында - нормативтер әзiрленбеген.
Сонымен қатар ауылдық елдi мекендегi, сондай-ақ аудандық және облыстық жердегi халықтың санынан шыға - отырып, әлеуметтiк инфрақұрылым желiсiне сұранымды айқындайтын көрсетiлген нормативтер сапалы сипаттамаларды (оқушы орындары санының бала санына нормативтерi мен басқаларды) реттемейдi, бұл инфрақұрылымды дамытуға нақты қажеттiлiктi айқындауға кедергi келтiредi.
Осыған байланысты:
халықтың бiлiм беру, денсаулық сақтау және әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiмен қамтамасыз етiлуiнiң ең төмен нормативтерi әзiрленетiн;
бiлiм беру мен денсаулық сақтау ұйымдары желiсiнiң қолданыстағы қажеттiлiк нормативтерi нақтыланатын және әлеуметтiк қамсыздандыру ұйымдары, республикалық және өңiрлiк маңызы бар мамандандырылған мекемелер желiсiнiң нормативтерi әзiрленетiн болады, солардың негiзiнде желiнi одан әрi дамыту қажеттiлiгi айқындалатын болады.
Әлеуметтiк инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде өңiрлiк едәуiр үйлеспеушiлiктi ескере отырып, мiндеттердiң басымдығынан және оларды жылдар бойынша шешу кезеңдiлiгiнен шыға отырып, басым мекемелер желiсiн дамытуға қажеттiлiктi айқындауда мақсатты (неғұрлым өзектi проблемаларды шешу) және нормативтiк тәсiлдердi қолдану әрi, тиiсiнше, құрылысын салу белгiленiп отырған бiрiншi кезектi объектiлердiң тiзбесiн қалыптастыру көзделедi.
Осы тәсiлдер негiзiнде әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне қажеттiлiктi айқындау және тиiстi салалар бойынша басым инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастыру әдiснамасы әзiрленетiн болады.
Бұл ретте мақсатты мiндеттер ретiнде мыналар қабылданатын болады:
елдi мекендерде, аудандарда (қалаларда) қажеттiлiк нормативтерiне сәйкес қажеттi желiлердi, әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн салу;
санитарлық-пайдалану нормаларына жауап бермейтiн ескi және авариялық қорды, оны қайта жаңғырту немесе күрделi жөндеудi жүзеге асыру мүмкiн болмайтын және оны жою (бұзу) қажет болған жағдайда, алмастыру;
әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң жоғары жүктемесiн жою (мысалы, мектептердегi оқытудың 3-4 ауысымдылығы).
Тұтастай алғанда, әлеуметтiк инфрақұрылым желiсiн дамытудың негiзгi принциптерi мыналар болады:
нормативтiк қамтамасыз етуден асып кеткен кезде - артық қуатты қайта бейiндеу мен жоюды қоса алғанда, тиiстi әлеуметтiк саланың желiсiн қайта құрылымдау;
қамтамасыз етiлу жеткiлiксiз болған кезде - қуатқа жетпей тұрған қажеттiлiктi толықтыра алатын неғұрлым аз шығынды мынадай бағыттар нұсқаларын қарастыру:
жоғары жүктемемен жұмыс iстейтiн (көп ауысымды оқыту және басқалар) қазiргi мекемелердi кеңейту, қайта жаңғырту;
ғимараттар мен құрылыстарды оларды әлеуметтiк инфрақұрылым объектiсi етiп қайта бейiндей отырып, сатып алу (беру);
осы шаралар жеткiлiксiз болған кезде - жаңадан салу.
Жаңа объектiлердi салу негiзiнен оларды қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандыруды көздейтiн, нақты табиғи-климаттық жағдайларға бейiмделген қуаты әртүрлi үлгi жобалардың негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
Әлеуметтiк саланың iрi объектiлерiн салуды республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен бiрлесiп қаржыландыру тәртiбi әзiрленетiн болады.
Елдiң барлық өңiрлерiнiң халқына жекелеген жоғары мамандандырылған қызмет көрсетулердiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн мамандандырылған әлеуметтiк қызмет көрсетулер жөнiндегi өңiрлiк орталықтар (зағиптар мен саңырауларға арналған мектеп-интернаттар, мамандандырылған медициналық орталықтар, протездеу-ортопедиялық орталықтар, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттар) құрылатын болады.
Жаңа объектiлердi салу және жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жаңғыртудан басқа басым мiндеттердiң бiрi әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн санитарлық-пайдалану нормаларына және құрылыс нормалары мен ережелерiне (ҚНмЕ) сәйкес келтiру, сондай-ақ жарақтандыру нормативтерiне сәйкес оларды жарақтандыру болады.
Мәдениет объектiлерiнiң инфрақұрылымын дамыту саласында әсiресе ауылдық жерлердегi жұмыс iстемейтiн мәдениет объектiлерiн қалпына келтiру және жергілiктi бюджеттердiң есебiнен жаңаларын салу ұйғарылып отыр. Бұл ретте мәдениет объектiлерiн салуға (қайта жаңғыртуға) қажеттiлiктi айқындау кезiнде нормативтiк тәсiлдi қолдану қажет.