Смекни!
smekni.com

аза стан Республикасыны 2015 жыл а дейiнгi аума ты даму стратегиясы туралы (стр. 3 из 22)

Мүмкiндiктер

Осы заманғы даму үрдiстерi елдiң континентiшiлiк жағдайының "түзелмейтiн" таптаурынды жоққа шығарады.
Қазақстанның және оның одан әрi аумақтық дамуының перспективалары дәстүрлi бәсекелiк артықшылықтарды пайдаланумен қатар, елдiң әлемдегi ұстанымдануының жаңа парадигмасын тұжырымдай отырып, оның географиялық жағдайын барынша пайдалану стратегиясын iске асыруға тiкелей байланысты болуға тиiс.
Қазақстанның экономикалық жаһандану процесiне қосылуы бастапқы кезеңде шикiзат ресурстарын негiзгi жеткiзушiлердiң бiрiнiң функцияларын iске асыра отырып, уақыт өте келе әлемдiк экономикалық кiрiгу процесiнiң белсендi қатысушысына айналуға мүмкiндiк бередi.
Қазақстан Орталық Азия өңiрiндегi тораптық елге, өңiрiшiлiк экономикалық байланыстарды кiрiктiрушiге, капитал мен инвестициялар тартудың, Орталық Азия нарығына бағдарланған өңiрлiк өндiрiстердi немесе аса iрi әлемдiк компаниялардың филиалдарын орналастырудың, халықаралық деңгейдегi қызмет көрсетулердiң орталығына айнала алады.
Перспективада Қазақстан маңызды байланыстырушы буынның, Еуропа, Азия - Тынық мұхиты және Оңтүстiк Азия экономикалық жүйелерiнiң өзара iс-қимылының трансконтиненталдық экономикалық көпiрiнiң функцияларын да орындай алады.
Серпiндi дамып келе жатқан iрi қалалардың базасында тауар, қаржы, технологиялық және мәдени алмасулардың еуразиялық жүйесiнде өзiне елдегi экономикалық белсендiлiктi шоғырландыратын аса маңызды тораптарды қалыптастыру мүмкiндiгi бар.
Трансконтиненталдық және басқа халықаралық магистралдарды одан әрi дамыту iшкi экономикалық кiрiгудi күшейтуге ықпал ете алады, жаңа минералдық-шикiзат ресурстарын игерудi, тасымалданатын жүктердi өңдеу жөнiнде өндiрiстер құруды, көлiк жолдарын салуды және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi қоса алғанда, өңiрлер экономикасының дамуына әсер ете алады.
Құрғақтағы маңызды сыртқы шекара және iргелес мемлекеттермен көлiк-коммуникациялық байланыстың жеткiлiктi дамуы шекара маңындағы өңiрлердiң экономикаларын көршiлес мемлекеттердiң сыйымдылығы жоғары өткiзу нарықтарына бағдарлайды.
Негiзгi халықаралық транзиттiк дәлiздерден шалғай орналасқан шекара маңындағы өңiрлер үшiн көршiлес елдермен сыртқы экономикалық байланысты дамыту олардың негiзгi әлемдiк нарықтардан шалғайлығын өтейтiн болады.
Елдiң шекара маңындағы iрi қалалары мен аумақтарының серпiндi дамуы оларға iргелес елдерден (Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы) ресурстар мен жұмысқа қабiлеттi халықтың көшi-қон ағынын тартуға ықпал етедi, бұл елдiң демографиялық және экономикалық әлеуетiне оң әсерiн тигiзедi.
Серпiндi дамып келе жатқан қалалардың айналасынан мегаполистер мен агломерациялар құру жоғары ұйымдастырылған урбанистiк өмiр сүру аймағын құруға мүмкiндiк бередi.

Қауiптер (Шектеулер)

Мыналар елдiң орнықты аумақтық дамуына кедергi болатын факторларға айналуы мүмкiн:
өңiрлiк және әлемдiк еңбек бөлiнiсiнде елдiң тар, негiзiнен шикiзаттық мамандануының, транзиттiк тәуелдiлiгi мен экономикалық оқшаулануының нығаюы, тиiсiнше - елдiң даму қарқынының тұмшалануы мен экономикалық артта қалуы;
бәсекеге қабiлеттiлiктiң төмендiгiнiң және өнеркәсiптiң дәстүрлi салаларындағы өндiрiстiң тоқтап қалуының салдарынан бiраз аумақтардың индустрияланбауы;
бiрiктiрушi көлiк-коммуникациялық желiнiң дамымауына, өңiрлiк аумақтық-шаруашылық жүйелерi үшiн сыртқы тартылыстың әртүрлi бағыттылығына (көптеген инфрақұрылымдық жобалар транзиттiк экономиканы қамтамасыз етуге анағұрлым бағдарланған және елдiң экономикалық кеңiстіктiк кiрiгуiнiң бiртұтастығын қамтамасыз етпейдi) байланысты елдiң ыдырау ықтималдығы;
кең ауқымды трансеуразиялық сауда-экономикалық және көлiк-коммуникациялық дәлiздердi қалыптастыру бойынша өңiрдiң iргелес мемлекеттерi тарапынан болатын, сондай-ақ елде халықаралық кiрiгудiң өңiрлiк орталық қалаларын қалыптастыру бойынша көршiлес мемлекеттердiң iрi қалалары тарапынан болатын бәсекелестiк;
елдiң шекара маңындағы өңiрлерiнде көршiлес мемлекеттердiң экономикалары үстемдiгiнiң, ауыл тұрғындарының қалаға ағылуының күшеюi және бiраз ауылдық аумақтардың депопуляциясы, демографиялық қысымның және елдiң шекара маңындағы өңiрлерiне көршiлес мемлекеттерден санкцияланбаған көшi-қонының күшеюi;
экологиялық ахуалдың нашарлауы, табиғатқа антропогендiк әсердiң күшеюi салдарынан өмiр сүру ортасының тозуы және соның нәтижесiнде өмiр сүруге және шаруашылық қызметке қолайлы аумақтардың азаюы.

