Смекни!
smekni.com

аза стан Республикасыны 2015 жыл а дейiнгi аума ты даму стратегиясы туралы (стр. 1 из 22)

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi аумақтық даму стратегиясы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 тамыздағы N 167 Жарлығы

Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 31, 337-құжат

"Президент пен Үкімет актілерінің
жинағында" толық мәтіні және
республикалық баспасөзде
мазмұны жариялануға тиіс

Елдiң орнықты дамуы және халықтың тыныс-тiршiлiгi үшiн қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi аумақтық даму стратегиясы (бұдан әрi - Стратегия) бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) бiр ай мерзiмде Стратегияны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн;
2) жыл сайын 30 қаңтарға Мемлекет басшысын Стратегияның орындалу барысы туралы хабардар етсiн;
3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2006 жылғы 28 тамыздағы
N 167 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының
2015 жылға дейінгі аумақтық даму
СТРАТЕГИЯСЫ

Астана, 2006 жыл

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауларынан:

"Қазақстан бүгiн Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легiнiң түйiскен тұсында тұр. Бiздiң мiндет - осынау бiрегей геосаяси жағдайымызды өз елiмiз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесi үшiн ұтымды пайдалану."

"Бүгiнгi таңда тұтас алғанда елiмiздегi экономикалық жаңарудың "локомотивi" болуға қабiлеттi дамыған өңiрлiк орталықтардың экономикалық қызметiн жандандыруға, сондай-ақ өңiрлердiң ұтымды экономикалық мамандануын қалыптастыруға бағытталған осы заманғы жаңа аумақтық даму стратегиясы қажет."

Мазмұны

Кiрiспе
1. Ағымдағы ахуалды талдау
2. Стратегияның мақсаты мен басымдықтары
3. Стратегияны iске асырудың негiзгi бағыттары
3.1. Елдiң өңiрлiк және әлемдiк экономикаға ұстанымдануы
3.2. Елдi және таратып орналастыру жүйесiн аумақтық ұйымдастыру перспективалары
3.2.1. Өсу полюстерiн қалыптастыру
3.2.1.1. Жалпыұлттық және Орталық Азия деңгейлерiндегi көшбасшы қалалар мен өңiрлер қалыптастыру
3.2.1.2. Тiрек қалаларды дамыту
3.2.2. Басқа басым аумақтарды дамыту
3.2.2.1. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту
3.2.2.2. Ауылдық аумақтарды дамыту
3.2.2.3. Қолайсыз аумақтардың проблемаларын шешу
3.2.3. Таратып орналастыру жүйесi мен аумақтардың құрылымы
3.3. Аумақтарды экономикалық ұйымдастыру
3.3.1. Аумақтардың ресурстық әлеуетiн ұтымды пайдалану
3.3.2. Еңбектi республикалық, өңiрлiк және халықаралық бөлуде аумақтарды бәсекеге қабiлеттi экономикалық мамандандыру
3.3.3. Аумақтық дамуды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету
3.3.3.1. Инновациялық инфрақұрылым
3.3.3.2. Көлiк-коммуникациялық инфрақұрылым
3.3.3.3. Тiршiлiктi қамтамасыз ететiн инфрақұрылым
3.3.3.4. Су шаруашылығы инфрақұрылымы
3.3.3.5. Әлеуметтiк инфрақұрылым
3.3.3.6. Туристiк-рекреациялық инфрақұрылым
3.4. Аумақтардың экологиялық жай-күйiн жақсарту
3.5. Аумақтық дамуды институционалдық қамтамасыз ету
3.5.1. Аумақтық дамуды жоспарлау жүйесiн жетiлдiру
3.5.2. Инфрақұрылымды дамытуды реттеу тетiктерiн жетiлдiру
3.5.3. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын жетiлдiру
4. Күтiлетiн нәтижелер

Кiрiспе

Тәуелсiздiк алғанға дейiн Қазақстанның аумақтық дамуы бұрынғы KCP0-ның бiртұтас халық шаруашылығы кешенiнiң шеңберiнде айқындалды және орталықтандырылған директивтi жоспарлау негiзiнде жүзеге асырылды.
Нарықтық экономиканың жұмыс iстеу жағдайында экономикалық әлеуеттi дамыту мен орналастыру және халықты таратып орналастыру мәселелерi негiзiнен нарықтық тетiктер арқылы айқындалады.
Сонымен қатар, мемлекет елдiң орнықты экономикалық дамуы, халықтың қолайлы тыныс-тiршiлiгi және бар ресурстық әлеуеттi ұтымды пайдалану үшiн жүйелi жағдайды қамтамасыз етуге тиiс.
Тиiсiнше мемлекеттiң аумақтық даму процестерiн реттеудегi мiндеттерi өзгеруге тиiс.
Қазiргi кезеңде мемлекет мiндеттерi экономика мен еңбек ресурстарын экономикалық тұрғыдан перспективалы аудандарға және тыныс-тiршiлiк үшiн қолайлы табиғи-климаттық аймақтарға шоғырландыруды ынталандыруға, нарық субъектiлерiнiң экономикалық белсендiлiгiн өсiру үшiн жағдайлар жасауға және әлемдiк шаруашылық жүйесiне үйлесiмдi кiрiктiрiлген бiртұтас iшкi экономикалық кеңiстiктi қалыптастыруға келiп тiреледi.
Жоғарыда көрсетiлген мiндеттердi iске асыру елдi дамытудың геоэкономикалық және геосаяси факторларын ескеруге тиiс. Жаһандану мен халықаралық бәсекелестiктiң күшеюi елдiң әлемдiк нарықтарға ұстанымдануының тиiмдi стратегиясын тұжырымдауды талап етедi.
Өңiрлер мен iрi қалалар бәсекелiк стратегияны тұжырымдаумен, еңбек бөлiнiсiнiң ұлттық қана емес, өңiрлiк және әлемдiк жүйесiнен де орын iздеумен айналысуға тиiс.
Осы Стратегия, экономикалық кеңiстiктiк және халықты таратып орналастыруды қалыптастыруды, кластерлердi қалыптастырумен өзара байланыстыра отырып аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз етудi қоса алғанда, елдiң аумақтық дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайды және тиiстi мемлекеттiк, салалық және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеудiң немесе түзетудiң негiзi болып қызмет атқаратын болады.
Бұдан басқа, бұл құжат республикалық, өңiраралық және облыстық маңызы бар өндiрiстiк, энергетикалық, инженерлiк, көлiк-коммуникациялық және әлеуметтiк инфрақұрылымдарды үйлестiре дамытуға бағытталған мемлекеттiк инвестициялардың (ұлттық компаниялардың қаражатын қоса алғанда) негiзгi басымдықтарын айқындауға мүмкiндiк бередi.
Стратегияда белгiленген iс-қимыл өздерiнiң ағымдағы жоспарлары мен ұзақ мерзiмдi даму стратегияларын әзiрлеу мен iске асыру кезiнде кәсiпкерлiк сектор, оның iшiнде сыртқы инвесторлар үшiн бағдар болуға тиiс.

1. Ағымдағы ахуалды талдау

Негiзiнен кеңестiк кезеңнiң өзiнде қалыптасқан елдiң экономикалық әлеуетiн орналастыру экономика құрылымының бұзылуы, iшкi экономикалық кеңiстiктiң сақталып отырған ыдырауы салдарынан оны дербес экономикалық жүйе ретiнде дамыту орнықтылығының қазiргi заманғы қажеттi талаптарына жауап бермейдi.
Қазақстанның әлемдiк шаруашылық жүйесiне белсендi кiруi Қазақстанның әлемдiк және өңiрлiк еңбек бөлiнiсiнде тар мамандануымен, негiзгi әлемдiк тауар нарықтарынан алыстығымен тежелiп отыр, бұл тұтастай елдiң де, және оның жекелеген өңiрлерiнiң де сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ететiн көлiк-коммуникациялық инфрақұрылымның дамымауымен тереңдей түседi.
Экономиканы нарық жағдайында дамыту елдiң жекелеген аумақтық-шаруашылық жүйелерiнiң бәсекелiк артықшылықтарын да, сол сияқты нарыққа бейiмделудiң әрқилы мүмкiндiктерiне байланысты олардың кемшiлiктерiн де анықтап бердi. Бұл жекелеген өңiрлерде өндiрiстiң бiршама құлдырауына және тоқтап қалуына, күйзелiске ұшыраған аудандар мен елдi мекендердiң пайда болуына алып келдi. Нәтижесiнде өңiрлiк теңсiздiктер тереңдедi және табиғи көшi-қон ағымына қарамастан, ел халқының бiр бөлiгi қазiргi уақытта экономикалық перспективалы емес аумақтарда тұрады.
Бұрын қалыптасқан таратып орналастыру жүйесi өз тиiмдiлiгiн жоғалтты және қазiргi уақытта қалыптасып жатқан елдi кеңiстiктi экономикалық ұйымдастыруға сәйкес келмейдi. Бұрын минералдық-шикiзат кен орындарының базасында салынған жекелеген шағын қалалар, кенттер, сондай-ақ қалыпты өмiр сүру үшiн жарамсыз аумақтардағы және даму орталықтарынан шалғайдағы ауылдар перспективасыз болып қалды.
60 шағын қаланың 10-ы күйзелiске ұшырағандар санатына жатқызылды. Әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi бойынша 7512 ауылдық елдi мекеннiң (АЕМ) 1204-iнiң (халық саны 1,8 млн. адам) жоғары, 5625 АЕМ-нiң (5,2 млн. адам) - орташа, 595 АЕМ-нiң (189,9 млн. адам) төмен даму әлеуетi бар және 88 АЕМ-нiң тұрғындары жоқ.
Аумақтық дамуды басқару жүйесi орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың өзара келiсiлген iс-қимылын қамтамасыз етпейдi. Аумақтық жоспарлау мәселелерiн әртүрлi ведомстволар реттейдi және тұтастай алғанда орталық деңгейде тиiмсiз үйлестiрiледi.
Елдi кеңiстiктiк ұйымдастырудың өңiрлiк жобалаумен, аса маңызды табиғи ресурстарды пайдаланудың және инфрақұрылымның салалық схемаларымен өзара байланыстырылған моделi қалыптаспаған.
Аралас әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң (облыстардың, аудандардың, қалалар мен ауылдардың) мүдделерiн, трансөңiрлiк процестердi үйлестiру құралдары (тетiктерi) жоқ.
Қазiргi уақытта елдiң аумақтық дамуындағы ахуалды былай сипаттауға болады.