2. Стратегияның мақсаты мен басымдықтары

Мақсаты. Өңiрлiк және әлемдiк экономикада бәсекеге қабiлеттi мамандануды қалыптастыру, экономикалық әлеуеттi және халықты таратып орналастыруды ұтымды кеңiстiктiк ұйымдастыру негiзiнде елдiң орнықты дамуын қамтамасыз ету және халықтың тыныс-тiршiлiгi үшiн қолайлы жағдайлар жасау.

Аумақтық даму Стратегиясының басымдықтары

Елдегi экономикалық белсендiлiктi өзiне шоғырландыратын және елдiң қалған бүкiл аумағы үшiн "локомотив" рөлiн атқаратын "басып оза" өсу аймақтарын (өcу полюстерiн) қалыптастыру.
Орталық Азиядағы сауда-экономикалық және сервистiк-технологиялық орталық ретiнде Қазақстанның экономикалық кеңiстiгiн әлемдiк шаруашылық жүйесiне кiрiктiру.
Ел аумағын ұтымды игерумен үйлестiре отырып, экономика және еңбек ресурстарын экономикалық жағынан перспективалы және тыныс-тiршiлiк үшiн қолайлы аудандарға шоғырландыру.
Кластерлiк даму, өзiн-өзi ұйымдастыру және iшкi ресурстарды жұмылдыру тетiктерiн енгiзу жолымен өңiрлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру.

3. Стратегияны iске асырудың негiзгi бағыттары

Алға қойылған елдi орнықты және серпiндi дамытуды қамтамасыз ету мақсатына қол жеткiзу өңiрлiк және әлемдiк экономикада ел мен оның өңiрлерiнiң бәсекеге қабiлеттiлiкке мамандануын, елдiң экономикалық әлеуетiн және халықты таратып орналастыруды ұтымды кеңiстiктiк ұйымдастыруды қалыптастыру жөнiндегi өзара байланысты мiндеттердi тиiмдi iске асыруға және соның негiзiнде елдiң барлық аумақтарының теңгерiмдi әлеуметтiк-экономикалық дамуының жұмыс iстеуiне байланысты.
Осы Стратегияны iске асыру бағыттары көбiнесе елдiң аумақтық даму аспектiлерiн қамтиды. Сонымен қатар Стратегияда елдiң орта мерзiмдi даму жоспарлары мен мемлекеттiң басқа да бағдарламалық құжаттарында көзделген өзара байланысты шаралар шеңберiнде макроэкономикалық реттеу мен қаржы секторын дамыту, қолайлы iскерлiк және инвестициялық климат құру, өндiрiстiң адами капитал, ғылыми-техникалық әлеует және басқа да бағыттар сияқты факторларын тұтастай дамыту мәселелерi бойынша жалпы үйлестiру жүзеге асырылатын болады.

3.1. Елдiң өңiрлiк және әлемдiк экономикада ұстанымдануы

Мiндеттер. Елдiң өңiрлiк және әлемдiк экономикада ұстанымдануының тиiмдi стратегиясын тұжырымдау және iске асыру негiзiнде елдiң және оның аумақтарының орнықты дамуын қамтамасыз ету.
Әлемдiк экономиканың жаһандануы әрi әлемдiк нарықтардағы өткiр бәсекелiк күрес және iшкi нарықтың аз сыйымдылығының бар екенiн ескергенде, Қазақстан мен оның аумақтарының одан әрi даму перспективалары елдiң әлемдiк нарықтарға шикiзат ресурстарын iрi экспорттаушы және транзиттiк аумақ ретiнде ғана емес, ең алдымен, Орталық Азия өңiрiнде орта және жоғары технологиялы тауарларды жеткiзуге әрi сервистiк (сауда-логистикалық, көлiктiк-ақпараттық, қаржылық, бiлiм беру және басқалары) қызмет көрсетулердiң ауқымды аясын ұсынуға бағдарланған орнықты экономикалық жүйе ретiнде ұстанымдану мүмкiндiгiмен айқындалады.
Өз артықшылықтары мен пайда болып отырған мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, Қазақстан өңiрдiң1 экономикалық көшбасшысына айналуға ұмтылып қана қоймай, оның дамыған индустриялық және сервистiк-технологиялық орталығына айналуға тиiс. Қазақстан өңiрге инвестицияларды, алдыңғы қатарлы технологиялар мен адами ресурстарды тарту орталығына, өңiрiшiлiк экономикалық байланыстың кiрiктiрушiсiне айналуға тиiс.
___________________________________________________________
1"Өңiр" ұғымы бұл жерде Орталық Азия және PФ-нiң Сiбiр өңiрлерiн, батыс Қытай, Закавказьенi қамтиды.